Көлігі барларды да, жоқтарды да жабырқатқан жайт анықталды

123

Бұл істе Қазақстанға Вашингтонның үлгісі көмекке келуі мүмкін.

Көлігі барларды да, жоқтарды да жабырқатқан жайт анықталды Фото: Тұрар Қазанғапов

Шетелдік делегациялар келген сайын Қазақстанның ірі екі мегаполисі қайта-қайта көлік коллапсына тап болады.

6 және 8 қараша күндері Астана мен Алматы көшелеріндегі көлік қозғалысының тығыздығы кей тұстарда 10 балға дейін жеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Салдарынан, орталық көшелерде жеке көліктер орнынан қозғала алмады, олармен бірге автобустар да кептелісте тұрды. Қоғамдық көлік жолаушылары діттеген жеріне жаяу жету үшін амалсыз, автобустан түсуге мәжбүр болды.

Бұл ретте тұрғындардың ашуын туғызған басты мәселе – шектеулердің ұзақтығы болды. Автомобиль жүргізушілерінің мәліметінше, кейбір көшелер ресми делегациялардың кортежі жүріп өтпей тұрып-ақ бірнеше сағат бұрын жабылады.

"Біреу маған түсіндіріп бере ала ма? Неге жолды кешкі сағат алтыда, кортеж өтетін уақыттан екі сағат бұрын (ЕКІ!!! САҒАТ!!! Өзім уақытын өлшедім) жауып, жұрттың бәрін сарғайта күттіріп қояды?" – деп ашынды Threads қолданушыларының бірі.

Салдарынан адамдар жұмысқа кешігеді, балаларын мектеп пен балабақшадан дер кезінде алып кете алмайды, маңызды кездесулерінен қалады. Кейбір тұрғындар үйіне жету үшін екі-үш сағат жолда жүруге тура келетініне шағымданады.

"Кәне, кептелісте кім қанша уақыт тұрғанын бөлісейік. Мен бастайын: 2,5 сағат тұрдым", – деп жазды астаналық Әсем.

Автобустағы ахуал: тұншықтырған салон, жолаушылар төбелесі

Қоғамдық көліктегі жағдай өз алдына бір мәселе. Әлеужелі қолданушыларының бірі лық толы автобустағы жағдайды былай сипаттады:

"Кезекті делегация келгенде қаладағы қозғалыс мүлдем тоқырап қалады. Халықаралық байланыстардың болғаны жақсы, оған ешкім қарсы емес. Бірақ оның салмағы қарапайым адамдардың жүйкесіне түспеуі керек қой... Қарбалас, қауырт шақ, автобус лық толы, орнынан қозғалмайды. Кешіккен жұрт "құрысын, жаяу барайын" десе, жүргізуші айыппұл салады деп есікті ашпайды. Содан төбелес бола жаздады. Адамдар ауа жетпей, шыдамы таусыла жаздады", – дейді ол.

Тағы бір Threads жазбасында жолаушылардың жүргізушімен жанжалдасып, есікті ақыры өздері ашып, жолын жаяу жалғастырғаны баяндалады:

"Сарайшықта бір сағат пропкыда тұрып әрең шыққан түріміз, автобус жүргізушісімен қырылысып, кеттік", – деп жазды agl.t05.

Кейбір пайдаланушылар бұл тығырықтан шығудың өзгеше жолын ұсынды.

"Астанада кортеждерге арнап фейк көше тұрғызу керек. Серванттағы қымбат ыдыс сияқты ол көше тек қонақтар келгенде ғана пайдаланылсын", – дейді sloww.kz.

Тұрғындарды мазалаған тағы бір мәселе – шұғыл қызметтердің кедергісіз қозғала алмауы. Әлеуметтік желілерде жедел жәрдем машинасының да "тығыннан" шыға алмай, қиындыққа тап болғаны туралы хабарламалар тарады.

Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметі қозғалысқа шектеу қойылатыны туралы 1 қарашада-ақ алдын ала хабарлаған. Ресми ескертуге сәйкес, 5–7 қараша аралығында елорда көшелерінің жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектелді.

Биік мәртебелі меймандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына арнайы мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, тіпті Қарулы күштер тартылды.

Алайда хабарламада нақты қай көшенің қай уақытта жабылатыны және әр шектеудің қанша уақытқа созылатыны нақты көрсетілмеген. Қала тұрғындарының наразылығын тудырғаны да – осы. Олар нақты ақпараты болмағандықтан, жүретін маршрутін де алдын ала жоспарлай алмады.

Халыққа түсінікті әрі нақты ақпараттың болмауы, ұзаққа созылған тоқтатулар, сондай-ақ балама бағыттардың айқын көрсетілмеуі елдің ашуын туғызды.

Әрине, тұрғындар халықаралық кездесулердің қажеттілігіне күмән келтірмейді. Олардың көкейіндегі сауал басқа: жоғары лауазымды меймандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету неге тұтас қаланың күнделікті тіршілігін тоқтатумен қатар жүруі керек?

Путиннен Хуангқа дейін: 2026 жылы Астанаға қандай әлемдік көшбасшылар мен бизнес өкілдері келді?

Қарашадағы шектеулер – Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі ауқымды оқиғалардың кезекті көрінісі ғана. 2026 жылдың басынан 6 қарашаға дейін Астанаға шет мемлекеттердің басшылары, үкімет жетекшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері мен әлемдік ірі компаниялардың лидерлері келді.

Жыл басынан бері елордаға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған (13 мамыр), Ресей Президенті Владимир Путин (27 мамыр), Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда (11–13 қазан) сапарлады.

Жоғары мәртебелі қонақтардың қатарында Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Израиль Президенті Ицхак Герцог, Камбоджа премьер-министрі Хун Манет және Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед те бар.

Парсы шығанағы елдерімен байланысқа да айрықша мән берілді. Астанада Әбу-Дабидің тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Нахайян құрмет-қошеметпен қабылданды. Азия бағытындағы өзге халықаралық байланыстар да ауқымды болды. Бұл қатарда Оңтүстік Корея, Камбоджа және Сингапур бар.

Халықаралық күн тәртібіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесуспен, Халықаралық шаңғы спорты федерациясының президенті Йохан Элиашпен және БҰҰ жүйесінің өкілдерімен биік деңгейдегі жүздесулер де қосылды.

Байланыстар тек саяси келіссөздермен шектелген жоқ. Әлемдік бизнес өкілдерінің қатарында Mars компаниясының басшысы Пол Вайраух, Ashmore Group өкілі Марк Кумбс, Boeing жетекшісі Джефф Шокки, NVIDIA компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі президенті Дженсен Хуанг және басқа да ірі кәсіпкерлер болды.

Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, экономиканы цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу.

Қазақстанның халықаралық байланыстарының географиялық ауқымы да кең. Ол биыл Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерін қамтыды.

Алдын ала сараптамалық бағалауға сәйкес, жыл басынан 9 қарашаға дейінгі аралықта Қазақстанға шетелден 300-ге жуық ресми мәртебелі қонақ пен делегациялар өкілі келген. Бұл санатқа мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, дипломаттар, шетелдік парламенттердің өкілдері, халықаралық ұйымдар мен іскерлік орта мүшелері кіреді. Әрине, олардың бәріне бірдей көше жабылған жоқ.

Халықаралық байланыстардың осындай ауқымын ескерсек, көлік қозғалысына қойылатын шектеулер енді мегапистерді басқарудағы жүйелі мәселеге айналып барады. Саясаттанушы-ғалым Зейін Сабырқұлов тұрғындардың наразылығын түсінуге болады дейді. Дегенмен оның пікірінше, халықаралық сапарларды тек тұрмыстық қолайсыздық тұрғысынан бағалау дұрыс емес.

"Сол жағалауда тұратын тұрғындардың наразылығын түсінемін. Өзім де кезінде сонда тұрғанмын. Көшелердің жабылуы күнделікті тіршілікке кедергі келтіреді. Бірақ мәселеге кеңірек қарауымыз керек. Мемлекет оқшау өмір сүре алмайды. Халықаралық сапарлар дегеніміз – жай ғана салтанатты қабылдаулар немесе қонақ болу, қыдыру емес. Оның артында инвестициялар, келісімшарттар, жаңа өндіріс орындары, жұмыс орындары, отандық өнімдерімізді өткізетін нарықтар мен саяси уағдаластықтар тұр", – дейді Сабырқұлов.

Бұл – Қазақстанның сауда-саттығы, қауіпсіздігі, елдегі тұрақтылық пен экономикалық орнықтылықтың тағдыры тікелей тәуелді елдермен арада орнатылатын қарым-қатынастар. Кейде елордадағы бірер сағаттық қолайсыздықтың ар жағында миллиондаған қазақстандықтың өміріне әсер ететін маңызды келіссөздер тұрады.

"Астана – жай ғана қала емес, еліміздің басты дипломатиялық алаңы. Мәселен, Путинмен өтетін кездесулер іргедегі көршімен диалогты сақтап, күрделі мәселелерді шиеленіске, соғысқа жеткізбей шешу үшін маңызды. Қытаймен, Парсы шығанағы елдерімен және Еуропамен жүргізілетін келіссөздер жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселе халықаралық сапарларды қаланың тіршілігін тұралатып алмайтындай етіп ұйымдастыра білуде. Жоғары мәртебелі меймандардың сапары астаналықтардың күнделікті өмірін сынаққа айналдырмауы керек", – дейді сарапшы.

Бүгінде АҚШ-та тұратын саясаттанушының түсіндіруінше, Вашингтонда да президенттер кортеждері жүретін кезде жол қозғалысына шектеу қойылады. Алайда жергілікті билік тұрғындарға келетін қолайсыздықты барынша азайтуға тырысады.

Мұның сыры – полиция, Құпия қызмет және жол қозғалысына жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысында. Олар жолдың жекелеген учаскелерін алдын ала босатып, көлік ағынын реттейді және жүргізушілерді балама бағыттарға бұрады.

Соған қарамастан, кептелістен толықтай құтылу мүмкін емес. Мәселен, шетелдік мемлекет басшылары немесе АҚШ Президенті қатысатын сапарлар кезінде Американың астанасындағы кейбір ірі магистралдар да жабылады. Мұндай жағдайда көлік жүргізушілеріне балама бағыттарды пайдалану алдын ала ұсынылады.

"Вашингтонда АҚШ Президенті мен шетелдік көшбасшылар қатысатын іс-шаралар кезінде жол қызметтері айналма бағыттардың сызбасын күнібұрын жариялайды. Қозғалыс шектелетін аумаққа қарай қозғалатын көліктер 14th, 17th, 7th және 9th Street NW сияқты параллель көшелерге, сондай-ақ Constitution Avenue мен Independence Avenue даңғылдарына бағытталады. Көлік қозғалысын қалалық қызметтер мен құқық қорғау органдары бірлесіп реттейді", – деді сарапшы.

Жоғары лауазымды қонақтардың қауіпсіздігі мен қала тіршілігінің қалыпты жүруі бір-біріне кедергі келтірмейтіндей жүйе қалыптастыру мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу