Көкнәр өсірушілер заңды бизнеске көшті

8219

"Даиш" ауған фермерлеріне де маза бермейді.

Көкнәр өсірушілер заңды бизнеске көшті

Ауғанстанның шығысында бұрын көкнәр өскен алқаптарда раушан гүлдер қауыз жарып жатыр. Нангахар провинциясы бұл шаруашылыққа алғашқылардың бірі болып көшті. Оның фермерлері әскери жанжалдарға қаржылай демеу болып келе жатқан мак өсімдігіне жұпар иісті әрі өміршең балама тапқандай.

Жергілікті әкімшіліктің мәліметіне қарағанда, Пәкістанмен шекаралас провинцияда  800-ден астам шаруа "Нангахар раушан гүлдері" деген жобаға қосылып, одан нәпақасын айырып отыр. 2007 жылы Ауғанстан мен Германия бірлесіп қолға алған бұл бастаманың мақсаты – көкнәр өсірушілерді қаржылай жағынан пайдалы және заңды бизнеске тарту.

Алғашқы жылдары көкнәрдан бас тартқан фермерлерге әтіргүлдің тұқымы, арнайы құрал-жабдықтар мен кәсіпті әрі қарай жүргізуге қаржы бөлінген. Соның нәтижесінде дихандардың кейбірі бір маусымда 1200 келідей гүл қауызын жинайтын деңгейге жетті.

Апиын – Ауғанстандағы ең үлкен бизнестің бірі. Ал Нангахар көкнәр өсіруден алтыншы орында тұр. Ресми Кабулдың мәліметінше, былтыр бұл мемлекетте апиын өндірісі 87%-ға өсіп, 9 мың тоннаға жеткен екен.

Фермерлердің сөзінше, гүлден түсетін табыс отбасын асырауға жеткілікті және бұл шаруашылықтың ауыртпашылығы мен шығыны аз.

Раушан гүлдер маусымы мамыр айында аяқталады. Содан кейін фермерлер көкөніс  егуге кіріседі. Шаруалар кешке жұмысқа кірісіп, таң сәріде, күн ысымай тұрғанда үйлеріне оралады.  Фермерлер гүл қауыздарын тезірек қапқа салып, жинап әкетуге тырысады. Өйткені айналада жасырын жатқан қауіп көп.

Раушан гүл егу күнә емес
"Даиш" қарулы тобы Ауғанстанда 2014 жылдың соңына қарай бой көрсетіп, Нангахарды тез арада өздерінің бастионына айналдырып алды. "Сондықтан, мұнда экстремистік ұйымның содырлары аз емес", – дейді жергілікті тұрғындар "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында. Олардың сөзінше, Нангахарда "Талибан" қозғалысының мүшелері де көп. Соғыс жүріп жатқан аймақ болғандықтан, әтіргүл өсетін алқаптарға баратын жолдардың бойына да бомбалар мен миналар қойылған.

Дара-е-Нур ауданында жұмыс істеп жатқан "Ауған Раушан гүлдері" ЖШС өкілі Хан Ағаның сөзінше,  көкнәрмен салыстырғанда, раушан өсіру тыңайтқышты, көп күтімді қажет етпейді. Мұндай кәсіп ислам дінінің канондарына да қайшы емес. Сонымен қатар көкнәрді жыл сайын егу қажет болса, раушан гүл бір мәрте отырғызылғаннан кейін 30-50 жыл бойы қайта-қайта өсе береді.

"Бізде фермерлермен жасалған келісім шарт бар. Оларға көкнәрдің немесе есірткінің өзге түрлерін өсірудің орнына көкнәр егу туралы талап қойылады", – дейді Хан Аға.

Гүлбаптаушылар негізінен Дамаск раушанын өсіріп жатыр. Оларға мұны немістер Болгариядан әкеліп берген. Дегенмен "Ауған Раушан гүлдері" компаниясының иесі Мохаммад Акбар Мохмандтың айтуынша, Еуропадан жетсе де, бұл өсімдік Ауғанстан топырағына бейім болып шықты. Гүлдердің  қауыздары провинция астанасы Жалалабадта тазартылады. Ал алты тонна раушаннан бір литр эфир майы алынады екен. Гүл жинау науқаны кезінде бір компанияның өзі 120 адамды жұмысқа тартуы мүмкін. Өйткені қауызынан тез тазартпаса, раушан гүлдер солып, сапасын жоғалтады.

Соғыса бергенше, парфюм жаса

"Нангахар раушан гүлдері" жобасы басталысымен  кейбір фермерлер гүл өсіріп, олардан орта таптағы ауғандықтар мен шетелдіктерге арналған иіс су жасай бастаған.

"Мұндай парфюм бутигі қазір Кабулде жұмыс істеп тұр", – дейді АҚШ-та тәжірибеден өткен жергілікті кәсіпкер Абдулла Орзала.

Оның раушан өсіретін 100 гектар жері бар. Бұрынғы инженер сол аумақты келесі жылы қауіп сейілсе, үш есеге кеңейтуден үмітті. Бірақ Орзала тәрізді өзге фермерлер үнемі төніп тұратын қатерге, зорлық-зомбылыққа алаңдап жүреді. 2016 жылы осы провинцияның Ачин ауданында да "Даиштың" содырлары пайда болғанда, гүл өсіріп  жүрген 50 шақты фермер құрал-жабдықтарын жинап алып, әтіргүл алқабынан кетіп қалған.

"Тәліптермен жұмыс істеуге болатын шығар. Бірақ "Даишпен" мүмкін емес", – дейді сол еңбеккерлердің бірі.

Осы істің бас-қасында жүргендердің айтуынша, раушан гүлдің майы еуропалық компанияларға сатылады. Сол кәсіпорындардың бірі – немістің Hauschka деген әйгілі фирмасы. Орзала болса, өз өнімін "Соғыса бергенше, парфюм жасайық" деген ұранмен Гаитиден, Таяу Шығыстан, Руандадан әтіргүл майын сатып алып жүрген канадалық "The 7 Virtues" компаниясына экспорттап жүр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу