Коллекторлардың қулық-сұмдығы мен алдау схемалары әшкереленді

10410

Қарызын қайтармай жүрген борышкердің туыс-туғанына, жора-жолдасына коллекторлардың күн бермей, қудалауы қаншалықты заңды?  

Коллекторлардың қулық-сұмдығы мен алдау схемалары әшкереленді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биылғы жылғы жұмысының алдын ала қорытындыларын шығарды. Мәдина Әбілқасымованың ведомствосына 2021 жылы шамамен 27 мың өтініш келіп түсті. Оның 66%-ы – банктердің жосықсыз әрекетіне, тағы 30%-ы – МҚҰ бұзушылықтарына қатысты.

Үштікті 3%-дық (жыл басынан бері 800-ден астам шағым) көрсеткішпен коллекторлық агенттіктер тұйықтайды. Адамдар бұлардың шектен тыс қысым көрсететіне, қатыгездік танытатынына шағымданады екен.

Агенттік құжаттамалық тексерулер қорытындысында 93 қаржы ұйымына және 21 коллекторлық агенттікке жалпы сомасы 25,5 миллион теңгеге 92 ұсынымдық сипаттағы қадағалап ден қою шарасын қолданды. 54 жазбаша ұйғарым-ескертпе жолдады. 87 рет әкімшілік жазаға тартқан.

Агенттік мамандары биыл 1 305 сот отырысына қатысты. 1 100 шағым-талап бойынша шешім қарыз алушылардың пайдасына шығарылды.

Коллекторлар тарапынан жосықсыз әрекеттердің алдын алу үшін агенттік коллекторлық агенттіктер қауымдастықтарымен бірлесіп "Коллекторлық агенттіктер қызметінің мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау туралы меморандум" жасасты. Коллекторлық агенттік (КА) қызметкерінің кәсіби этикасының үлгілік кодексі бекітілген.

Коллектор қалай қысым жасайды?

Жалпы жеке сот орындаушыларының қанды қырғынға ұшыратқан бассыздығы аясында коллекторлар тасада қалғандай еді. Алайда агенттіктің дерегіне жүгінсек, олар қарызы барларға, олардың айналасына қысастығын жалғастырып жатқанға ұқсайды.

Коллектор болып жұмыс істеген Бейбіт Қалқаман коллекторлардың қандай амал-шарғы қолданатынын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, алғашқы кезеңде коллектор борышкерге смс-хабарлама, электронды хат жібереді, ұялы және жай телефонына қоңырау шалып, борышының өзіне көшкенін және оны тез төлеуі керектігін ескертеді.

"Әлгіге сөз өтпесе, екінші кезең – психологиялық қысым, қудалау басталады. Әрі қарай коллектор қарызға батқан адамды, бизнесменді сотқа сүйрейді, немесе оның борышын басқа КА-ға сатып жібереді. Қалай болғанда, дәл осы екінші кезең борышкердің барынша жанына батады, қысым еселеп артады. Коллекторлар борышкердің жұмысына хабарласып, үнемі әріптестерін мазалайды, жақын-жуықтарына, достарына үздіксіз қоңыраулатады, олардың үйлеріне дейін барып, жеке сөйлеседі. Салдарынан борышқа батқан адамнан бүкіл таныстары, жора-жолдастары, ағайын-туыстары теріс айналып жатады. Отбасының шырқы бұзылады, кейде ыдырап тынады", – дейді Б. Қалқаман.

Ірі коллекторлық агенттіктерде бір қызметкер күніне 50-60 борышкерге дейін хабарласуы мүмкін. Олардың жұмысын автоматтандырылған жүйе басқарады. Яғни борышкерлерге автоматты түрде де телефон шалынады. Мысалы, ол адам іскерлік кездесуде, жиналыста, кеште не басқа да маңызды шарада болып, қалтафонын сөндіріп қойса, онысын қоса салысымен қоңыраулар "жауады". Бұл жағдайда телефон нөмірін ауыстыру ұзақ нәтиже бермеуі мүмкін. Себебі телефон нөмірлерінің базасы "көлеңкелі" нарықта сатылады. Оның үстіне борышкер нөмірін ауыстырып тастаса, оның жұбайы, отбасының кәмелетке толған мүшелері, әрі қарай дос, көрші-қолаң және басқасы қоңыраулар тасқынының астында қалуы мүмкін. Бірі болмаса бірі шыдамай, жаңа нөмірін бәрібір айтып беруі ықтимал.

Коллекторлардың "кесілген шұжық" деген әдіс-амалы бар екен. Оны кейде "баш-на-баш" деп атайды. Мысалы, әлдебір адам қарызының бір тиынын да төлемеуге бел бууы мүмкін. Ондай адамдардан борышын толық көлемде өтеуді талап ету – қайырымсыз іс көрінеді.

"Сондықтан коллектор кенет қысымын азайтып, келесі сөйлескенде дауысын жұмсартып, шағын ғана қадам жасауды ұсынады. Мысалы, қарызының 25 пайызын төлесе, қалғанын "жапқыза" салатынын жеткізеді. Құрсаудан шаршаған борышкер бұған келісіп, әртүрлі жолмен әлгі ақшаны тауып беруі мүмкін. Бұл ретте коллектор ешқандай чек, түбіртек бермейді. Осыдан кейін қарыз есептен шығарылмайды, бір ширекке де азаймайды. Өйткені ол қаражат коллектордың қалтасына түседі. Ал берешегі әрі қарай басқа агенттікке сатылып кетеді. Негізі, коллекторлар әрбір әңгіме сайын борышкерді сынап көреді, оның неден қорқатынын біліп алады. Өндірушілердің жұмыс тәсілдері өте көп. Олар негізінен, психологиялық қысымға құрылған. Себебі заң борышкерді ұрып-соғуға тыйым салады", – дейді коллектор.

Мысалы, коллектор әртүрлі "домалақ арыз" жолдап, бизнесменнің беделін бүлдіретінін, оның компаниясы бірде-бір тендерді ұтып ала алмайтынын, жосықсыз жеткізушілердің "қара тізіміне" енетіндей дәрменсіз жағдайға жететінін ескертеді.

Коллектор қайтсе, заң бұзады?

Алтынбек Т. банк арқылы автокредит рәсімдепті.

"Оған дейін де 2 млн теңге көлемінде қарызым болған. Қазіргі кезде отбасы жағдайыма байланысты төлей алмай отырмын. Әрине, төлеуден бас тартқан жоқпын. Бірақ бүгінде коллекторлар отбасымның мүшелерін, тіпті таныстарыма дейін мазалауда. Оларға менің қанша қарыз екеніме дейін айтыпты. Осы арқылы құпиямды жария еткен. Неге менің отбасымды, таныстарымды мазалайды? Олардың менің кредитіме еш қатысы жоқ қой!", – дейді Алтынбек.

Ақжан Тайлыбаев КА қызметкерлері біраздан бөтен адамның кредиті бойынша өзіне үнемі қоңырау шалатынына шағымданады.

"Бұл ретте коллектор өзін таныстырмайды. Тек борышкерге өтелмеген борышы барын жеткізуді сұрайды. Оның хабарламаларын борышкерге үнемі жеткіземін. Төлемейтін болса, бұл соның проблемасы емес пе?! Телефон соғулар әлі күнге жалғасуда. Соңғы әңгімемізде коллектормен біраз жерге дейін барып қалдық. Тілдесу соңында коллектор менің мекенжайымды білетінін, алдағы күндері үйіме келіп, "жігітше" сөйлесетінін айтып, доқ көрсетті. Түсінбейтін, түсінігі жоқ біреу. Мен ешкімге де гарант немесе кепіл беруші болған емеспін. Борышкердің алған кредитіне де еш қатысым жоқ", – дейді Ақжан.

Ал Шымкент тұрғыны Архат Секен коллекторлардың өзіне бірде әкімшілік сот қызметкері, бірде құқық қорғау органының қызметкері ретінде телефон шалып, бас бостандығынан айыратынын айтып, қорқытқанын баяндады. Осы дерекке орай ол Шымкент қаласының полиция департаментіне де шағымданыпты. Бірақ тәртіп сақшылары оның берген ұялы телефон нөмірлерінен нақты кімдердің қоңыраулатқанын анықтай алмапты. Біраз тыныштықтан кейін коллекторлар телефон арқылы қорқытып-үркітуін жалғастырған.

Қаржылық реттеушінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің түсіндіруінше, борышкердің айналасындағы адамдармен тілдесуге коллекторлық агенттіктердің құқығы бар. Бірақ бұл ретте олар бірқатар шектеулерді сақтауы шарт.

"Азаматтар өз шағымдарында негізінен оның жақын-жуықтарымен қарым-қатынас жасау кезінде КА қызметкерлерінің тәртіп бұзатынына шағымданады. Коллекторлар борышкердің туыстарына да, тіпті таныстарына да қайта-қайта қоңырау шала береді. Коллектор борышкердің тұрғылықты жерін анықтау үшін оның айналасындағы үшінші тұлғалармен байланыс жасай алады. Бұл қатарға кез келген адам, мысалы, ағайындары, достары, әріптестері, таныстары және басқалары жатады. Егер борышкердің жазбаша рұқсаты болмаса, оның өзіне және қарызына қатысты кез келген мәліметті туған-туысына да, жұмыс берушісіне де, басқа тұлғаларға да жария етуге коллектордың құқығы жоқ", – деді Александр Терентьев.

Оның айтуынша, коллектор міндетті түрде өзін таныстыруға, өзі ұсынатын компания туралы мәлімет беріп, оның есептік тіркеу деректерін хабарлауға тиіс. Ал коллекторлық агенттіктің тіркелген-тіркелмегенін Қаржылық реттеу агенттігінің сайтынан білуге болады.

Борышкермен, оның таныс не туыстарымен қарым-қатынас жасағанда коллектордың оларды қорқытуға, қысым көрсетуге қақысы жоқ. Коллектормен ынтымақтасуға борышкердің өзі ғана міндеттелген. Ал басқа, үшінші тұлғалар коллектормен жүзбе-жүз немесе телефон арқылы әңгімені кез келген жерде үзіп тастауға құқылы. Себебі коллектор үшінші тұлғаларды өзімен сөйлесуге, ынтымақтасуға мәжбүрлей алмайды.

Қазіргі кезде Қазақстанда 277 коллекторлық агенттік тіркелген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу