Көліктің алдына отыруға асығатын жолаушыларды елең еткізген шешім қабылданды

943

Көрші елдердің бәрін табысқа кенелтіп жатқан қаржы көзінен Қазақстан Үкіметі ат-тонын ала қашты.  

Көліктің алдына отыруға асығатын жолаушыларды елең еткізген шешім қабылданды Фото: haiv.ru/gov.kz

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген мемлекет көліктің терезелерін күңгірттеуге ақылы рұқсат беруді заңдастырудан қомақты табыс тауып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, Қырғызстанда 2024 жылдың қорытындысында "тонировкаға" рұқсат беруден шамамен 4 миллиард теңгедей кіріс түскен. Өзбекстанда да егер жарық өткізгіштігі 70%-дан асса, қара пленка жапсыруға рұқсат етеді.

Біріккен Араб Әмірліктерінде, Оңтүстік Кореяда және басқасында автомобильдің тек артқы емес, тіпті алдыңғы терезелерін де қараңғылаймын десеңіз жол ашық. Бірақ қара пленканың жарық өткізгіштік деңгейі 40–50%-дан төмен болмауы шарт. Әрі тиісті техникалық талаптарды сақтасаңыз және мемлекетке баж алымын төлесеңіз жеткілікті.

Егер мемлекет алымын төлегендерге көлігінің терезесін бұлыңғырландыруға рұқсат етсе, бұл қызметті пайдалануға құштар қазақстандықтардың қарасы қалың болғалы тұр.

Салыстырсақ, мысалы, кезінде тамыр-таныстықпен немесе пара беріп қана алуға болатын "блатной" нөмірлерді беру процесін мемлекет ақылы жолға қойып еді, жұрт соған жөңкілді. Бір ғана 2024 жылы қазақстандықтар VIP-нөмірлерді сатып алуға 15,8 миллиард теңгесін жұмсап, сонша қаражатты мемлекетке аударған. Яғни, көлік саласында мемлекеттік қызметті ақылы етудің тәжірибесі бар.

Айта кету керек, Еуразиялық одақтың "Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенті жарық өткізгіштігі 70%-дан асса, көліктің алдыңғы бүйір терезелерін де күңгірттеуге жол береді.

Қазақстанда алдыңғы әйнектерді күңгірттеуге 2007 жылы тыйым салынды. Содан бері бұл шектеуді алып тастау мәселесін қоғам белсенділері, автосарапшылар, тіпті депутаттар бірнеше рет көтерді, былтыр тиісті петиция жарияланды, қол жиналды. Алайда полиция қараңғыланған терезе қараңғыда анық көруге кедергі келтіреді деген дәйектемесін алға тартумен келеді.

Сонымен бір мезгілде, әлеужеліде пікір білдірген қазақстандықтар күш құрылымдары пайдаланатын, мемлекеттің биік лауазымды тұлғалары мінетін автокөліктердің алдыңғы және артқы терезелері тұтасымен, бітеу күңгірттенетініне назар аудартады.

"Сонда оларға "тон" кедергі келтірмей ме, әлде олардың қауіпсіздігі полиция үшін маңызды емес пе? Неге тек бізді, қарапайым адамдарды ғана тоқтатып, пленканы сыпыртқызады? Заң алдында бәрі тең деген қағида қайда қалды?", – дейді Қ.Біләл есімді интернет пайдаланушы.

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков 2024 жылдан бері машиналардың алдыңғы бүйір терезелерін "тонировкалауды" заңдастыру мәселесін ілгерілетіп келеді.

"Біз осы тыйымды алып тастасақ, қоғамның өзекті бір сұранысын қанағаттандырамыз. Сондай-ақ бұл қазіргі дефицитті бюджетті толтыратын салықтық емес түсімдердің тиімді бір қайнарына айналар еді. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегінше, Қазақстанда 6,2 миллиондай көлік тіркелген, оның 86,5% – жеңіл автомобильдер. Енді тіпті осы миллиондардың 5%-ы ғана терезелерін күңгірттесе және олардан рұқсат беру үшін орта есеппен 50 АЕК баж алымы жиналса, онда жыл сайын бюджетке 50 миллиард теңге түсім түсіп тұрады", – деді мәжілісмен Құспеков.

Оның байламынша, "тонировкадан" түскен кірісті ауылдың көшелері мен автожолдарын жөндеуге және ұстап тұруға жұмсаса, біразына жетер еді.

Бұл ретте көлік терезесін күңгірттеуге қайтадан рұқсат етуді сұрап, Үкіметке "Respublica", "AMANAT" партияларының парламенттік фракциялары да сауал жолдаған еді.

Үкімет не дейді?

Мәжіліс депутаттарының бұл сұрауына Премьер-министрдің орынбасары–ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді. Оның мәлімдеуінше, жол қозғалысының негізгі қағидаты – оның қатысушыларының, яғни, адамның өмірі мен денсаулығына басымдық беру.

