Колледж студенттері дипломдарын онлайн қорғайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5647

Оқу ақысын төлей алмаған 1 015 студентке жеңілдік жасалды. 

Колледж студенттері дипломдарын онлайн қорғайды

Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) IV тоқсандағы оқу бағдарламасының сұрақтары енбейді. Ал колледж түлектері дипломдарын онлайн қорғайды. Отандық білім жүйесінде бұрын-соңды болмаған жаңашылдықты Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жариялады.

Басқарма басшысының баяндауынша, ҰБТ-ның форматы өзгермейді. Мектеп түлектерінің білім бәсекесінде бақ сынау туралы өтінімі 1 сәуір мен 10 мамыр аралығында онлайн қабылданады.

"Ұлттық бірыңғай тестілеуде қашықтан оқыту басталғаннан бергі уақыттағы оқу бағдарламасының сұрақтары болмайды", – деді Шолпан Қадырова.

Оның сөзінше, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері 16 наурыздан бастап қашықтан оқуға көшкен. Ұстаздар platonus, google classroom, edupage платформаларын пайдаланған.

"Нұр-Сұлтан қаласындағы 12 мемлекеттік, 23 жекеменшік колледжде барлығы 22 661 студент білім алады. Олардың төлем карталарына ай сайын шәкіртақы мен тамақтану ақысы аударылып жатыр. Басқа қаладан келіп білім алып жүрген 9 172 студент тұрғылықты жеріне жіберілді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 50 студент оқуды колледждердің жатақханасында жалғастырып жатыр. Басқарма тарапынан оларға әлеуметтік көмек көрсетілуде", – деді Шолпан Қадырова.

Басқарма басшысы 1 015 студент оқу ақысын төлей алмағанын, оларға жеңілдік жасалғанын жеткізді.

"Оқу ақысы мамандыққа қарай жылына 80 мың мен 320 мың теңге аралығын құрайды. Колледждердің әкімшілігіне өтініш білдірген барлық студенттерге оқу ақысын төлеу мерзімі тамыз айына дейін шегерілді", – деді Шолпан Қадырова.

Білім және ғылым министрлігі бекіткен ережеге сәйкес, колледждер талапкерлерден 20 маусым мен 25 тамыз аралығында құжат қабылдайды.

Құжатты колледждердің қабылдау комиссиясына қағаз немесе e.astana.kz сайты арқылы электронды түрде тапсыруға болады.

"Оқуға түсу емтихандары колледж базасында өткізіледі. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық режим ұзартылған жағдайда құжат қабылдау мен емтихан тапсыру туралы қосымша хабарланады", – деді білім басқармасының басшысы.

Атап көрсетерлігі, мемлекеттік емтихан қабылдау және білім алушылардың диплом жұмысын қорғауы онлайн-прокторинг технологиясын қолдану арқылы өткізіледі.

"Онлайн емтиханның бейнежазбасы болады", – деді Шолпан Қадырова.

Ол Білім және ғылым министрінің бұйрығы бойынша, биыл 9-11 сынып оқушылары жылдық нәтиже бойынша қорытындыланатынын, аттестаттау болмайтынын еске салды. 

"Аптасына 2 және одан көп сағат жүктемемен оқу пәндері бойынша БЖБ (Бөлім бойынша жиынтық бағалау) 4 -11 мамыр аралығында өтеді.  Аптасына 1 сағат жүктемемен оқу пәндері бойынша БЖБ 11-15 мамыр аралығында ұйымдастырылады. Тоқсан бойынша жиынтық бағалау 1 рет 18-22 мамыр аралығында өтеді. БЖБ-ға – 20, ТЖБ - ға – 40 минут беріледі.1- 4 сынып оқушылары үшін БЖБ, ТЖБ тапсыру уақыты шектелмейді. БЖБ мен ТЖБ саны бір күнде 3 жиынтық жұмыстан аспауға тиіс", – деді Шолпан Қадырова.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу