Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру үшін экономиканың қазіргі даму қарқынын сақтап қана қоймай, оны одан әрі жеделдету қажет екенін және Үкімет мүшелері мен өңір әкімдері өз салалары мен аймақтарында жоспарланған өсім көрсеткіштеріне қол жеткізуге тікелей жауапты екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әрбір басшы салалар мен өңірлер бойынша экономиканың жоспарланған өсу көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін тікелей жауапты. Осы қарқынды бәсеңдетпей, қолда бар ресурстардың бәрін толықтай пайдалану керек", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі таңда еліміздегі жалпы тауар айналымының 70%-дан астамы бес өңірге тиесілі. Осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге сауда саласының өңірлік өсу бағыттарын айқындап, шекара маңындағы аумақтардың әлеуетін тиімді пайдалануды және туристік тартымдылығы жоғары өңірлердің мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды.
"Әр облыс сауданың өсуін қамтамасыз ету үшін өз әлеуетін тиімді пайдалануы қажет. Бұл бағытта шекара маңындағы өңірлердің, сондай-ақ туристік тартымдылығы жоғары аумақтардың мүмкіндіктері мол. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін пайдаланып, олардың базасында заманауи сауда, қайта өңдеу және кәсіпкерлік орталықтарын дамыту қажет.
Өңір әкімдіктеріне аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын нақты өндіріс орындарын, инвестициялық жобаларды және тауар айналымын ұлғайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді айқындай отырып, бір ай мерзімде Сауданы дамытудың өңірлік жол карталарын әзірлеуді тапсырамын. Сауда және интеграция министрлігі аталған жұмысты үйлестіру мен орындалуын бақылауды қамтамасыз етсін", – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Шағын және орта бизнес саласының одан әрі дамуы үшін барлық мемлекеттік органдар "Атамекен" Ұлттық палатасымен бірлесіп, өңірлердегі кәсіпкерлермен олардың бизнес-бастамаларын жан-жақты қолдау мақсатында өзара тығыз жұмыс істеуі қажет.
"Туындаған барлық проблемалық мәселелер жедел түрде шешімін табуға тиіс", – деп атап өтті Премьер-министр.