Қой баққаннан, бөдене өсіргеннің табысы көл-көсір болғалы тұр

Бек Темір Бек Темір
7089

Ақсулық кәсіпкер жыл соңына дейін бөдененің етімен қатар 700 мың данадан астам жұмыртқасын нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Қой баққаннан, бөдене өсіргеннің табысы көл-көсір болғалы тұр Фото: tengrinews.kz

Егер Павлодар облысында 700 мыңнан астам халық барын ескерсек, бұл әр тұрғын бір жылда екі бөдене жұмыртқасын тұтынады деген сөз. Осыдан-ақ нарықтағы жағдайды бажайлауға болар. Бұлайша таразылай отырып жағдайды жақсы жағына қарай өзгерту жақтарын қараған абзал болар. Алайда жақын уақытта жағдай оң тұрғыдан өзгермес. Себебі бүгінгі күні облыста жалғыз ғана ірі асыл тұқымды бөдене кешені бар.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Айдос Жақыповтың сөзіне қарағанда, ақсулық "Рей-Агро" ауыл шаруашылығы кооперативі асыл тұқымды бөдене өсіру жұмысын әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Жақында облыстық мекемеге мемлекет тарапынан субсидия алуға өтініш берген. Ағымдағы жылдың екінші жартысында 1,4 млн теңге көлемінде қарыз алып, шаруашылығының керегесін кеңейтпек. Өткен айда 20 мыңдай бөдене жұмыртқасын жинаған ол, биылғы жылдың желтоқсанында бір айлық көрсеткішті 120 мың данаға жеткізбек ойда. Аталмыш кооперативтің басшысы Александр Рей "ақша болса бәрі болады" дейді. Ол субсидиямен қатар "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының" облыстық филиалынан 100 млн теңгеден астам қаржы алуды да жоспарлауда. Қолға ақша тимесе де көңіл толарлықтай болжамдар мен жоспарлар құруға ешкім кедергі бола алмас. Тек шаруа басшылығы "арық сөйлеп, семіз шығуға" бекініпті. Сондықтан да әзірге бәрін уақыттың еншісіне қалдыруға тура келіп тұр.

Александр Рей алты жылдың ішінде шаруашылықта бөдене саны 5 мыңнан асқанын айтады. Торда өсіру әдісімен дөңгелетіп отырған кешен жұмысы жемісті болуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Солтүстіктің түкірігің жерге мұз боп түсетін қытымыр қысында бөденелер бүрісіп қалмас үшін жылу желілері сақадай сай болуы шарт. Олар үшін микроклиматтық жағдай жасалуы керек. Сонымен қатар жем-шөп мәселесі де маңызды. Себебі соңғы уақытта оның да бағасы аспандап шыға келген. Бұл өз кезегінде бөдене өнімінің бағасына баға қосары хақ. Қуанарлығы, шаруашылық қажетті жем-шөптің кейбір түрін өздері дайындайды.

Шаруашылық басшысы қолда бар бөдененің жұмыртқасы ірілеу, өзі етті, төзімді келетін "Фараон" тұқымын өсіретіндерін айтады. Қазіргі күні нарықта бөдене жұмыртқасы мен етіне деген сұраныс өте жоғары, тіпті тапшы деуге болады. Сондықтан да мемлекеттен алатын қаржылай көмекті уақытында қайтарып береміз деген сенім зор. Бұл бұйыртса жақын күндері бөдененің сорпасын ішеміз деген сөз.

Жалпы, бөдененің жұмыртқасы өте құнарлы азық болып табылады. Оның жұмыртқасы тауықтың жұмыртқасынан бес есе кішкентай болса да, құнарлығы жағынан тауық тұқымдас құстардың ешқайсысының "тұқымы" тең келмейді. Диеталық етіне Еуропаның сілекейі шұбырса, Азияның медицинасы үшін таптырмас шикізат. Жалпы қазір қой баққандардан, бөдене өсіргендердің өнімі көл-көсір болғалы тұр. Әрине, жалпақ жұрттың аңсары ауып, көңілі жығылатындай етіп жарнамасын жасауға тұрарлық кәсіп. Тек аймақта аталмыш шаруашылықпен айналысатындар аз. Сондықтан бұйыртса ғана бөдене еті мен жұмыртқасына қарқ боламыз.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу