Қоғамдық көлік қызметі сапасы субсидияға байланысты

Әзірге жолақы тарифі қымбаттамайды. 

Қоғамдық көлік қызметі сапасы субсидияға байланысты

Елімізде 409 автопарк бар. Оның тек 9-ы мемлекеттің қатысуымен жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ал 100%-ы мемлекеттің иелігіндегі 5 мекеме Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қызылора мен Ақтөбе қалаларында орналасқан. Мәселен, елдегі ең ірі мегаполистердің бірі Алматыда 19 жеке компания және 1 ғана коммуналдық тасымалдаушы қызмет етеді. Бұл көлік санына шаққанда да мардымсыз. Яғни, республика бойынша тұрақты маршруттарда 12 мыңға жуық автобус жұмыс істесе, оның 9 мыңы жеке компанияларға тиесілі. Ал 3 мыңға жуығы мемлекеттің иелігінде.

Бұған қоса қоғамдық көліктердің 40%-ы 7 жылдан астам уақыт жолаушы тасымалдап, ескірген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин салада мемлекеттік қатысуы бар маршруттар аз болса да, жолаушылардың 40%-ы соларды пайдаланатынын айтады. Оның басты себебі – баға саясаты. 

"2020 жылы автобус парктері 8,4 млрд рет адам тасымалдады. Қазақстандықтар орта есеппен 440 рет автобус маршруттарымен жүріп өтті. Аймақтар бойынша қарайтын болсақ, Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көлік қатынасында мемлекеттің үлесі 86%, Шымкентте 44%, Ақтөбеде 50%. Яғни, халық коммуналдық қоғамдық көлік қызметіне көбірек жүгінеді. Бұл маршруттарды әлеуметтік маңызы бар деп атауға болады. Себебі жолаушылардың көбі қоғамдық көлік қызметін өзіндік құнынан төмен бағамен пайдаланады", – дейді Серік Жұманғарин.

Спикердің айтуынша Қазақстан мен посткеңестік елдерде қоғамдық көлік қызметіне байланысты теріс тенденция қалыптасқан. Осы орайда агенттік төрағасы дамыған елдер тәжірибесіне сүйеніп, субсидиядан бас тарту мәселесін қарастыруды ұсынды. 

"Иә, Қазақстан мен посткеңестік мемлекеттерде қоғамдық көлікпен "жолы болмаған адамдар", жеке көлік сатып алуға ақшасы жоқ адамдар жүреді деген жансақ түсінік қалыптасқан. Ал дамыған елдерде жағдай басқаша. Онда жеке көлікке қарағанда велосипед пен қоғамдық көлік, коммуналдық шаруашылық техникаларына басымдық берілген. Ал қала сыртынан қатынайтындар жеке көліктерін шаһарға таяу маңда қалдырып, қоғамдық көлікке ауысады. Былайша айтқанда автобус пен рельстік көліктер қатынауға ең ыңғайлы. Сондықтан бұл бағытта біз субсидиялауды алып тастауды ұсынамыз. Себебі жолаушылардың басым бөлігі ешқандай субсидиясыз жолақының толық сомасын төлеуге қауқарлы", – дейді Серік Жұманғарин.

Субсидияны жергілікті атқарушы орган бөледі. Егер ол болмаса жолаушылар жолақыны толық төлеуге тиіс. Алайда жолақыдан түскен қаржы автопарктерге толық жете ме? "Көлеңкелі" ақша айналымын тоқтатуға бола ма? Мұның өзі үлкен мәселе.  

"Рас, сапа төмендеп, қоғамдық көліктер ескіреді, техникалық қызмет көрсету ережелері бұзылады, жолда апаттық жағдайлардың саны артады. Сондықтан субсидиядан бас тартып, "көлеңкелі" ақша айналамын реттеуді ұсынамыз. 2025 жылға дейін бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада мемлекет қатысатын барлық автобус парктері жекешелендіріледі деп жоспарлап отырмыз. Тиісінше, мемлекеттік және квазимемлекеттік парктерге арналған қызмет түрі болмайды. Әрине, бұл бәсекелестікті дамыту дәрежесін ескере отырып жасалады. Бәсекелестік әлі дамымаған аудандық немесе ауылдық деңгейде әзірге өзгеріс енгізілмеуі мүмкін",, – дейді Серік Жұманғарин.

Ал "Қазақстан автокөлікшілер одағының" жетекшісі Сәбит Аманбаев субсидиядан бас тартуға әлі ерте деп есептейді. Оның айтуынша бұл бірінші кезекте тасымалдаушы мен мемлекетке емес, халыққа ыңғайсыздық тудырады. 

"Мемлекет тарапынан субсидияның болмауы халық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Себебі көлік қозғалысы профилактикасы жоқ, соның салдарынан бізде жолдағы өлім-жітім статистикасы жоғары. Сондай-ақ, автобус маршруттары кестеге сәйкес қатынамайды. Өйткені жүргізушілер жетіспейді. Олардың тапшылығы жалақының төмендігіне байланысты. Тіпті жүргізушілерге еңбекақылары уақыты төленбейді. Сол үшін саланы субсидиялау мәселесін Үкімет басты назарда ұстап отыр. Қазір бұл қоғамдық көлік саласындағы олқылықтарды шешудің жалғыз жолы", – дейді "Қазақстан автокөлікшілер одағының" жетекшісі.

Бұл ретте Сәбит Аманбаев республика бойынша жолақы тарифін қымбаттату жөнінде мәлеме көтерілмегенін айтады. 

"Жолақы тарифін жергілікті атқарушы орган белгілейді. Оны тасымалдаушы қалауынша қымбаттата алмайды. Ол тарифтер әлеуметтік осал топтағы адамдар үшін қолжетімді болуы шарт. Демек әзірге тарифтер қымбаттамайды", – дейді одақ басшысы. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу