Қазақстан фермерлері 2025 жылы рекордтық астық күтілмейтінін жариялаған болатын. Осыған дейін сарапшылар биылғы жылғы егінге қатысты көңілсіз болжамдар жасады.
Өйткені өткен күзде республика бойынша негізінен жауын-шашын аз болды, содан топырақтың ылғалдануы орташа деңгейден де төмен түсіп кетті.
Бұл аз болғандай, биылғы қыс аномальды жылы болды, қар әлдеқайда аз жауды. "Қазгидромет" қар жабынғысының көп жерде жұқалау екеніне назар аудартты. Демек, жаңа аграрлық маусым күрделі болады деп күтілді.
Егін салатын шаруа қалың уайымға бата бастағанда, тосыннан еліміздің астықты аймақтарының ұстыны саналатын орталық және солтүстік өңірлерімізде кейінгі үш күн бойы тоқтаусыз қар "саулады".
"Қазгидромет" Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Павлодар облыстарында бүгін, 11 наурызда да қар мен бұрқасын жалғасатынын, бірақ әрі қарай, 12 және 13 наурызда қардың түсуі негізінен тоқтайтынын хабарлады.
"Қазгидромет" әзірге осы үш күнде қанша сантиметр қар түскенін жарияламады. Бірақ даланың ақ көрпеге оранғаны фермерлерді қуантты.
Мысалы, бір ғана Астанада коммуналдық қызметтер бір түн ішінде қаладан 38,5 мың текше метрден астам қар шығарды. Бұл шамамен 3 мың "Камаз" толы қар. Ол қардың үлкен бөлігі қар полигондарына жеткізіліп, нығыздалады, келесі бір бөлігі арнайы құрылғыда ерітіліп, Есілге құйылады.
Облыстарда жауған қар сайын даланы құнарландырады. "Қазгидромет" синоптиктері биылғы наурыз бен сәуірде жауын-шашын деңгейі нормадан жоғары болады деген тағы бір қуанышты болжамын айтты.
Осының бәрі егіншілердің көңіліне қайтадан оптимизм нұрын құйды. Дегенмен, ElDala.kz жазуынша, астықшылар "барлығы қардың еру жылдамдығына және сәуір мен мамырдағы жауын-шашын көлеміне байланысты болатынын" ескертті.
Қостанайлық белгілі аграршы, "Мелитопольское" ЖШС басшысы Эдуард Двуреченский әзірге былтырғы күздегі ылғалдың аз болуы болжамдарда бәсі басым түсіп тұрғанын жеткізді. Себебі, қыс кезіндегі қар немесе жауын-шашын тоң боп жатқан жерге сіңген жоқ. Қар тез ерісе, суы сай-саға жағалап кетіп, далаға сіңе алмай қалады.
"Жаңа маусымға арналған өз болжамдарымда мен әзірше топырақтың күзгі ылғалдануы сияқты маңызды факторға сүйеніп отырмын. Өзім Қостанай облысының Сарыкөл және Меңдіқара аудандарында егін саламын. Бұл аумақта күзгі ылғалдану шамамен 150 миллиметр болды. Бұл сонша жоғары емес, орташа көрсеткіш. Егер сол ылғал ғана қалса, біз бидай бойынша шығымдылықтың әр гектердан шамамен 15 центнерден айналуынан ғана үміттене аламыз. Бірақ қазіргі қарқынға қарап, ылғалдану деңгейі орташа 200-250 миллиметрге жетуі мүмкін", – деді ірі аграрлық шаруашылықтың басшысы.
Топырақтың күзгі ылғалдануынан кейінгі екінші маңызды фактор – қар жабынғысының қалыңдығы болып табылады. Қостанай өңірінде наурызға дейін қардың биіктігі 15-25 сантиметр ғана болды. Еліміздің бұл солтүстік өңірінде бұрынғы жылдары орта есеппен 40 сантиметрлік оппа қар жататын.
"Сондықтан көктемгі егіс шарттары негізінен жақсы түсіп жатқан қардың қалай еритініне және көктем бойы қанша көлемде жауын-шашынның болатынына тәуелді болып тұр. Егер күн күрт ысып, осы ұланғайыр қардың бәрі тым шұғыл түрде еріп кетсе, биылғы дән себу науқанына қауіп төнеді. Бұл топырақтың жоғарғы қабаттарының ылғалды жылдам жоғалтуына соқтырады. Қалай болғанда, фермерлеріміз қар ерігеннен кейін егіс алқаптарында "ылғалды жабуды" жүргізгені жөн", – деді Эдуард Двуреченский.
Тәжірибелі аграршы биыл бірлі-жарым аймаққа су басу қаупі төніп тұрғанымен, дәл былтырғы жылғыдай 11 өңірді қамтыған алапат тасқынның биыл қайталанатынына күмәнданады. Біріншіден, алдыңғы жылдағыдай топырақ тереңге дейін тоң болып қатқан жоқ.
Екіншіден, күзде топырақ ылғалға шектен тыс молыққан жоқ, ендеше көктемгі жаңа ылғалды сіңіре алады. Үшіншіден, наурызда қар қанша жерден қалың түссе де, жылы әрі қары шамалы болған қыстың "шығынының" орнын толтыра алмайды.
Бірақ қарғын суға қатысты мемлекет қол қусырып, қамсыз отырмағаны жөн, "сақтансаң сақтаймын" деген.
Двуреченский топырақтың ылғалдануының төмен болуы сақталса, онда көктемгі егіс науқанын ғалымдар әдетте ұсынатын мерзімнен бірнеше күн ертерек бастауға кеңес берді. Бұл көктемгі ылғалды тиімдірек пайдаланып қалуға мүмкіндік беретін көрінеді.
Егер көктем жауынды болмаса, қыстан қалған ылған күн сайын бу боп ұшып кетумен болады.
Әрине, егер сәуір мен мамыр салқын әрі жауын-шашынды болса, егіске шығу мерзімі де өзгереді. Топырақтың ылғалмен қанығуына қарай дән себу стратегиясын түзетіп отырған маңызды.
"Барлығына әмбебап, бәріне жарамды ортақ кеңес жоқ. Мысалы, нақты бір шаруашылықтың өз жерін күзден бері егіске қалай даярлағанына да көп нәрсе байланысты болады. Сондай-ақ, кешіктіріп алмаған да орынды. Кейінгі жылдары мамыр айы бойы +30 градустық температура орнығып жүр, онда 25 мамырға қарай ылғал құрғап қалады", – деді аграршы Эдуард Двуреченский.
Жаңа маусымға дайындықтың аса маңызды бір мәселесі – сапалы тұқым қорын түзу. Егінші былтырғы жылдың теріс тәжірибесін еске салды: 2024 жылғы көктемде сапалы тұқым тапшылығы өткір тұрды.
Өйткені 2023 жылғы күзгі орақ науқаны кезінде нөсерлете жауын құйып, орылған дән суға бөгіп, қызып, көктеп кетіп жатты. Салдарынан сол жылғы астықтан алынған тұқым сапасы да нашар болды. Сорақысы сол, өткен жылы амал жоқтықтан, тауарлық бидайды тұқым етіп сепкен диқандар да болыпты.
Алайда 2024 жылғы күзде рекордтық астық алынғандықтан биыл тұқым жөнінен көп қиындық болмайды деген үміт бар.