Коллекторларға тапсырылған қарыз кешіріле ме?

11735

1,4 млн адамға кредит алуға тыйым салынуы мүмкін.

Коллекторларға тапсырылған қарыз кешіріле ме?

Тамыз айының соңына дейін 500 мың адамның екінші деңгейлі банктерден алған қарызы өтеледі. Бүгінге дейін 1 миллионнан астам адамның айыппұлы мен өсімпұлы есептен шығарылды. Ұлттық банктің қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев журналистермен жүздескенде осылай деді.

Департамент директорының сөзінше, 2019 жылдың 26 маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған "Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы" жарлыққа сәйкес, 2019 жылдың 1 маусымына дейін екінші деңгейлі банктерден 3 млн теңгеге жетпейтін қарыз алған тұрмысы төмен 500 мың адамның (көпбалалы, асыраушысынан айрылған, мүгедек баласы бар отбасылар; бала кезінен мүгедектер; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; 29 жасқа толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылғандар) 300 мың теңге берешегі жабылады. Қалған қарызды қарыз иесінің өзі өтейді. 

Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін 1 миллионнан астам адам кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдеген. Оларға қарыз шартын орындамағаны үшін айыппұл мен өсімпұл есептелген. Президенттің пәрмені бойынша, бүгінге дейін борышкерлердің айыппұлы мен өсімпұлы алынып тасталған. 

Несие рақымшылығына үкімет 110 млрд теңгеден астам қаржы жұмсайды. Көрсетілген соманың 100 млрд теңгесі несие өтеуге, 10 млрд теңгесі айыппұл мен өсімпұлды жабуға жолданады. 

"Айыппұлы мен өсімпұлдың жалпы сомасы 30 млрд теңгені құрады. Ұлттық банк айыппұл мен өсімпұлдың 30%-ын жабады. Қалған 70%- ы екінші деңгейлі банктердің есебінен өтеледі", – деді Дәурен Сәлімбаев.

Департамент директорының түсіндіруінше, қарыз 90 күннен астам уақыт өтелмеген және коллекторларға тапсырылған болса, кешірілмейді. Яғни қарыз иелері үкіметтен көмек алмайды, өз қарыздарын өздері жабады. 

Басқосу барысында табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие алуға тыйым салынуы мүмкін екені айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ана мен баланы қолдау басқармасының басшысы Асқар Ниязовтың мәлімдеуінше, елімізде дәл осы санаттағы азаматтардың саны 1,4 млн адамды құрайды. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу