Көкшетауда 21 жыл бұрынғы оқиға қайталануы мүмкін

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
3951

Қытайлық компания ЖЭО құрылысын жүзеге асыра алады. 

Көкшетауда 21 жыл бұрынғы оқиға қайталануы мүмкін

Көкшетау қаласы жылу мен электр қуатының тиімді әрі сенімді көзіне зәру болып отыр. №2 аудандық қазандық техникалық ресурсының таусылуына байланысты уақыт оздырмай ауыстырылуы тиіс. Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында осылай деп дабыл қақты.

Халық қалаулысының сөзінше, Көкшетау жылуды жергілікті  қазандық арқылы қамтамасыз етіп отырған еліміздегі жалғыз облыс орталығы.

"Қала тұрғындары күні бүгінге дейін осыдан 21 жыл бұрын орын алған оқиғаны естеріне алып отырады. 1997 жылдың басында Көкшетаудың тұтас аудандары қаңтар айында бірнеше апта жылусыз қалды. Осы оқиға алдағы уақытта қайталануы мүмкін", – деді депутат.

Оның айтуынша, 2012 жылы Ақмола облысының сол кездегі әкімі Қайрат Қожамжаров Көкшетау қаласында ЖЭО құрылысы туралы шешім қабылдаған және оған резервтен қомақты қаржы қарастыратын болған. Бұл бастамаға президент Нұрсұлтан Назарбаев қолдау білдірген. Жобаның бастапқы құны 750 млн АҚШ долларын құраған. Бір жылдан соң ҚР энергетика министрлігінің бұрынғы басшысының ұсынысы мен нұсқауы негізінде жоба тоқтатылған.

"Ел үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 724 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылдан бастап  елдің оңтүстігіндегі жүктеме артады. Сәйкесінше солтүстік аймақтан артылған қуатты тасымалдау мүмкіндігі шектен шығады. Бұл ретте Көкшетау жылуға мұқтаж қала екенін естен шығармау керек", – деді Айқын Қоңыров.

Депутаттық сауалда ЖЭО құрылысына қатысты жобаны іске асыру үшін Көкшетау қаласына Ресей, Германия, Ұлыбритания, Израиль, Ливан, Қытай мемлекеттерінен 20-дан астам делегация келгені, инвесторлардың мәселені шешудің түрлі нұсқаларын ұсынғаны, алайда жобаны қаржыландыру бойынша кесімді пікір білдірмегендері баяндалады.

"Қазіргі таңда "CITIC CONSTRUCTION Co. Ltd" (ҚХР) компаниясынан тиімді және оңтайлы ұсыныс түсіп отыр. Бұл компания "CITIC Group" корпорациясының еншілес кәсіпорны. Ол 2013 жылдан бері Қазақстан Республикасында қызмет етеді. Компания Ақтау қаласында битум өндірісін іске асыратын зауытты пайдалануға берген. Қазіргі таңда компания республикалық маңызы бар Талдықорған-Қалбатау-Өскемен автокөлік жолын қайта жөндеуден өткізу жобасын іске асырып жатыр.

"CITIC CONSTRUCTION Co. Ltd компаниясы барлық делегациялардың ішінен Көкшетау қаласында болған жалғыз компания. Ол ҚХР Оңтүстік-батыс электр қуаты жобалық институтының қолдауымен Көкшетауда барлау жұмыстарын жүргізіп, ЖЭО құрылысына техникалық тапсырма дайындаған", – деді Айқын Қоңыров.

Халық қалаулысының айтуынша, жоспардағы ЖЭО техникалық сипаттамасы бойынша алдыңғы қатарлы экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай болады. ЖЭО-ның құрылысы мен пайдалануға берілу барысында басқарудың барлық үздік әлемдік тәжірибелері ескеріледі. Сонымен қатар қазіргі таңдағы бизнес-жобаларды цифрландыру мәселесі де қамтылады. Компанияның берген бағасы бойынша, жобаның бастапқы құны 390-410 млн АҚШ долларын құрайды, бұл алдыңғы соммаларға қарағанда едәуір төмен. Компания Ақмола облысының әкімдігі атынан Қазақстан үкіметіне Эксимбанктің жеңілдікпен берілетін несиелік қаражатын немесе Қытайдың басқа да қаржы институттарын тартуға көмектеседі", – деп қорытты ойын Айқын Қоңыров.

Әсем Ұланқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу