"Көлігіңіздің терезесінің ар жағында не болып жатқанын білесіз бе өзі?"

3653

 Тұрғындар Павлодар облысының әкіміне сауалдарды қарша боратты.

"Көлігіңіздің терезесінің ар жағында не болып жатқанын білесіз бе өзі?"

Өткен жылдың қаңтар айында Павлодар облысының тізгінін қолына алған Әбілқайыр Сқақов биыл екінші рет тұрғындар алдында есеп берді, деп  жазады inbusiness.kz тілшісі. Алдымен өткен жылы белгілеген басымдықтардың орындалғанын атап өтіп, әрқайсына жеке тоқталды. Биылға жоспарланған жоспарларды да тізіп өтті. Кейін тұрғындардан әлеуметтік желілер мен "Жедел желі" арқылы келіп түскен сауалдарға жауап берді.

Әдеттегідей көпшілікті коммуналдық мәселелер, баспанамен қамту, аулаларды абаттандыру жағдайлары толғандыратыны анық аңғарылды. Мәселен, Павлодар қаласының Екатерина есімді тұрғыны "Балалар алаңы туралы қандай "ертегі" айтып тұрсыз? Ломов көшесі, 36 мекенжайында орналасқан біздің үйдің ауласына ойын алаңын орната алмай жүргенімізге үш жыл болды" деп сұрағын төтесінен қойды.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов былтыр бұл бағытта ауқымды іс атқарылып, алдағы үш жылда да жалғасатынын айтты. Бұл ретте мәселені тұрғындардың өздеріне бағыттап "көпшілік аулаларды абаттандыру бойынша өтініштерді қалай беру керектігін, олардың қалай іріктелетінін білмейді" деп әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып жіберді.

Павлодардағы кәсіби спортқа қатысты қойылған сұрақта та осындай "әдіс" қолданды. Былтыр еліміздің бес дүркін чемпионы – "Ertis" футбол командасы премьер-лига ойындарынан шеттетілгені белгілі. Биыл "Ertis" хоккей клубы 10 шақты легионермен қош айтысты. Бұған алаңдаған Макар есімді тұрғын "Ұялмайсыз ба, Сқақов мырза? Футбол құрдымға кетті. Енді міне, хоккей" деп сауал жолдады. Бұған аймақ басшысы бұқаралық спорт кәсіби спорттан биік тұруы тиіс екенін алға тартып, қаржының басым бөлігі сол бағытқа жұмсалатынын айтты.

"Кәсіби клубтарды банкротқа ұшыратып, тақырға отырғызу керек деген мақсат жоқ. Біз тек бұқаралық спорттың дамығанын қалаймыз. Қазір облыс тұрғындарының тек 31%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады. Алдағы үш-төрт жылда бұл көрсеткіш 50%-ға жетуге тиіс",– деді Әбілқайыр Сқақов.

Енді бір тұрғын – Қайрат есімді павлодарлық аймақ басшысының коммуналдық мәселелерден бейхабар екенін сынға алды. "Көлігіңіздің терезесінің арға жағында не болып жатқанын білесіз бе өзі? Көктайғақ мұздың үстіне құмды қалай болса солай себеді, шағын аудандарда үйілген қар тазаланбайды" деп базынасын білдірді ол.

Әбілқайыр Бақтыбайұлының айтуынша, ол тек қызметтік көлікпен қатынамай, ара-тұра көшелерді аралап, тұрғындармен тілдеседі. Сондықтан жоғары аталған мәселелермен жақсы таныс көрінеді. Мобильді топтарға тиісті тапсырмалар беріліп, олар мердігерлермен жұмысты күшейтуі керек.

Бұл ретте Павлодар облысының әкімі қызметтік көліктерге қатысты мәселеге нүкте қойды. Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімдігі аппаратының қызметтік көліктерге жылына 138 млн теңге қарастырып отырғаны көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Кейін аппарат қызметтік көліктер санын 17-ден 11-ге дейін азайтты. Басқармалар да жұмыс уақытында жүретін "темір тұлпарларының" санын кемітті.

"Қызметтік көліктерге бөлінетін қаржыдан 205 млн теңге үнемделді. Бұл сома облыстың өзекті мәселелерін шешуге жұмсалатын болады", - деп мәлімдеді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Павлодар облысында эксперименталды түрде қызметтік көліктерді кезекші көліктерге көшіру жүйесі енгізілбек. Яғни, аппарат, басқармалар, Павлодар қаласы әкімдігіне қарасты көліктер тек керек болған жағдайда пайдаланылады.

Ажар Дәулетова 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу