Көлгінов көлікке қатысты жағдайдан хабарсыз болып шықты

12901

Сапаржай пандемия кезеңінде 1 ай ғана жұмыс істеген. 

Көлгінов көлікке қатысты жағдайдан хабарсыз болып шықты

2005 жылы тұрғызылған астаналық автовокзал табысты кәсіпорын саналатын. Қасындағы теміржол вокзалының кассасында шұғыл билет таба алмаған жолаушылар дереу қырық қадам жерде тұрған "Сапаржайға" тартатын. Бұл жерден Қазақстанның барлық қалаласына және жақын шетелге автобустар үздік-создық аттанып жататын. Содан оның айлық табысы 60 млн теңгеден асып жүрді.

2017 жылғы қарашада елордалық автовокзал жекешелендіріліп, қомақты сома – 1 млрд теңгеге сатылды. Салыстыру үшін айтсақ, теңізден алыс жерде орналасқан ең ірі мұхитариум ретінде "Гиннесс рекордтар кітабына" енген астаналық "Думан" ойын-сауық орталығы 195,2 млн теңгеге бағаланғанымен, сұраныс болмады деп 9 млн 467 мың 781 теңгеге сатылды.

"Сапаржай-Астана" ЖШС-ның сол кездегі қожайыны "Astana" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы болатын. ӘКК бұл активін бастапқыда 484 млн 359 мың теңгеге бағалады. Оны иеленуден 3 инвестор үмітті болды. Баға жоғарылатылатын аукционда соның ең көп ақша (1 млрд 5 млн 151,1 мың теңге) ұсынғаны жеңіске жетіп, ЖШС иесі атанды. Алайда жеңімпаз бизнесменнің кім екені жария етілмеді.  

Биылғы жылы автовокзалдың жолаушылар автобустары қалпымен қаңтарылып тұр. Оның клиенттерін микроавтобустардағы тұрақты емес тасымалдаушылар, заңсыз таксишілер және inDriver қосымшасы жырып әкетуде.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жуырда ресми блогында тиісті сұраққа жауап бере келе, "Сапаржайдың" ашылғаны жөнінде қуана хабарлады.

"Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 28 тамыздағы №50 қаулысының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, елордада қалааралық, облысаралық автобус және микроавтобус тасымалдарын қайта жандандыруға рұқсат етілді. Осылайша, ағымдағы жылдың 28 тамызынан бастап, автобустардың өзге қалалар мен облыстарға рейс жасау саласындағы қызметіне рұқсат етілді", – деп баяндады 11 қыркүйекте қалабасы А.Көлгінов.

Мұны ести сала, жолаушылар "Сапаржайға" қоңырау шала бастады. Алайда сапаржай әкімшілігі қазіргі уақытта автобустарға жолға шығуға рұқсат берілмегенін мәлім етті.  

Сапаржайдың сайтында тұрғындар көп шағым қалдырыпты: "1 қыркүйектен бастап, карантин және шектеу жұмсартылды деді ғой. Облыстар мен қалалар арасындағы автобустар жолға қойылыпты. Неге онда сіздер жұмыс істемейсіздер?"

"Саламатсыз ба? Көлік комитеті рұқсат бермей отыр. Бізге автовокзалды ашуға да рұқсат жоқ", – деп жауап қатты "Сапаржай" әкімшілігі.

Бүгінде "Сапаржай-Астананың" анықтамалық нөмірлері де жұмыс істемейді, қоңырау соғу мүмкін емес.

Сонда "Сапаржайға" не болды?

"Сапаржай-Астана" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ресми түсініктеме берді.

"Нұр-Сұлтан қаласындағы автовокзал биылғы наурыз айында елде төтенше жағдай және карантин енгізілгелі бері тек бір ай ғана жұмыс істеді. 11 тамызда кәсіпкерлік нысандарының ашылуға дайындығын және санитарлық нормаларға сәйкестігін тексеру аясында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған комиссия біздің кәсіпорынға келіп қайтты. Аралау қорытындысында "Сапаржай-Астананың" жұмысқа әзір екені жөнінде оң баға берілді. Алайда әлі күнге дейін қызметіміз қайта жанданған жоқ", – дейді ол.

Компания өкілдері шетсіз-шексіз шектеуден шаршағандарын білдірді.

"Осы шектеу шараларының бәрі елордадағы заңдастырылған жолаушылар тасымалы саласына теріс әсер етуде. Бұл ретте заңсыз тасымалдаушылар еш тексерусіз жолдарда жүйткіп, жолаушылар жеткізумен айналысуда. Салдарынан, жолаушылар мен қол жүгін заңсыз тасудан түскен қыруар сомадан салық төленбейді. Мұндай жағдайда кәсіпорынның экономикалық ахуалы нашарлауда. Өйткені мемлекетке салықтарды аударуымыз керек. Оның үстіне компания кредиттері бойынша төлем төлеуге тиіс. Ұйымның ұжымында 80 адам жұмыс істейді. Олардың бәрінің дерлік несиесі бар. Адамдар қажып, ашынған жағдайға жетті", – дейді "Сапаржай-Астана" ЖШС.

Бас санитар рұқсат етеді, әкім қуана хабарлайды, вице-премьер бастаған комиссия қуаттайды, ал көлік саласына тікелей жауапты құрылымдар автобустардың жолға шығуына мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлік нысанының тоқырауына биліктегі үйлесімсіздік ықпал етіп отырғанға ұқсайды.

Айтқандай, 2017 жылы жекешелендірілгенде автовокзалдың штаты 142 адамды құрайтын.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу