Осы орайда ел ертеңі өскелең ұрпақтың әлеуметтік бейнесі мен олардың қоғамдағы орны үлкен көңіл бөлуді қажет етеді. Жылда 1 маусымда атап өтілетін "Халықаралық балаларды қорғау күні" алғашқыда соғыс жылдарында баспанасыз, отбасынсыз қалған жасөскіндерге қолдау көрсету мақсатында бекітілген.
Уақыт өте келе, барша баланы бейбіт күнде де қорғау қажеттілігі анықталды. Сондықтан атаулы датаның міндеттері күнделікті тіршіліктің өзекті мәселелеріне – денсаулық сақтауға, сапалы білім беруге, саламатты тамақтандыруға, қанау мен тонаудан, түрлі буллинг пен қылмыстан сақтауға, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғауға ойысты. Бұл проблемалар қазақстандық балалар үшін де көкейкесті.
Жасөспірімдер еңбегі мен балалық шақ қорғауға зәру
Ұлттық статистика бюросы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер бойынша, елімізде еңбек етуге заң жүзінде рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы балалар саны 1 миллион 700 мыңнан асады. Бірақ осы қалың топтың ішінен қазіргі кезде ресми түрде небәрі 5,3 мың оқушы ғана жұмыспен қамтылған.
Сонда өзге миллиондаған жеткіншек қайда жүр? Олардың көбі еш жерде тіркелмей, жұмыс берушімен құқықтық келісімшарт жасаспай, өз құқығын қорғансыз қалдырып еңбек етіп жүр. Оқушылардың бір бөлігі ірі қалаларда ата-анасы тамақтануы үшін берген қалта қаржысына "5000 ұсақ-түйек" дүкендерінен тауарларды, жұмсақ ойыншықтарды сатып алып, көшедегі жүргіншілерге өткізуге тырысады. Осы арқылы қауіп-қатерге, қарақшылыққа, қорлық-зорлыққа ұшырау қаупі артады.
"Жасөспірімдердің басым бөлігі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар. Мамандықтар бойынша көгалдандыру жұмысшысы, курьер, даяшы, сатушы-консультант, аспаз көмекшісі, аниматор болып еңбек етеді", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Жалпы, 14-18 жастағылардың ең көбі оңтүстікте: Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ үш мегаполисте тіркелген. Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу осы басты үш қалада байқалады: республика бойынша жұмыс жасайтын 5,3 мың баланың 59%-ын құрайды. Себебі, ірі сауда ойын-сауық орталықтары, дәмханалар мен асханалар мегополистерде көбірек шоғырланған.
Көлеңкелі нарық құрбандары
Министрліктің былтырғы қазаннан биылғы сәуірге дейін жүргізген, 100 мыңға жуық респондентті (балалар мен ата-аналарды) қамтыған зерттеуі ахуалдың күрделілігін паш етті. Салада анықталған шындық көңілге селкеу түсіреді: жасөспірімдердің 70%-дан астамы ресми еңбек шартын жасаспай жұмыс істеуге, 51%-ға жуығы кешкі уақытта немесе түнде еңбек етуге мәжбүр. Ал, 10%-ына жұмыс берушілері баласынып, әлімжеттік жасап, уәде еткен жалақысын уақытылы төлемейді немесе мүлдем бермей, қуып жіберген.
Бұл жайт елде еңбек заңнамасының сақталуы нашар, әділеттің қамтамасыз етілуі әлі де әлсіз екенін, бала еңбегін қанаудың жасырын формалары барын дәлелдейді. Оқушылардың еңбекке араласуының негізгі мотивациясы – өз мұқтаждығына ақша табу және ата-анасына көмектесу.
Тұрмыс тауқыметі түрткі болған немесе ерте есейгісі келген талпыныс баланы заңсыз еңбек қатынастарының, тіпті қылмыстың құрбанына айналдырып жатады. Мысалы, бала күтуші немесе курьер болып істейтін қыз балаларды зорлау немесе зорлауға талпыну деректері болған. Есірткі саудалаушылар мектеп оқушыларын жинап, "Сендер кәмелетке толмағансыңдар, сондықтан полиция ештеңе істей алмайды, сот соттамайды!" деп өтірік айтып, есірткі тасымалдаушы және оны тығушы ("закладчик") болып істеуге, табыс табуға еліктіреді. Салдарынан кәмелетке толмағандарға арналған колониялар балаға толуда.
Мемлекеттің басты міндеті – кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуын бейресми сектордан шығарып, оны өркениетті арнаға бағыттау. Мысалы, АҚШ пен Германияда жасөспірімдердің 55 пайызынан астамы бос уақытында, каникулда жұмыс істейді, оларды заң қорғайды және ересектерге қарағанда әлеуметтік жеңілдіктері көп. Жақсы жалақы төленетіні кепілдендірілгендіктен, Батыста балалар мектеп қабырғасында маманданып, жоғарғы сыныптарда зауыт-кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа орналасады. Мұның бәрі бізге үлгі.
Заң және тәртіп: мемлекеттің пәрмені қандай?
"Ондай болмақ қайда?" демей, Қазақстан да оқушыларды жұмыспен қамту мен кәсіптік бағдарлаудың бірқатар жүйелі шарасын қолға алуда. Біріншіден, Электрондық еңбек биржасы (еnbek.kz) платформасында былтыр "Менің жазғы демалысым" арнайы бөлімі іске қосылды. Бұл оқушыларға 14 жастан бастап платформада тіркеліп, жеке кабинет ашуға, түйіндеме-резюмесін орналастыруға және өз бетінше лайықты вакансияларды іздеуге мүмкіндік береді.
16 жасқа толмаған оқушылар үшін тіркелуді және жеке кабинет ашуды ата-анасы жүзеге асырады. Платформа ресми, қауіпсіз жұмыс іздеуді және міндетті еңбек шарттарын қалыптастыруды қамтамасыз етеді. "Менің жазғы демалысым" платформасы арқылы 2026 жылдың басынан бері 1 024 оқушы, ал, 2025 жылы 4 552 оқушы жұмысқа орналасыпты.
Екіншіден, көшет егу, қоқыс жинау, айналаны абаттандыру сияқты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына балалар да тартылады. 2025 жылдан бастап 8,5 мыңнан астамы қамтылды. Оқушылардың басым бөлігі қоғамдық жұмыстарға орналастырылған. Өйткені оған жоғарғы білім талап етілмейді және ай сайынғы ең төменгі жалақы 24 АЕК-ті немесе 2026 жылы 103 800 теңгені құрайды.
"Үшіншіден, оқушылар үшін Skills.Enbek.kz порталында тегін және ақылы түрде онлайн курстар қолжетімді. Курстар әртүрлі салада ұсынылған. Жаңа кәсіптік дағдыны меңгеруге мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде өткен жылдан бастап Skills.Enbek.kz порталында 500 мыңнан астам оқушы жұмыс іздеу дағдыларын үйренді, оның ішінде Enbek.kz порталында резюмені сауатты толтыруды меңгерді", – деді Асқарбек Ертаев.
Төртіншіден, мансап жолын дұрыс таңдауға көмектесу үшін "Мансап компасы" платформасы іске қосылды. Ол арқылы пайдаланушылар кәсіптік бағдар беру тестілеуін тапсырып, өзінің мансаптық қызығушылығын тексеруге, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алуға, оқу орнын таңдауға, таңдаған мамандықтың шарттарымен танысуға мүмкіндік алады. 136 мыңнан астам бала кәсіптік бағдар беру тестілерін тапсырып, өз болашағын жоспарлауға мүмкіндік алыпты.
Дегенмен, заңнамалық базаны нығайтпай, тек цифрлық платформалармен шектелу мәнсіз. Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейту үшін ведомствоаралық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Еңбек кодексіне және "Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" заңға өзгерістер енгізу пысықталуда.
Бұл түзетулер жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруды, балалардың сақтандыру арқылы қорғалу құқығын бекітуді және олардың жас мөлшері мен қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс түрлерін нормативтік тұрғыдан нақты айқындауды көздейді.
Оның үстіне республиканың барлық кәсіпорындарында, "Еңбек тәуекелдері картасы" базасында кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуына цифрлық форматта мониторинг жүргізіліп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету сияқты тәуекелі жоғары секторларда бақылау күшейтіледі деп жоспарланған.
Еңбекминінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің басқарма басшысы Жанболат Мұқышевтің пайымдауынша, жасөспірімдердің еңбекке араласуы – уақыт талабына сай келетін сарабдал қадам. Аяқ-қолы сау баланы жұмысқа тартпай, үйде қамап ұстау дұрыс емес. Сонымен бірге жұмыс ол баланың дамуына қызмет етуге тиіс. Қауіпсіздігі мен құқықтары толық сақталуға, оны қауіп-қатерге ұрындырмауға тиіс.
"Қолданыстағы заңнама бойынша Қазақстанда 16 жастан асқан баламен жұмыс берушілер еңбек шартын жасаса алады. Әйтсе де, заң белгілі бір жағдайларда 14-15 жастағы оқушылардың да еңбекке араласуына жол ашады. Алайда бұл – балалық шақты ерте үзу, ауыр жұмысқа жегу емес, жауапкершілікке біртіндеп баулу жолы болуға тиіс. Сондықтан жасөспірімдерді тек сабақтан тыс уақытта, денсаулығына салмақ салмайтын жеңіл жұмыстарға ғана тартуға болады. Ал, 14 жасқа толмаған балалардың еңбек етуіне тек өнер мен мәдениет саласында – театрда, кинода, концерттік ұйымдарда рұқсат етіледі", – деді Мұқышев.
Бұл тұста ата-ананың жауапкершілігінің рөлі айрықша. Өйткені еңбек шарты жасөспірімнің ғана емес, оның заңды өкілінің келісімімен рәсімделеді. Демек, ата-ана баласының қай ортада, қандай жағдайда еңбек етіп жүргенінен толық хабардар болуы шарт.
Заң кәмелетке толмағандарды ауыр әрі қауіпті жұмыстардан қорғайды. Оларды түнгі клубтарда, алкоголь мен темекі өнімдеріне қатысты орындарда жұмысқа тартуға, денсаулығы мен адамгершілік дамуына зиян келтіретін қызметтерге араластыруға тыйым салынған. Жұмыс уақыты да нақты шектеулі: 14-16 жастағылар аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жас аралығындағылар 36 сағаттан артық еңбек етпеуге тиіс.
Ең бастысы – жасөспірімді түнгі жұмысқа тартуға заң тыйым салады. Алайда әлгінде келтірілген министрлік зерттеуі бұл заң талабының орындалмайтынын паш етті. Жазғы демалыс кезінде баласының немен айналысып жүргеніне ата-анасының бейжай қарауы – жауапкершіліктен жалтарумен тең. Бұл заңмен қудаланатын теріс қарекет. Баланың алғашқы еңбек тәжірибесі оның денсаулығына қауіп төндірмей, болашағына бағыт-бағдар беретін мектепке айналғаны абзал.
Балаларды кімнен және неден қорғау керек?
Балалардың өміріндегі қауіп-қатер тек еңбек нарығымен шектелмейді. Статистикалық мәліметтер бүгінгі қазақстандық жас азаматтардың жан-жақты қорғауды қажетсінетінін көрсетеді.
Біріншіден, өз-өзінен қорғау қажет. Кішкентай бүлдіршіндер, тіпті одан ересектері өздерінің епсіздігі, алаңғасарлығы мен әуесқойлығы салдарынан әртүрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатады, деп қаперге салды Finprom агенттігі. Гормондар мінез-құлықты қысқа күнде қырық құбылтқан өтпелі кезеңдегі әсіре эмоционалдық пен ойланбай жасалатын тәуекелшілдік тән жасөспірімдер арасында жазатайым оқиғалар жиі орын алып тұрады.
С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының мәліметтерінше, өткен жылы 179,6 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала жарақаттардан, уланулардан және басқа да қауіпті жағдайлардан зардап шеккен. Олардың ішінде 138,3 мың бала 14 жасқа дейінгілер (2024 жылғыдан 2,8%-ға аз), ал, 41,3 мыңға жуығы – 15 пен 17 жас аралығындағы бозбала мен бойжеткен (1,7%-ға көп).
Екіншіден, өзіне-өзі қол салудан қорғау маңызды. Жарақаттан, жазатайым оқиғадан кем түспес үлкен қауіп – суицидтік көңіл-күй. Жасөспірімдер мұндай қауіпті мінез-құлқын "бәрібір түсінбейді!" деп ата-анасынан, мұғалімнен жасырады. Ақыры трагедияға соқтыруы мүмкін.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында Қазақстанда 74 бала өзіне-өзі қол салыпты. 2025 жылдың төрт айында да дәл осыншама бала суицидтен көз жұмған болатын. Жалпы, Қазақстанда өліммен аяқталған суицидтер саны бір жылда 13,7%-ға күрт өсті. Тек оқталу әрекеттері азайған. Баланың жан айқайын, ішкі проблемаларын байқамай қалған ересектердің жауапкершілігі бұл тұста өте ауыр.
Үшіншіден, ниеті қара бөгде адамдардан қорғау керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда қылмыс құрбаны болған кәмелетке толмағандардың саны жоғары. Биылғы қаңтар-сәуірде 1,5 мыңға жуық бала қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрбанына айналды. Бұл 2025 жылғыдан 5,7%-ға көп! 2025 жыл бойы кәмелетке толмаған құрбандардың саны 3,5 мың адамды құрады. Биылғы төрт айда-ақ кәмелетке толмаған құрбандар саны былтырғы бүкіл жылдың жартысына жуықтады.
Бұл жазатайым оқиғалар емес, ересектердің қасақана жасағаны. Мысалы, өткен жылы 543 бала ұрып-соғудың құрбаны болса, 480-нен астам кәмелетке толмаған бала денсаулыққа қасақана зиян келтіру істері бойынша жәбірленуші деп танылған. 700-ден астам қазақстандық бала жыныстық зорлықтан зардап шегіпті. 17 балаға венерологиялық аурулар, 2 балаға АИТВ жұқтырылған.
Өткен жылы 29 кәмелетке толмаған бала адам саудасының құрбаны болса, 5 бала ұрланған, тағы 3 бала заңсыз бас бостандығынан айырылған. Бұл сандардың әрқайсысының артында тағдыры талқандалған тірі жан, бала жүрегінің жазылмас жарасы тұр.
Төртіншіден, жас ұрпақты мемлекет пен қоғам қылмыс әлемінен қорғауы шарт. Сорақысы сол, 2025 жылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған балалардың саны бірден 30,5%-ға шығандап, 2,5 мың адамға жетті. Олардың көбі, 90%-ы әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі қылмыс жасаған және жартысы (1,1 мыңы) бас бостандығынан айрылыпты. 2024 жылға қарағанда жас қылмыскерлер саны 1,5 еседейге артқан.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында 665 кәмелетке толмаған бала қылмыстық құқық бұзушылық жасады: бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,3%-ға аз.
Бала еңбегін қанау және балалық шаққа жасалған қиянат – қоғамның сүйегіне түскен дақ, болашағына түскен көлеңке. Жасөспірімдердің ерте жастан еңбек мәдениетін қалыптастыруы, мамандық таңдауға ұмтылуы құптарлық іс, бірақ бұл үрдіс міндетті түрде заңды, қауіпсіз және қорғалған болуға тиіс. Бүгінгі жас жұмысшы – ертеңгі ел тірегі, білікті маман. Оның алғашқы еңбек тәжірибесі әділетсіздік пен қанаудан емес, еңбектің қадірі мен құқықтың сақталуынан басталғаны маңызды. Балаларды қауіп-қатерден, көлеңкелі-күдікті нарықтан және қатыгездіктен қорғау – мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да, әрбір ата-ананың да қасиетті парызы.