Ерлер арасындағы спринт бойынша Харбиндегі қысқы Азия ойындарында Константин Борцов қола жүлде иеленген болатын. Алайда жапониялық спортшы Харуки Ямашитаның жарыстан шеттетілуіне байланысты марапаттар қайта бөлініп, қазақстандық спортшы күміс медаль иеленді.
Осы орайда Константин Борцовтың әкесі Владимир Борцов әрі жеке бапкері Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетіне сұхбат беріп, ұлының бұл жетістігі тынымсыз еңбектің жемісі екенін айтты.
Сонымен қатар Константиннің жетістігі тарихи жеңіс. Себебі дәл осы Харбинде өткен 1996 жылғы Азия ойындарында Владимир Борцов үш медаль – алтын, күміс және қола жеңіп алған.
"Әрине, эмоцияларды сөзбен жеткізу қиын. Оның үстіне, араға біраз уақыт салып, тарихтың қайталануы ерекше сезім сыйлайды. Ұлымды жеңіс тұғырынан көргеніме қуаныштымын. 30 жыл бұрын, мен дәл осы орында тұрдым, ал қазір – менің ұлым, менің шәкіртім. Ол бұл жетістікке жету үшін өте көп еңбек етті, жанын салды, осы биікті бағындыруды мақсат тұтты. Біз осында келе жатқанда, әңгіме барысында: "Мүмкін, тарих қайталанар", – дедім. Костя: "Жарайды, байқап көреміз", – деп жауап берді. Нәтижесінде, дәл солай болды. Мен өте бақыттымын, ерекше сезімдемін. Тіпті, денемді ерекше толқу биледі… Өз ұлыңды жаттықтыру – екі есе қиын. Үнемі эмоциялар, мінез-құлыққа байланысты қиындықтар, кейде реніштер болады. Бірақ қандай жағдай болса да, мен оған әрдайым түсіндіруге тырысамын: бұдан басқа жол жоқ, табысқа жету үшін еңбек ету керек. Иә, бұл өте ауыр еңбек, бірақ оның нәтижесі бар. Ол – медаль, бұл жүлдеге жету үшін спортшылар өз өмірін арнайды", – деді Владимир Борцов.
Осылайша, бүгінгі жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үш күміс жүлдемен турнирлік кестенің 4-сатысына жайғасты. 8 алтын, 8 күміс, 5 қоламен Қытай құрамасы көш бастап тұр. Ал, Корея 7 алтын, 5 күміс, 7 қола медальмен екінші орында келеді. Үздік үштікті Жапония құрамасы түйіндеді. Жапониялықтарда 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль бар.