"18 жылдан бері әрекет етіп келе жатқан "көліктің алдыңғы шынысын күңгірттеуге тыйым" өзінің тиімділігін паш етті. Автокөлік санының 238%-ға немесе 3,6 млн машинаға – 2,6 миллионнан 6,2 миллион бірлікке дейін көбейгеніне қарамастан, жолдардағы өлім-жітім 59%-ға азайды: 2007 жылы 4 365 адам қаза тапса, 2024 жылы 2 579 адам мерт болды", – деді вице-премьер Серік Жұманғарин.

Оның тұжырымдауынша, терезелердің күңгірттеніп, шыныдан жарықтың өтуінің төмендеуі кесірінен:

  • жүргізушінің көзінің қиығымен (периферия) көруі және түстерді ажыратуы (контраст) нашарлайды,
  • жүргізушінің тез шаршауына, енжар тартуына соқтырады,
  • жүргізушінің қалғи бастауына, оны ұйқы басуына әкеледі,
  • "соқыр" аймақтар ауданын арттырады,   
  • жол-көлік оқиғалары тәуекелдерін ұлғайтады.

Дегенмен, "тонировкаға" тыйым салынуының басқа да себептері бар екен: "Сергек" және оның орнын басқан дубайлық жүйенің бейнекамералары қараңғыландырылған терезелерден машина салонында не болып жатқанын "көрмейді" екен.

"Атап өтетін жайт, бұзушылықтарды тіркеудің қолданыстағы автоматты жүйелері сондай-ақ шынылардың жарық өткізгіштігі деңгейін өлшеуге мүмкіндік бермейді. Демек, жарық өткізгіштігі 70 пайыздан асатын-аспайтынын өлшеуді адамдарға тапсыруға тура келеді, яғни, адами фактор араласады. Бұл бақылаудың кез келген тетігінде – техникалық байқау орталықтарында болсын, сынақ орталықтары мен зертханаларда болсын, салық, кеден, шекара қызметінің қызметкерлеріне немесе полицияға жүктелсін, бәрібір коррупциялық тәуекелдерді туғызады", – деді Серік Жұманғарин. 

Оның үстіне Үкімет басшысының орынбасары депутаттар ұсынып отырғандай, жарық өткізгіштігі 70%-дан асатын пленканы жапсыруға рұқсат етілсе, бұл талаптарды сақтау үшін "тауметрлерді" – шынының жарық өткізу қабілетін анықтайтын арнайы сертификатталған аспаптарды сатып алуға тура келетінін алға тартты.

Мұндай 1 аспаптың құны 400 мың теңгеден қымбат тұрады. Ал, 6,2 миллион автокөлікке ең құрығанда минималды бақылауды қамтамасыз ету үшін 4 мыңдай аспап сатып алу қажет болады. Бұл бюджетке 2 миллиард теңгедей сомаға түсетін көрінеді.

"Құзырлы органдардың ұстанымынша, ақылы күңгірттеуді легализациялаған жағдайда жол апаттарының және одан зардап шеккендердің саны артады. Халықаралық ұйымдардың дерегіне сүйенсек, қауіпсіздік белбеуін тағу ЖКО кезінде жарақат алу қаупін 75%-ға, көлік аударылған жағдайда – 91%-ға кемітеді. Керісінше, көлік басқару кезінде жүргізушінің ұялы телефонмен сөйлесуі ЖКО қаупін 3–4 есе ұлғайтады. Егер машиналардың терезелерін күңгірттеуді енгізсек, бұл осындай бұзушылықтарды әшкерелеу жұмысының тиімділігін төмендетеді, сондай-ақ автокөлікті пайдалана отырып, жасалған қылмыстарды тергеуді қиындатады", – деді Жұманғарин.

Көліктердің алдыңғы терезелеріне қара пленка жапсыруды заңдастыруға тәртіп сақшылары да қарсы. Олардың тұжырымдауынша, рұқсат күшіне ене салысымен жүргізушілердің бәрі соны пайдаланып қалуға тұра жүгіреді. Күңгірттенген қаптаған көлікте жарық өткізгіштік талабының сақталған-сақталмағанын тексеру полиция қызметкерлерінің жаппай соған жұмылуын талап етеді.

Салдарынан олардың қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың шақыруларына бару, қылмыспен күрес сияқты негізгі жұмысы адыра қалуы мүмкін. Мұның соңы жазаның бұлтартпастығы қағидатының бұзылуына және қылмыстық өршуіне ұласуы ықтимал.

Мәжіліс тонировкалауға рұқсат етуден түскен қаражатты сақтап, тиісті мақсатына бөлетін арнайы "инфрақұрылымды дамытудың нысаналы қорын" құру бастамасын көтерген болатын. Үкімет бұл ұсынысты да түбегейлі қабылдамай тастады.

"Жаңа қорды құру қаржы ресурстарының ұтымсыз бөлінуіне арандатуы мүмкін. Бұл бюджетті топтастыруды күрделендіреді және экономикалық мақсаттарға жетуде қосымша кедергілер түзеді. Бұған қоса, 2024 жылдан бері Президент жарлығымен енгізілген, квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий әрекет етеді. Тыйым 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін күшінде болады. Айтылғанды назарға ала келе, автомобильдердің алдыңғы бүйір терезелерін ақылы негізде күңгірттендіруді заңдастыруды орынсыз деп санаймыз!", – деді Серік Жұманғарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу