Қазақ баласы үшін ат – ердің қанаты болса, бүгінгінің "сауытты" арғымағы – оның мәртебесі әрі мақтанышының айнасы. Алайда көлікті тек "жүріп-тұру құралы" емес, сән-салтанат пен асқақ паңдықтың символы көретіндердің төбесіне жай түскендей жаңалық тарады.
Қағидаларға енгізілген соңғы өзгерістер бұрыннан қалыптасқан "еркеліктің" ережесін асықпай, ұқыптылықпен қайта пішіп жатқан сыңайлы. Әңгіме автомобильді мемлекеттік нөмірімен қоса сату мүмкіндігіне қатысты.
Соңғы жылдары елде "блатной" нөмірлердің айналасында өз алдына дербес нарық қалыптасып үлгерді. Жаңа өзгерістер соған соны серпін бергелі тұр еді. 2025 жылдың басында мемлекет көлікті мемлекеттік нөмірімен қоса сатуға рұқсат беруге ниетті екенін жария еткенде, "әдемі" нөмірі бар ағайынның көңілі бір серпіліп еді.
Көлігіңіз ескі немесе қатардағы марка болса да, тақтайшасында "блатной" нөмірі жарқырап тұрса, бұл темір тұлпардың құнын аспандатып бұлдауға мүмкіндік беретін еді. Осыдан кейін адамдар "әдемі" нөмірлерді сатып алуға лап қойды.
Осыған орай Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу қағидаларына түзетулер әзірледі. Өткен жылы ІІМ жариялағандай, бұл өзгерістер күшіне енсе, онда автокөлік иелеріне автомобильді мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісімен (МТНБ) бірге сату мүмкіндігі ұсынылады.
Бірақ бұл "демократия" әу бастан-ақ шектеулі болды. Былтыр ІІМ хабарлағандай, мұндай рұқсатқа қол жеткізу үшін біріншіден, мәміле тек eGov электрондық үкімет порталы немесе банктердің қосымшалары арқылы тіркелуге тиіс. Екіншіден, авто тек бір өңірдің шегінде ғана – жерлестер арасында сатылуға тиіс.
Әкімшілік полиция комитеті 2025 жылғы мамырда Kolesa.kz редакциясына түсініктемесінде бұл рұқсаттың "сұранысы жоғары мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілеріне" таралмайтынын мәлімдеді. Яғни, дәстүрлі түрде бөлек актив ретінде қарастырылатын, кейде тіпті көліктің өзінен де құнды саналатын VIP-нөмірлерге қолданылмайды. Олар бұрынғыдай тек бастапқы иелерінің атында тіркеліп қала береді.
Әттең, ауылдағы ағайын "сұлу" нөмірі бар ескі мәшинесін Алматының ауқаттыларына сатып, бір байып қаламыз ба деп үміттеніп еді-ау...
Туыс-туғанды бір түгендейтін уақыт
Алайда билік тағы айнып қалды: енді вип түгіл, қарапайым мемлекеттік нөмір белгісін де көлікпен бірге бөгде адамдарға сатуға рұқсат етілмейді. Оны тек туысқандар арасында өткізуге жол беріледі. Осылайша, оқиғалардың одан арғы дамуы тіпті сақтықпен жасалған либерализацияның өзі үзіліс талап еткенін көрсетті.
Сонымен, Ішкі істер министрлігі ақыры тіркеу қағидаларына түзетулерін енгізді. Бірақ былтырдан талайдың тілегіне айналған "автомобильді мемнөмірімен бірге сатуға рұқсат" ететін норма құжаттың соңғы нұсқасына енгізілмеді. Бұл ретте VIP-нөмір иелеріне оны басқа өңірге көшкенде өзімен бірге алып кетуіне немесе туыстарына беруіне ғана тыйым салынбайды.
ІІМ Kolesa.kz редакциясына түсіндіргендей, ведомство жаңашылдықтың барлық техникалық тұстарын тереңірек пысықтау үшін тайм-аут алды. Әңгіме, сірә, теріс пайдалану тәуекелдері, деректер базаларын цифрлық тұрғыда сәйкестендіру және меншік құқықтарына қатысты ықтимал даулар жайында болса керек. Нәтижесінде бұл норманы іске асыру белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды.
Ал, сөз болып отырған "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 10 қарашадағы №859 бұйрығында қарастырылған жаңа түзетулер 2025 жылғы 20 қарашада күшіне енді.
Осы күннен бастап "жоғары сұранысқа ие МТНБ-ның өңірлік цифрлық коды жеке тұлғаның жаңа тұрғылықты жерінің немесе заңды тұлғаның (филиалдың немесе өкілдігінің) заңды мекенжайының өңірлік цифрлық қодына сәйкес келмеген жағдайда, иесіне бұрын берілген жоғары сұранысқа ие МТНБ-ны бере отырып, көлік құралын тіркеуге рұқсат етіледі".
Қарапайым тілге тәржімалағанда, егер көлік иесі Алматыда машинасын сатып, "әдемі" нөмірін өзінде қалдырса, кейін Астанадан жаңа көлік сатып алғанда, оған 02 өңірлік коды бар алматылық ескі нөмірі тағайындала береді. VIP-нөмір иелері үшін өңір енді қатаң шектеу болудан қалады.
Есесіне, бұған дейін пайдалануда болған VIP-нөмірлерді беру мүмкіндігі бар адамдардың тізімі едәуір кеңейтілді. Бұрын оны тек тікелей мұрагерлерге, ата-аналарына, балаларына және заңды некедегі жұбайына сыйлауға рұқсат етілетін.
Жаңа тізімге сай жоғары сұранысқа ие бұрын пайдалануда болған МТНБ-ны келесі адамдардың көлік құралдарына беруге жол беріледі:
• мемлекеттік органдардың қызметкерлері және отбасы мүшелері;
• Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктердің және оларға теңестірілгендердің, шет мемлекеттің консулдық мекемелерінің, сондай-ақ олардың қызметкерлері және отбасы мүшелері;
• бұрынғы иесінің ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілері мен апалы-сіңлілері (аға-қарындастары), атасы, әжесі, немерелері, тіркелген некеде тұрған жұбайы (зайыбы);
• мұрагерлікке берілген жағдайда бұрынғы иесінің құқықтық мирасқоры (мұрагері).
Өзгелердің қызығушылығы мен қызғанышын оятар "көркем" мемнөмірлерді осы адамдарға ақыға не ақысыз табыстау үшін бұрынғы иесі жаңа иесіне жоғары сұранысқа ие МТНБ беруге рұқсат беру туралы өтініш жазады. Сондай-ақ оған тиісті мән-жайларды растайтын құжаттарды – неке қию туралы куәлік, туу туралы куәлік, мұрагерлікке құқық туралы куәлік, сот шешімі және туыстықты растайтын басқа құжаттарды қоса ұсыну қажет. Бұл ретте МТНБ-ның дубликат-телнұсқасы үшін мемлекеттік баж төлеу керек болады.
Ең құрығанда, сәнді нөмірді жақын-жуық, туыс-туғанға сатуға жол ашылғандай. Қағидада жоғары сұранысқа ие "б\у" МТНБ-ны осы тізімге жатпайтын басқа адамдардың көлік құралдарына беруге тыйым салынатыны жазылған.
Қойма – тар, тасымал – қымбат
Сонымен қатар, қағидалардың 25-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылды. Онда "Көлік құралдары иелерінің қолда бар жоғары сұранысқа ие МТНБ тізбесіне қолжетімділігі тиісті ақпаратты ЭҮП (Электронды үкімет порталы) және ақпараттандыру объектілері арқылы орналастыру жолымен ұйымдастырылады" делінген.
Бұл дегеніміз – мамандандырылған ХҚКО-лардағы VIP-нөмірлер орналастырылған сөре-витриналар тарих қойнауына кетіп, нарық толықтай цифрлық кеңістікке көшеді деген сөз. Бұдан жемқорлықпен абыройына дақ түсіріп алған "спецЦОН"-дарға деген сенімсіздіктің лебі еседі. Қалай болғанда, көздің жауын алатын нөмірді болашақта монитордан сипап қана таңдайсыз.
Тағы бір "қызық" – сақтау мерзімінде. ІІМ есептен шығарылған көліктердің "спеццонға" өткізілген нөмірлерін сақтау мерзімін еселеп қысқартты.
Бұған дейін көліктердің ескі нөмірлерін "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы 6 ай бойы қоймада тегін сақтап, шаңын сүртіп қоятын. Тек жарты жылдан кейін ғана қоштасып, жоятын.
Жаңа ережелер бойынша бұл жомарттық 30 күнге дейін қысқарды. Осы мерзім ішінде ғана ескі мемнөміріңізді тегін қайтарып ала аласыз. 30 күннен кейін сұрау салсаңыз, телнұсқа-дубликат жасату үшін 2,8 АЕК (2026 жылы – 12 110 теңге) көлемінде баж алымын төлеуге тура келуі мүмкін.
"Бұрын МТНБ тіркелген көлік құралын мемлекеттік есептен шығарған жағдайда, бұл нөмірлік белгі тапсырылады. Тапсырылған МТНБ көлік құралы иесінің арызы бойынша сақтау жағдайларын қоспағанда, жойылады. Сақтауға тапсырылған МТНБ мемлекеттік корпорацияда күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде сақталады, көрсетілген мерзім өткеннен кейін сақтауға тапсырылған МТНБ жойылады. Мемкорпорацияға тапсырылған МТНБ көлік құралы иесінің сұрау салуы бойынша ол жаңадан сатып алған көлік құралына қайта беріледі. Мемнөмір белгісі тек сақтаудың күнтізбелік 30 күні ішінде ғана мемлекеттік баж төленбей беріледі", – деп мәлім етті ІІМ.
Мұндағы уәжі белгілі: қойма аз, логистика-тасымал қымбат, әрі дефицитті бюджетті толтыруға баж керек.
"Әдепсіз" әріптер мен бейпіл ниеттер
Нөмір таңдау еркіндігі жайлы әңгімелер аясында бұл еркіндіктің де шексіз еместігін ұмытпаған жөн. 2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда автокөлік иелеріне сұранысы жоғары нөмірлерді ғана емес, VIP санатына жатпайтын кез келген дерлік тақтайшаны тапсырыспен жасатуға мүмкіндік берілді.
Неге "дерлік" дейміз? Себебі, елде тыйым салынған әріптік комбинациялардың тізімі бар. Ол тізімге кірген 70-тен астам тіркесті тіпті алтынмен аптап, ақшасын шашып жатсаңыз да ала алмайсыз. "Мәдениетті елдің мәшинесінің нөмірі де мәдениетті болуы тиіс" деген қағида, сірә, осы болса керек.
Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту комитеті бұл комбинацияларды сөйлеу мәдениетіне жат, оқылуы мен айтылуы қолайсыз, әдепсіз деп танып, рұқсат етілген диапазоннан алып тастады.
ІІМ хабарлағандай, 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша жеке тұлғаларға төмендегі әріптік белгілері бар мемлекеттік нөмірлерді беруге тыйым салынған:
GEI, GEY, GAY, JID, GON, GAD, CON, QUM, GOD, EBI, EPT, IIM, ISK, GOS, IIN, QYS, JUN, BOQ, SIK, SYK, QOR, QAS, QOI, JOI, JYN, HUI, XUI, HUY, HYI, XUY, QUL, QAN, JUT, QYQ, TYQ, JMI, GAI, VOR, BOP, FUK, FAK, FUC, FAC, LOH, LOX, IOX, IOH, COX, KOX, AAM, AMM, BOK, CEX, FBP, FBR, HER, KAL, KOT, MAL, OON, SOR, SOP, SOS, SEX, USA, XER, XYE, ZEK.
Жалпы, цифрландыру дәуірі мен сақтықпен жүргізіліп жатқан либерализацияға қарамастан, мемлекет рұқсат етілетін шектерді әлі де қатаң белгілеп отыр.