Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Жарқынбек Амантайұлы заң жобасы бойынша жүргізілген жұмыс туралы баяндап берді.
"Құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың қайтыс болған қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасы мүшелері 2022 жылғы қаңтардан бастап біржолғы жәрдемақы төлемдеріне қосымша ретінде ай сайынғы төлемдер алуға құқығы бар (жесірлері – өмір бойы, балалары – 23 жасқа толғанға дейін). Алайда бұл санатқа 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайтыс болған қызметкерлердің отбасы мүшелері енбей қалған", - деп түсіндірді ол.
Сөзінше, бұл олқылықты жою мақсатында осынормаға кері күш беру туралы түзету енгізілді. Бүгінде 1991 жылғы 16 желтоқсан мен 2021 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде қайтыс болған қызметкерлердің 530 отбасысы осындай ай сайынғы төлемдерді алмай келген.
"Қазақстанда техникалық сора (канабис) саласында өндірісті дамытуға отандық және шетелдік инвесторларды тарту және ел экономикасын дамыту мақсатында өсіруге рұқсат етілген сора өсімдіктері сорттарын, өсіруге рұқсат етілген сора (канабис) өсімдігіндегі тетрагидроканнабинолдың құрамынанықтау, сондай-ақ сора (канабис) өсімдіктерінің сорттарын өнеркәсіптік қайта өңдеу жөніндегі мәселелерді реттеу ұсынылады", - деді мәжілісмен.
Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде кейбір адамдарды дактилоскопиялық тіркеуден өтуден босатуға қатысты түзетулер:
1) шет мемлекеттердің, үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген басшылары және олардың отбасы мүшелері;
2) шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың дипломаттық мәртебеге теңестірілген мүшелері және олардың отбасы мүшелері – дипломаттық паспорттардың иелері, сондай-ақ ресми шетелдік делегациялардың мүшелері және олармен бірге жүретін адамдар – дипломаттық паспорттардың иелері;
3) Қазақстан Республикасының құрметті консулдары және олардың отбасы мүшелері;
4) Қазақстан Республикасына қызметтік істер бойынша жіберілетін, дипломаттық агенттерге теңестірілген мәртебесі бар дипломаттық паспорттардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері;
5) дипломатиялық поштаны тасымалдайтын дипломаттық курьерлер – курьерлік парағы болған кезде дипломаттық паспорттардың иелері.
"Ресми шетелдік делегацияларды дактилоскопиялық тіркеуден босату қысқа мерзімді сапарларды жеңілдетеді және ортақ міндеттерді шешуге әрі бірлескен мақсаттарға қол жеткізуге басты назар аударуға мүмкіндік береді. Дактилоскопиялық тіркеуден босатылғанына қарамастан, визаларды тексеру және ресімдеу рәсімдері әлі де міндетті болып қала береді, бұл шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағына кіруі мен келуін бақылаудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда бет жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынады", - деп атап өтті Жарқынбек Амантайұлы.