Көкөніс пен ет бағасы қымбаттай түсті

Қазақстандағы үш айдағы инфляция 1,8% болған.

Көкөніс пен ет бағасы қымбаттай түсті

2018 жылдың қаңтар-наурызында Қазақстан Республикасында инфляция 1,8%-ды құрады. Ұлттық экономика министрлігі статистикалық комитетінің мәліметі бойынша, азық-түлік тауарларының бағасы ағымдағы жылдың үш айында – 2,2%, азық-түлік емес тауарлар бағасы – 1,3%, ақылы қызметтер бағасы 1,7%-ға өскен.

Осы жылдың басынан жаңа жиналған көкөністер бағасы – 14,3%, картоп– 6,9%, балғын жемістер – 6,8%, консервіленген сүт– 3,5%, мәйекті ірімшік – 2,9%, қышқыл сүт өнімдері – 2,8%-ға, жаңа сауылған сүт, кофе – 2,5%, сары май – 2,4%, сүзбе – 2,1%-ға, жылқы еті, ет өнімдері – 1,9%-ға, сиыр еті– 1,7%, шұжықтар – 1,5%, шошқа еті – 1,4%, салқындатылған сусындар – 1,2%, жеміс және көкөніс шырындары 1,1%-ға өскені белгілі болды.

Бұл ретте, қарақұмық жармасының бағасы – 12,6%, жұмыртқа – 1,1%-ға, күріш, қара шай – 1%-ға, құс еті 0,8%-ға төмендегені тіркелген.

Баға өсімі автомобильдерде – 1,9%, фармацевтикалық өнімдерде – 1,8%, жеке басқа арналған тауарларда – 1,7%, тұрмыстық аспаптарда – 1,6%, шыны және қыштан жасалған өнімдерде – 1,4%, тоқыма бұйымдарында – 1,3%, жуғыш және тазалағыш құралдарда – 1,2%, жиһаз және үйге қажетті заттарда – 1,1%-ға, киім және аяқ киімге, кітаптарда 1%-ды құрады. Бензин – 2,2%, баллондағы сұйытылған газ – 1,7%, дизель отыны – 1,3%, тас көмір 0,5%-ға қымбаттады.

Құқықтық қызметтер, көлiк құралдарын сақтандырудағы баға деңгейі – 6%-ға, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтері – 3,2%, денсаулық сақтау – 2,6%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары – 2,4%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері 1%-ға өскен.

Жолаушылардың темір жол көлігімен, ішкі қалалық автобуспен жол жүру ақысы 3,1%-ға, қалааралық 2,6%-ға қымбаттады, ал әуе көлігімен жүру 8,5%-ға арзандады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер орталықтан жылытуға, ыстық суға – 3,5%, электрэнергиясына – 3,4%, қоқыс шығаруға – 3%, тұрғын үйді күтіп ұстауға – 2,2%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға – 1,9%, суық суға – 0,9%, кәрізге 0,8%-ға жоғарылады.

Еске салар болсақ, 2018 жылға жоспарланған инфляциялық шама 5-7%.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция 7,1% болды.

Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу