Көкшетаудағы жаңа "Алтын сарай" дау туғызуда

1676

Қыруар халық қаржысы жұмсалған ғимарат әзірге қолайлы қызмет көрсете алмайтын болып шықты. 

Көкшетаудағы жаңа "Алтын сарай" дау туғызуда Фото: Sputnik Казахстан

Таяуда ғана YouTube-ке Көкшетаудағы алып сарай туралы ролик салынды.

"Бұл бір ең "құпияландырылған" нысан болатын. Онда не салынып, не қойылып жатқанын бұқара білмейтін. Халық оны "Алтын сарай" деп атайды. Шынында, атауы "Болашақ сарайы". Алайда осы сарайдағы бассейн жұмыс істемейтіні белгілі болды. Жұмысшылардың айтуынша, ол қысқы жылыту жүйесіне ғана қосылыпты. Содан жазда жұмыс істейді. Яғни, жылыту маусымы жабылғанда бассейн де жұмысын тоқтататын болғаны ғой. Әйтпесе, мұздай суық суға кім түседі? Кімнің ауру тапқысы келеді?!", – дейді жергілікті қоғам белсендісі Хасан Ерденов.

Ол Ақмола облысындағы арнайы мониторинг тобының жетекшісі ретінде бюджет қаржысының жұмсалуына бақылау жасаған-тын.

"Бұл нысанға қатысты сұрақтар бар. Мысалы, оны кім жобалаған? 10 млрд теңгеден астам ел қаржысы қайда және қалай шығындалған? Халыққа арналған бассейн тек қыста ғана жұмыс істесе не болағаны", – деп алаңдайды сарапшы.

Сарыарқаның ақшұнақ аязы бар. Демек, бұқара халыққа қыста суға түсу тәуекелді іс.

Жалпы, астаналық облыстың орталығындағы бұл алып сарайдың жобалау-сметалық құжаттамасын 2019 жылы нұрсұлтандық "ДанайханСтройТех" ЖШС компаниясы әзірлеген екен. Ол жоба артынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын ала алды.

2020 жылғы ақпанда Көкшетау қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі елордалық тағы бір компаниямен – "BIglobal" ЖШС-мен объект құрылысы жөнінде келісімшартқа отырды.

Осылайша, Көкшетау қаласындағы "Көктем" шағынауданында "Bolashaq Saraiy" ғимаратының құрылысы басталды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бұл ірі жоба республикалық бюджет қаражатына салынғанын растады.

"Расында да, жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, сарайдың бассейні үшін қарастырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі тек орталық магистральден жылу берген кезде ғана жылытылады. Сондықтан енді бассейн көктем және жаз маусымдарында да үздіксіз жұмыс істеуі үшін жылыту құрылғыларын жеткізу және орнату жөнінде жеке келісімшарт бекітілді. Бұл жұмыстарды биылғы 1 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр", – деді аймақ басшысы.

Яғни, "Болашақ сарайы" 6 шілде – "Астана күні" мерекесі қарсаңында ашылуы мүмкін.

Айтқандай, бұл – тек той мен салтанаттар өткізілетін сарай емес. Ол елордадағы "Оқушылар сарайына" ұқсас функцияларды қоса атқарады деп күтілуде.

Ермек Маржықпаев бұл еңселі нысанның керектігіне сенімді.

"Қазіргі кезде біздің облыстағы "Bolashaq Saraiy" – балалар мен жастарға қосымша білім беру ісін үйлестіретін, инновациялық орталық болмақ. "Bolashaq Saraiy" бір-бірінен бөлінген қос бөліктен тұрады. "А" блогында жаратылыстану ғылымдары, экология, биотехнологиялар салаларына арналған, барынша сұранысқа ие форматтардағы зертханалар жұмыс істейді. STEAM, роботты техника, мехатроника, Lego Mindstorms, киберқауіпсіздік, 3D-прототиптеу және модельдеу, "Ақылды үй" стенді бар өнеркәсіптік "заттар интернеті", электроника және жаңғыратын қуат көздері секілді перспективті жүйелердегі лабораторияларды да ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, техникалық шығармашылықтың инновациялық паркі, графикалық дизайн кабинеті қызмет атқарады деп күтілуде", – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ "А" блогында хореографиялық залдар, бейнелеу өнері,  декоративті және қолданбалы өнер, дизайн, театралдық қызметке маманданған шығармашылық шеберханалар, фото-видео студиялар орналасады деп белгіленген.

Ал "Б" қанатында өскелең ұрпақты жалпы физикалық дамыту, денесін шынықтыру үшін қажетті инфрақұрылым, спорт залдары, тренажерлік залдар, жекпе-жек залдары, спорттың ойын түрлеріне арналған бөлмелер орын теппек.

"Бұған қоса, "Bolashaq Saraiy" ішінде ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға арналған кеңістіктер де қарастырылады. Есту және көру қабілеті бұзылған балалар үшін сенсорлық бөлме, мобильді кешен жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Үйірмелерде, спорт аймақтарында арнайы орындар жабдықталады. Қазіргі кезде бізде 72 үйірме мен секцияда 1 878 оқушы шұғылдануда. Оларға балаларды қабылдау ата-аналардың немесе заңды өкілінің өтініші бойынша жүргізіледі", – деді әкім Ермек Маржықпаев.

Әрине, сөз жүзінде бәрі жақсы. Егер бұлардың бәрі жүзеге асса, Көкшетау Нұр-Сұлтанның өзін басып озбақ. Себебі, әлгінде айтылғандар бас қаланың өзінде жоқ.

Дегенмен, қарапайым бассейнді жылытудың өзінде жөнсіздікке жол беріп, екі рет шығындалған шенеуніктердің киберқауіпсіздік, 3D-прототиптеу, "Ақылды үй", инновациялық парк секілді дамыған елдер еншісіндегі ірі істерді еңсере алатыны күмән тудырады. Бәрі әдеттегідей көзбояу күйде жасалмаса болғаны.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу