Көлеңкелі майнингті азайтудың қандай жолы бар?

4965

Қазақстанда криптовалюта көп өндірілгенімен, жалпы криптоиндустрия нашар дамыған. 

Көлеңкелі майнингті азайтудың қандай жолы бар?

Қазақстанда да криптобизнес қарқын ала бастады. Былтыр еліміз биткоиндердің хэш жылдамдығы бойынша екінші орынға шықты. Бірінші орында Америка тұр. Ресей – үшінші. Қазақстанда электронды валюта нарығының жоғары қарқынмен дамуының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, біздің елде ТМД және Еуропа елдерімен салыстырғанда электр қуатының құны төмен. 1 кВт-тың орташа құны – шамамен 18 теңге (0,037 доллар). Екінші фактор – Қытаймен көрші тұрғанымыз. Қытайдың майнингке қатысты саясаты қатаңдатылған соң, майнерлер бұл елден кетуге, жабдықтарды сатуға шешім қабылдады. Қазақстан өз кезегінде техниканы өткізу нарығына айналды. Қытайлық майнерлерге жаңа жұмыс орындарын да ұсынуда.

FinReview.info сарапшыларының есебінше, криптовалюта майнингі Қазақстанға жыл сайын шамамен 230 млн доллар әкеледі. Бұл – ресми түрде жұмыс істейтін компаниялардың көрсеткіші. "Көлеңкелі айналымда" жүрген майнерлерді есепке алсақ, онда бұл сома сөзсіз 2-3 есе артады.

Дегенмен криптовалюта өндірісінің ұлғаюымен бірге электр қуатын тұтыну да күрт өсті. 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш әдеттегі 2 пайыздан асып түсіп, рекордтық деңгейге – 8 пайызға жетті. Сөйтсек астыртын жұмыс істейтін майнерлер ресми тіркелгендерге қарағанда электр энергиясын екі есе көп тұтынады екен. Энергияны көп көлемде бақылаусыз тұтыну салдарынан желідегі іркілістер мен электр қуатының үзілуі жиілеп кетті.

2021 жылы халықтың электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 20 пайызға артқан. Тіпті, кейбір өңірлерде тұрмыстық энергияны тұтынудың ұлғаюы нормадан 2-3 есе асып түскен. Бұған көлеңкелі айналымда жүрген майнерлердің қосқан "үлесі" көп. Яғни, кейбір майнерлер бизнесін тіркемей, тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларға орналасып криптовалюта өндіруге кіріскен. Энергияны көп қажет ететін жабдықтарды халық тұтынатын жүйеге қосқан.

FinReview.info-ның жазуынша, елімізде көлеңкелі майнингті азайтуға бағытталған нақты ережелер жоқ. Мұндай нормалар жуырда пайда болуы мүмкін. Өйткені Үкімет саланы реттеу мен дамытудың толыққанды пакетін әзірлеуге кірісті.

Сондай-ақ көлеңкелі майнингпен күрес басталды. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көлеңкелі майнингті азайтудың бірнеше жолы бар.

Біріншіден, нарықтың заңды қатысушылары үшін криптобиржа және майнинг пулдарын құру қажет. Ал "сұр майнерлерді" әшкерелеп, олардың жабдықтарын тәркілеу керек. Мұндай шаралар қазірдің өзінде қолданылуда. Мәселен, Алматы, Түркістан, Павлодар, Қарағанды ​​облыстарында заңсыз майнингпен айналысқан фермалар анықталды. Бұл жұмысты әлі де жандандыру керек.

Екіншіден, жеке тұлғалар үшін электр қуатын тұтыну нормаларын енгізу қажет. Мөлшерден артық тұтынылған электр қуаты үшін бизнеске арналған тариф бойынша төлем алу арқылы бақылау орнатуға болады.

Үшіншіден, электр қуатын артық тұтынуға қатысты салық енгізу қажет. Себебі барлық майнерлер үшін салықты жай ғана арттыру арқылы астыртын тұлғалардың әрекетіне тыйым салу мүмкін емес.

Төртіншіден, мемлекет майнингтік фермалардың Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нақты шарттарын анықтауы керек. Мысалы, нарыққа өз капиталымен шығуға, жаңа электр станцияларын салуға, электр қуатының бір бөлігін майнингке бағыттап, қалғанын желіге шығаруға дайын ірі халықаралық корпорациялар бар. Шын мәнінде, бұл энергетикалық секторға салынған инвестицияның бір түрі. Мұндай корпорациялар майнингтік фермалардың дұрыс жұмыс істеуіне мүдделі болады.

Қазақстанда криптовалюта көп өндірілгенімен, жалпы криптоиндустрия нашар дамыған. Нарыққа қатысты басқа қызметтер (биржалар, төлем криптожүйесі, сақтау қызметтері) ұсынылмайды. Үкімет криптоиндустрияны дамыту мәселесін пысықтады. Демек оның елге қосымша табыс әкелетініне көз жеткізді. Алайда майнинг Қазақстанда жеке компаниялардың әрекетімен дербес дамыған болса, онда идустрияны тұтасымен реттемей қалыптастыру мүмкін емес. Реттеу тетігі болса ғана елдің қазынасы қампаяды. Белгілі болғандай, нормативтік-құқықтық негіз әлі де әзірлену үстінде және мемлекеттің қандай нормативтік құжат қабылдайтыны белгісіз. Десе де, биыл "Астана" халықаралық қаржы орталығының негізінде крипто-биржалардың жұмыс істеу ережелері іске қосылмақ.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу