Қоқыс тасушы компаниялар халықпен неге жағаласуда?

1863

Монополистер жабық деректер базасына қол жеткізуге ынтығуда. 

Қоқыс тасушы компаниялар халықпен неге жағаласуда?

Елде монополист немесе баламасыз қызмет көрсетуші компания астына басқан салалар көп. Олардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Антимонополиялық орган – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мұны "коммуналдық құлдық" деп атады. Өйткені бірде бір пәтер иесі өз қоқысын әкететін компанияны өз бетінше таңдай алмайды. Бұл қызмет "бұқаралық келісім" дегенге сәйкес жүзеге асырылады. Егер қаланың қандай да бір ауданында баспана сатып алсаңыз, онда сол ауданға әкімдік бекіткен қоқыс шығарушы компанияның қызмет көрсетуіне келіскен болып шығасыз.

Мысалы, кезінде елордада тұрмыстық қалдықтарды тасып әкетумен үш компания айналысатын. Бертінде әкімдік олармен соттасып, ақыр соңында қоқыс әкету саласын жалғыз компанияның ұзақ жылғы басқаруына берді. Дәл осындай жағдай өзге өңірлерде де қалыптасқан.

Антимонополиялық агенттік мұны бәсекеге тосқауыл және үлкен проблема деп танығанымен, оған қарсы еш қауқар көрсете алар емес. Әр қалада өз үстемдігін орнатқан компаниялар ойына келгенін істейді.

Ақтау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығару қызметтері нарығында "Caspiy-Operating" ЖШС доминант болып табылады. Себебі, оның нарықтағы үлесі 80–85%. Оның басшысы Үкімет мүшелеріне ұсыныспен шықты.

"Біздің көліктер мен арнайы техника демалыссыз, күн сайын жұмыс істейді. Күнделікті 1 400 текше метрге дейін немесе 243–290 тоннадай қоқыс шығарамыз. Біздің клиенттік базамыз 67 мың есепшоттан тұрады, соларға түбіртек ұсынамыз. Тарифімізді Ақтау қалалық мәслихаты 2020 жылғы желтоқсанда бекітіп берген. Қазіргі кезде бір адамнан айына 250 теңгеден жинаймыз", – деп хабарлады "Caspiy-Operating" басшысы Әділет Пірімқұлов.

Ол мұның аса қымбат еместігіне сенімді. Тарифті бір саптыаяқ кофемен салыстырады: Ақтауда ол 500 теңге тұрады екен. Адам бір стақан кофені бірер минутта ішіп тастайды. Ал бүкіл ай бойы "өндірген" қоқысы үшін соның жартысындай ғана ақы төлейді. Оның үстіне компания "тұтынушылар толық төлемейді" деп шағымданады.

"Көрсетілген қызмет үшін ақыны жинауда проблема бар. Себебі, қоқыс шығарушы компанияның қолында тұтынушыларға қысым жасау тетіктері жоқ. Тұтынушылар ақша үнемдеу үшін бір мекенжайда тұрып жатқан адамдардың саны жөнінде жалған ақпарат ұсынады. Салдарынан, кәсіпорын шығын шегеді. Мысалы, меншік иесі өзі сатып алған тұрғын үйге өзін – 1 адамды тіркейді. Қоқыс шығаратын ұйымға тиісті анықтаманы тапсырады. Ары қарай үйіне отбасының қалған мүшелерін тіркейді. Сөйтіп, бұл мекенжайдан 1 емес, 5 адам қоқыс жасай бастайды. Шынында, тек 250 теңге ғана төлейді", – деді Ә.Пірімқұлов.

Сонда олар не сұрайды?

"Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының (ХҚКО) қолында әр елді мекенде тұрақты тіркелген адамдардың жабық базасы бар. Яғни, ол әр адамның нақты қай жерде тұратынын біледі. Бұл база кезінде терроризммен күрес заңнамасы аясында қалыптастырылды.

Қоқыс шығарушы кәсіпорындар қалалардың әрбір тұрғынына "қоқыс алымын" салу үшін осы жабық базаға толыққанды қол жеткізгісі келеді. Мұны олар "әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өзара кооперациялану ұсынысы" ретінде алға тартып отыр. Яғни, ақпарат алмасуды сұрайды.

Өз кезегінде азаматтар әлгі мемкорпорация қолындағы ақпараттың дұрыс еместігіне назар аудартуда. Алматылық Тілеулес Дүйсембекова мүлдем бейтаныс 2 адамның өз пәтеріне тұрақты тіркеліп қойылғанын анықтапты. Бұған "Әуезов ауданының ХҚКО қызметкерлерінің қатысы бар ма?" деп қауіптенеді.

"Белгісіз екі адамның менің пәтерімде заңсыз тіркеуге қойылғанын коммуналдық қызметтер ақысына арналған түбіртекті толтыру кезінде аңғардым. Өйткені коммуналдық төлем сомасы әдеттегіден көп болып шықты. Әрі баспанамда тұратын адамдар саны ұлғайтылған. Содан жандәрмен ХҚКО-ға жүгіндім. Осы мақсатта электронды цифрлық қолтаңба алуыма тура келді. Нәтижесінде, үйіме кімдердің тіркелгенін білдім. Бекер күмәнданбаппын, аты-жөнін бұған дейін білмеген екі адамның пәтерімде менімен бірге тұратыны көрсетіліпті. Оларды дереу тіркеуден шығарып тастадым. Алайда мұның артында әлдебір алаяқтар тұрғаны сөзсіз. Бұл ХҚКО қызметкерлері болуы мүмкін. Олар жазалаусыз қала береді, ары қарай тып-тыныш қана өзге пәтерлерге бөтен жандарды тіркеп, табыс табуы ықтимал", – деп алаңдайды ол. 

Тілеулес апай прокуратураға жүгініп, осыған кінәлі адамдарды жазалауды, олардан материалдық шығынын өндіртуді өтінді.

Ал Нұр-Сұлтан тұрғыны Шапағат Танабай қоқыс шығарушы компанияның қиянатына қапалы: кәсіпорын оның пәтерінде 13 адам тұрады деп белгілеп, 2009 жылдан бері сонша адамға ақы есептеуде. Меншік иесінің дәлелдеуінше, онда тек 5 адам ғана тіркелген. Қанша жыл өтсе де, компания қайта есептеуден және негізсіз алған төлем сомасын қайтарудан бас тартып келе жатқан көрінеді.

Елорданың осы нарығындағы монополист саналатын "Clean City NC" тұтынушылардың деректер базасын "Астана-Тазарту" ЖШС-ынан алыпты. Нәтижесінде, ол да артық төлем есептеуін доғаратын емес. Сондықтан тұрғын Ішкі істер министрлігіне арыз жолдады.

ІІМ бұл шағым негізінде тексеріс жүргізе келе, біраз былықтың бетін ашты. Мәселен, көшенің атауы бертінде Құсжолы болып өзгертілген. Сонымен бірге Попов деген бұрынғы атауы да сақталып қалған. Осы орайда Нұр-Сұлтан әкімдігінің Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы аталған мекенжайдағы пәтерге қателесіп, 2 тіркеу кодын тағайындап қойған. Салдарынан, отбасыға екі рет "салық" салынған. Бұған қоса, үй иесі қоқыс тасушы кәсіпорынмен жағаласқан ұзақ жыл ішінде бұрын тіркеуде болған 5 адамнан енді тек екеуі қалыпты. Яғни, енді "Clean City NC" 2 адам орнына 13 адам үшін ақы жинауда.

Осыдан кейін "қоқысшылардың" аз адам үшін ақы жиналады деген ақпаратына сену қиын.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу