Көлік алғысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік туды

533

Жақында қазақстандықтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі берілетіні белгілі болды. 

Көлік алғысы келетіндер үшін таптырмас мүмкіндік туды Фото: canva

Президенттің экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған нақты шараларды әзірлеу туралы тапсырмасын орындаған Үкімет осындай шешімге келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, енді көліктер халыққа қолжетімді бола түседі. Сарапшылар жаңа тәсілдің автонарыққа әсері қандай болатынын айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

Автожурналист Олжас Оқас лизингтің Қазақстанға келуі нарықты сәл қыздырады деп отыр.

"Екінші деңгейлі банктер қаржыландыруды әлі жалғастыруда. Яғни, бағдарламалар тоқтап қалған жоқ. Ал лизинг сияқты әлемдік тәжірибенің Қазақстанда кеңінен ауқым алып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі жақсы жаңалық деп ойлаймын. Қазіргі таңда ҚҚС-тің жоғарылап, теңгенің девальвацияға ұшырайтынын ескеретін болсақ, автонарық бұрынғыдай қалпын сақтай береді. Көліктер елімізде арзандамайды. Лизинг сияқты халықаралық тәжірибенің Қазақстанға келуі және жеке тұлғаларға берілуі нарықты сәл қыздырады деген ойдамын. Бірақ бұл қосымша құрал ретінде сұмдық ажиотаж болады деп ойламаймын", – деді ол.

Оның сөзінше, бүгінде халықтың лизинг туралы толыққанды түсінігі қалыптасқан жоқ. Өйткені осы күнге дейін лизинг жүк көлігі, ауыр көліктер, арнайы техника сияқты көліктерге берілген, деді сарапшы.

"Енді екінші деңгейлі банктер жеңіл көліктерді халыққа лизингке беретін болса, оған үйренісу үшін біраз уақыт керек. Өйткені лизингпен алынған көлік жеке тұлғаның мүлкі болып есептелмейді. Ол банктің мүлкі болып жалғаса береді. Мысалы, белгілі бір азаматқа автомобильдің толыққанды иесі болудың қажеті жоқ. Оған екі-үш жылға жаңа машина керек пе, лизинг арқылы сол көлікті басқарып, иелік етіп, кейін қажет емес кезде банкке автомобильді қайтарады. Бұл ыңғайлы. Яғни, ол сатып алған машинаның қалдық бағасы үшін алаңдап жүрмейді. Қанша айдады, сонша уақытқа ақша төлейді және қосымша күшті бір сервистер бар. Лизингтегі машинаның майын, қосалқы бөлшектерін ауыстыру мәселесі банктің мойнына артылады", – деді Олжас Оқас.

Қандай тәуекелдер бар?

"Біз лизингтің енгізілуін бұрыннан қолдап келеміз, яғни бұл туралы бұрыннан айттық. Үкімет лизинг енгізілетінін хабарлады, бұл жақсы бастама. АҚШ тәжірибесіне қарасақ, оларда биыл автомобильдердің 25%-ын лизинг арқылы сатып алынған. Электромобильдердің 50%-ы лизинг арқылы алынады. Көріп отырғанымыздай, тіпті АҚШ-та да көліктердің төрттен бірі ғана лизинг арқылы алынады. Дегенмен, бұл – көлік алудың тың тәсілі", – деді автосарапшы Алексей Алексеев.

Оның айтуынша, лизинг кезінде адамның ай сайынғы төлемі төмен, бастапқы жарнасы да аз болады. 

"Яғни, адам көліктің толық құнын емес, тек амортизациясы үшін төлейді. Мысалы, біз жаңа көлік сатып алғанда, автосалоннан шыққан бойда оның құны 10% төмендейді. Бір айда құны тағы да азаяды, ал бір жылда кейде көліктің бағасы жартысына дейін төмендеуі мүмкін. Әрине, бұл көліктің маркасына, моделіне, танымалдығына байланысты. Көлік лизинг компаниясының меншігінде қалады, бұл негізінен жалға алу түрі. Осылайша, көлікті берген компания шығынға ұшырамайды, кейін ол оны сата алады. АҚШ-тағы шарттар осылай жұмыс істейді. Бізде әзірге шарттардың қандай болатыны белгісіз, бірақ лизингтің жұмыс істеу тетігі осылай болуы керек", – деді ол.

Сала маманы бұл көлікті жиі ауыстырудың да ыңғайлы тәсілі екенін жасырмады.

"Мысалы, адам көлікті 2-3 жылға лизингке алады, ал үш жылдан соң жаңасын алады. Егер оның төлем тарихы жақсы болса, ол осылай үнемі көлікті жаңартып отыра алады және ұтылмайды. Ол аз төлем төлейді, әрине, салықтар мен алымдар бар. Бірақ ай сайынғы төлем несиеге қарағанда төмендеу. Тағы бір ескеретін жайт. Бізде адамдар көлікті өзінікі деп санағанды ұнатады. Ал мұнда көлік сенікі емес, ол компанияның меншігі. Сен төлейсің, бірақ көлік сенікі емес", – деді Алексей Алексеев.

Автосарапшы көлікті қайтару кезінде дау тууы ықтимал екенін де айтты. Оның айтуынша, мұны болдырмас үшін көліктің бағалау құнын анықтайтын тәуелсіз сарапшылар керек.

"Мысалы, қазір көлікті Trade-In арқылы дилерге тапсырсаң, олар оны нарықтағыдан арзан бағалайды. Адам өзі сатпайды, бірден жаңасына айырбастап алады. Бірақ ол баға жағынан ұтылады. Ол өзі сатса, оны қымбатқа өткізер еді. Бұл жағдай лизинг кезінде де қайталануы мүмкін, яғни, олардан көліктерді арзан бағада сатып алуы ықтимал. Біз қауіп-қатер туралы айтып отырмыз", – деп атап өтті сала маманы.

Лизингке алынған көлік міндетті түрде сақтандырылатыны туралы да айтылды. Себебі ол компанияның меншігі болғандықтан, компания оның сақтандырылуына мүдделі болады.

"Шарттарда көліктің жүріп өткен қашықтығына шектеу бола ма деген сұрақ бар. Лизинг компаниялары көлік таксиде қолданылмас үшін жүріп өткен қашықтыққа шектеу белгілеуі мүмкін. Егер көлікті 2-3 жылға лизингке алып, содан кейін қайтарса, онда бұл тиімді. Ал ұзақ мерзімге, мәселен, үш жылдан артық пайдаланса, ол жаңа көлік сатып алудан да қымбатқа түсуі мүмкін", – деді автосарапшы.

Алексей Алексеев лизингтің енгізілуінен көлік бағалары бірден өспейтінін, адамдардың көлікті бірден лизингке алмайтынын айтты. Себебі жаңа жүйемен танысу үшін уақыт керек болады. Сарапшы бастапқыда адамдардың сақтықпен қарауы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

"Азаматтар үшін лизинг ресімдеу кезінде қандай тәуекелдер бар? Әзірге нақты ештеңе түсініксіз, өйткені шарттар белгісіз. Тәуекелдің біріне келсек, мысалы адам көлікті лизингке алды, ал лизинг компаниясы жабылып қалды немесе банкрот атанды делік. Көлік компанияның меншігінде болғандықтан, оның мүлкі сатылымға шығарылады, демек, адам көлігінен айырылуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда азаматтың ақшасы мен құқығын қорғайтын нақты сақтандыру және заңды келісім болуы қажет", – деді автосарапшы.

Еуропа мен Азияда лизинг кеңінен қолданылады. Көлік сатып алудың тың әдісі біздің елімізде қалай жұмыс істейтінін уақыт көрсетеді. Әзірге Үкімет темір тұлпарға қол жеткізгісі келетіндер үшін жаңа тәжірибенің шарттарын ашып айтпады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу