Биыл ресми дереккөздер қымбатшылық қарқынын былтырғыдан баяу деп мәлімдеп, 8,4-8,6 пайыз деңгейінде көрсетіп отыр.
Таяуда Үкімет "2026 жылы да инфляция 10 пайыздан аспайтынын" жария етті. Бірақ кей тұста жағдайдың басқаша екені көрінеді.
Әуелі елде көкөніс бағасы біршама қымбаттағанын айту керек. Тереңге бармай-ақ, Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінен бұл жайт анық байқалады. Мысалы, 2025 жылғы маусымда елімізде картоптың орташа бағасы 1 келіге 282 теңге болды. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,5 есе қымбат.
Ең қымбат картопты Семей мен Жезқазған тұрғындары алып отыр – 1 келісі 368 теңге. Көкшетауда картоп орташа есеппен 342 теңге тұрса, Өскеменде – 338 теңге, Қонаевта – 335 теңге. Ал елде ең арзан картопты Түркістанда – 214 теңге.
Биыл жаз басында 1 келі пияз бағасы 222 теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда тура 2 есеге қымбат. Ел аумағында ең қымбат пиязды Қонаев тұрғындары алған – 1 келісі 303 теңге. Астанада 267 теңге болса, Алматы біршама арзандау – 194 теңге. Мұнда да ең арзан пияз сол Түркістанда – 159 теңге.
Қымбаттаған көкөністер қатарында сәбіз де бар. Орташа бағасы келісіне 272 теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 37,3 пайызға артқан. Ең қымбаты Жезқазғанда – 407 теңге, бір қызығы аталған шаһарға жақын жатқан Қарағандыда елдегі ең арзан сәбіз бағасы белгіленген – 227 теңге.
Бұл тұста біз халық күнделікті, жиі тұтынатын көкөніс бағасын ғана шолып өттік. Егер жеміс-жидек пен сүт өнімдерін қарар болсақ, тағы да сандардың жайсыз өзгерісі көрінуі мүмкін.
Тамыздың бел ортасынан асқанда кей өңір тұрғындары ет бағасының шарықтап өскеніне шағымданды. Көп ұзамай бүкіл ел аумағында құн өскені мәлім болды. 2025 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, ірі қара мал саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артып, 8,8 млн басқа жеткен. Қой саны – 21,5 млн, жылқы – 4,7 млн, түйе – 301 мың, құс – 47,7 млн болыпты.
Бұған қоса ет өндіру көлемі де артқан, сойыс салмағымен 529 мың тонна. Оның ішінде сиыр еті – 182,3 мың тонна, қой еті – 56,4 мың тонна, жылқы еті – 69,3 мың тонна. Бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге экспорттауға да мүмкіндік береді.
Бірақ баға неге қымбаттап жатыр? Ауыл шаруашылығы министрлігі бұның себебін тапшылықпен емес, өндірістік шығындардың қымбаттауымен байланыстырған. Бағаға электр қуаты, газ, дизель отыны, су мен жылу тарифтерінің өсуі тікелей ықпал еткен екен.
Сондай-ақ, нарыққа алыпсатарлық пен тірі малға шетелдік жоғары сұраныс қосымша қысым жасаған. Осыған орай 2025 жылдың 1 мамырынан 30 қазанына дейін аналық малмен бірге бұқаларды да сыртқа шығаруға уақытша шектеу енгізілгені айтылды.
Тамыздың аяғында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәселені төтесінен айтты. Айтуынша, әлемде де азық-түлікке деген сұраныс көбейіп жатыр және ол қазақстандық нарыққа, бағаға әсер етпей қоймайды.
Ол баяндамасында ет және өсімдік майының бағасы рекордтық деңгейге жеткенін алға тартты. Соған қарамастан қазақстандықтар осы баға деңгейін қабылдауы қажет деп тура мәлімдеді.
– Біз әлемдік нарықтың бір бөлшегіміз. Қазір әлемде етке, майға деген сұраныс жоғарылады, сол нарықтың бір бөлшегі ретінде оны сезіп отырмыз. Нарықта еттің келісі 3500 теңгеден, одан басқасын таба алмайсыз. Ауылдан мүмкін делдалсыз әкеліп сатса, арзанырақ табуға болатын шығар. Бірақ сіз қалада тұратын қарапайым тұтынушы болсаңыз, онда баға барлық жерде бірдей дер едім. Ұрысыңыз, сізге ұнамасын, бірақ бұдан басқа баға жоқ", – деді ол.
Кейін бұл пікірді, яғни ет бағасын арзандата алмайтынын Ауыл шаруашылығы министрлігі де мәлімдеді.
Ведомство хабарлауынша, өңірлерде шамамен 50 мың тонна ет қоры бар, бұл бірнеше айға жетеді. Бағаны бақылау тетігі әкімдіктердің қолында, сондықтан тапшылыққа негіз жоқ. Дегенмен импорттаушылардың қысымы мен экспорт көлемінің артуын ішкі нарықтағы бағаға әсер етуші фактор ретінде қарастырған министрлік бағаны арзандатуға негіз жоқ екенін мәлімдеді.
– Жайылымда мал ұстайтын шаруашылықтарда еттің өзіндік құны шамамен 1,8-1,9 мың теңге болса, базардағы бағасы 3,5 мың теңгеден басталады. Бағаның арзандауы жем-шөп қорының жағдайына тікелей байланысты. Қазір біз еттің нақты өзіндік құнын талдап жатырмыз, – деп хабарлаған Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Дегенмен ведомство ұстанымымен келіспеушілер бар. Соның бірі – Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев.
Оның сөзінше, елдегі ірі қара мал басының азаюы тапшылық туғызып, соның салдарынан бағаның қымбаттауына ықпал еткен.
Сарапшының айтуынша, ресми деректерде бағаның қымбаттауы экспорт көлемінің артуымен түсіндірілгенімен, бұл уәжбен негізсіз.
Оның есебінше, жылына сыртқа небәрі 15 мың тонна сиыр еті (тұтынудың 3 пайызы) шығарылады, мұндай көлем бағаларды айтарлықтай өсіре алмайды. Негізгі мәселе – мал басының азаюы.
Міне, осындай факторлар статистикаларға күмәнді көбейтеді. Бұл тек инфляция емес, басқа да көрсеткіштерге қатысты.
Мысалы, 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімі орта есеппен 5,4 пайызға жеткізу көзделген.
Дегенмен экономист Дастан Қаратаев ЖІӨ-нің өсімі халықтың әл-ауқатының жақсару көрсеткіші ретінде саналмайтынын айтады. Бір қызығы, мұнда да инфлцияға қатысты тұстар бар.
– Жалпы ішкі өнімнің өсуі экономикалық өсудің көрсеткіші болуы мүмкін, бірақ әрқашан халықтың жағдайының жақсаруына тікелей сәйкес келе бермейді. ЖІӨ денсаулық, білім, экология және өмір сүру деңгейі сияқты факторларды ескермейді. ЖІӨ-нің өсуі инфляцияға да байланысты болуы мүмкін. Халықтың әлеуметтік жағдайын бағалау үшін табыс деңгейі, теңсіздік, білім мен денсаулыққа қол жетімділік сияқты басқа көрсеткіштерді қарастыру қажет, – деп есептейді сарапшы.
Түйіндей келгенде 2026 жылы да ресми сандар қымбатшылық деңгейін болжамда көрсетілгендей 10 пайыз шегінен асырмайтыны анық. Бірақ іс жүзінде түрлі тауар мен азық-түлік бағасы елеусіз түрде еселеніп көтеріліп жатыр.