Көлгінов қар үшін халықтан сөз естіді

3104

Екі күн боран астананың төтенше жағдайларға дайын еместігін көрсетті.  

Көлгінов қар үшін халықтан сөз естіді

Ел Үкіметінің биылғы жылғы алғашқы отырыстарының бірінде көктемгі су тасқынына әзірлік мәселесі қаралмақ. Алайда билікті қазіргі кезде басқа мәселе алаңдатқаны жөн.

Ауыл-аймақ түгіл, Нұр-Сұлтан қаласының өзі дәл бір ақ түтек боранда жауапсыздықпен жолға шығып кеткен көлік секілді қарға батып қалды. Бұл тұрғындардың наразылығын туғызуда. Ашыныстар әлеуметтік желілерде лық төгілді. Мысалы, бас қала шетінде қар құрсауында қалған өрт сөндірушілердің "тілсіз жаумен" емес, қыстың қаһарымен күресуге мәжбүр болып жатқаны бейнеленген видео таралуда.

"Астана маңынан жаңалықты жеткізгім келеді. Қосшыда үй өртенді. Бірінші өрт сөндіруші машина қалың қарға малтығып тұрып қалды. Өйткені жолдар тазартылмайды. Екінші машина түн ішінде әрлі-берлі сандалды, себебі хабар түскен мекенжайды таба алмаған. Нұр-Сұлтанда не жол нұсқағыштар, не ғимараттарды дені дұрыс нөмірлеу жоқ", – деп жазды фейсбукте елорда тұрғыны Марат Сыдықов.

Қосшы тұрғыны Гуля Валиева өртті қожайыны мен көршілер өз күштерімен сөндіргенін, ал соңынан жеткен өрт сөндіру машинасын бір жарым сағат бойы сол жерде де қар құрдымынан құтқарып, қала жаққа шығарып салуға тура келгенін баяндады.

Гуля Валиева елорданың тағы бір түйткіліне назар аудартады: қала картасында Ақжайық көшесі әртүрлі екі бағытта кездеседі. Яғни көше атаулары сол бойы ретке келтірілмеген.

Өзгелер қала әкіміне Мәскеуден үлгі алуды ұсынды: Ресей астанасында көше атаулары мен үйлердегі нөмірлер біртекті ірі қаріппен жасалған, әрі жарықтандырылған. Ал "біздікілер кеңес кезіндегіге ұқсайды, ұсақтығы сонша, алыстан снайпер көре алмайды".

Елордаға әзір қосылмаған шеткері аймақ түгіл, қала ортасында да ахуал осындай. Әлеуметтік желілерде көліктердің қарға тығылып, шыға алмай жатқаны паш етілген роликтер тарап жатыр.

"Біз ақырзаманға бара жатқан сияқтымыз. Билік басындағылар үшін бұқара елес сыңайлы. Біздің жанайқайымызды естімейді, бізді көрмейді, үстімізден аттап өтіп кетеді. Біз жоқ сияқтымыз. Биліктің жете ұйымдаспауы кесірінен қарапайым адамдар зардап шегуде", – деп назаланады Гүлмира есімді әйел.

Жүргізуші Айбын Сұлтанов қалың қар жауғалы қаланың орталық көшелерінде де жағдай мәз емес екенін жеткізді.

"Айналдырған екі күн демалыста жұрттың бір бөлігі сауда-ойын сауық орталықтарында балаларын шаттыққа бөлеуге, қалғаны базарға ағылады. Машинасыз адамдарды аяйсың, көлік кептелістері кесірінен автобустарды сағаттап күтеді. Көлігі барлардың да жүйкесі құрып бітті. Мысалы, ескі орталықтың басты көшелерінің бірі Уәлиханов көшесінде жол шетінде батып қалып, жүргіншілер итеріп жатқан бірнеше жүк және жеңіл көліктерді ұшыраттық. Себебі, негізгі көшені тазартқан, ал оған қосылатын өзге жолдар тазармаған. Әкім тұрғындардан кешірім де сұрамайды. Биыл бүкіл қыста боран болғаны – кейінгі күндер ғана ғой", – дейді ол.  

Қала әкімдігі қармен күрес қарқынды жүріп жатқанын айтады. Коммуналдық қызметтердің әрекетсіздігі туралы мәліметтер шындыққа жанаспайды, тек жауапты кәсіпорындардың күші жетпей жатыр.

Елорда көшелерін тазартуға осының алдында 709 техника бірлігі мен 289 жол жұмысшысы жұмылдырылған екен. Артынша жол жұмысшыларының қатары 1666-ға, ал техника 891-ге дейін күрт ұлғайтылыпты.

Нәтижесінде, тек бір күнде ғана 884 рейс жасалып, 10 603 текше метр қар шығарылды. Жалпы, қыс басталғаны 151 мың 629 рейс арқылы 1 млн 819 мың 551 текше метр қар қала сыртына төгіліпті. Қала әкімдігі биылғы қыста өткен жылғы қысқа қарағанда 575 324 текше метр қар көбірек шығарылғанын хабарлады.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің дерегінше, жолдарды және тротуарларды қардан тазалау үшін 2019 жылдың желтоқсаны мен 2020 жылдың қаңтар айларында коммуналдық қызметтер паркіне 130 арнайы техника сатып әкелінген. Олардың арасында самосвалдар, кеспе тиегіштер, автогрейдерлер мен тракторлар бар. Биылғы жыл басынан елордалық коммуналдық қызметкерлердің жалақысы 10-нан 45%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, еңбекақы төлеудің ынталандырушы жүйесі енгізілді. Бұл да олардың жалақысын арттыруға мүмкіндік беріпті.

Бірақ қардың күндіз-түні қарқынды тасылуы астаналықтардың тағы бір бөлігін тыныштықтан айырып отыр. Кейінгі күндері "Жағалау" ауданының тұрғындары полигонға қар тасыған жүк көліктерінің тоқтаусыз қозғалысы мен шуылынан зәрезап болған.

"Әбден қажыдық. Дұрыс ұйқы жоқ. Жүк машиналары бүгінде Талдыкөлдегі "отстойникке" қала қарын жеткізу үшін Айтматов, Е-10, Е-16 көшелері арқылы жүре бастады. Қар жиналатын полигон Ш.Айтматов пен Ұлы дала көшелерінің қиылысында орналасқанын да таяуда өзіміз анықтадық. Бұрын ондай болмаған. Сондықтан біздің тұрғын үй алабы жақ түнде тыныш саналатын. Енді жүрісі түнде жанданатын, тұтас колонна болып қозғалатын КамАЗ-дар шуылы әбден шаршатты. Олар түнде де маза бермейді. Бұл ретте аталған көшелерде реттелетін жолаушылар өтпесі жоқ. Салдарынан, бірнеше рет көліктердің адам басып кетуі оқиғалары болды. Айналасында мектеп, балабақша, дүкендер бар. Оның үстіне біздің үйлеріміздің қабырғалары өте жұқа, дыбыс изоляциясы жоқ", – деп қамығады қала тұрғыны Ержан Түлеков.

Ол жүк көліктерінің осы жол бойынша қозғалуына тыйым салуды сұрап билік органдарына шағым жолдаған.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу