Қолма-қол ақшаға қызықпайтындар көп

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3624

Қазақстанда картамен төлем жасайтындар саны артып келеді.  

Қолма-қол ақшаға қызықпайтындар көп

Соңғы жылдары елімізде қолма-қол ақшаны шектеп, карталық төлемге көшу тенденциясы қарқын ала бастады. Оған мына бір статистикалық деректер дәлел бола алады. Мәселен, карталар айналымындағы қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 2016 жылы 13%-ды құраған екен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 19,5%-ға дейін өсіпті.  

Ranking.kz сараптамалық орталығының дерегінше, 2017 жылы Қазақстандағы қолданыстағы карталардың саны бірден 17,4%-ға артқан. Осылайша, карталардың саны 9,9 млн бірлікке жетіпті. Бұл ретте, дебеттік карталарға деген сұраныс жоғары. Себебі, қолданыстағы карталардың 82%-дан астамы – дебеттік. Яғни, дебеттік карталар бір жылда 17%-ға ұлғайып, 8,1 млн бірлікке жеткен. Дебеттік карта деп отырғанымыз – тауарлар мен қызметтерді төлеу үшін қолданылатын банктік төлем картасы.

Сонымен қатар, кредиттік карталардың үлесі де күрт өскен. Былтыр мұндай карталардың саны бірден 28,8%-ға артқан. Осылайша, кредиттік карталардың саны 1,4 млн бірлікті құрады.

Есесіне, кредиттік лимиті бар дебеттік карталар мен алдын ала төленген карталар саны төмендеді. Мұндай тенденция қатарынан екінші жыл бойы қайталанып отыр. Былтыр олардың саны 332,8 мың бірлікке тең болды. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 10,5%-ға кеміген.

Өткен жылы ел аумағындағы карталар айналымы рекордтық деңгейге жетті. Яғни, қаңтар-желтоқсан айларында карталар айналымы 13,3 трлн теңгені құраған. 2016 жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 32,7%-ға, яғни 3,3 трлн теңгеге көп. Ал осыдан он жыл бұрынғы (2007 жылғы) карталар айналымы 1,7 трлн теңгені құраған екен. Ондағы қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 10,8%-ға тең болған.

Деректерге сүйенсек, былтыр қолма-қол ақшасыз төлем жасау көлемі 2,6 трлн теңгені құрған екен. 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,3 трлн теңгеге өскен. Ал 2017 жылдың соңғы айында аталғаш көрсеткіш 367,1 млрд теңгені құрады. Бұл бір ай бұрынғы деңгейден 22%-ға көп. Сондай-ақ бір жыл бұрынғы, яғни 2016 жылдың желтоқсанындағы көрсеткіштен 2,3 есеге артық. Желтоқсан айында карталар айналымындағы қолма-қол ақшасыз төлем жасау үлесі 24%-ға жетті.

Әсіресе, қолма-қол ақшасыз төлем жасау 2017 жылдың екінші жартыжылдығында айтарлықтай өсім көрсетті. Мәселен, шілде-тамызда ай сайынғы өсім 9-10%-ға тең болса, қыркүйекте бірден 16,6%-ға жеткен.

Өңірлер арасында қолма-қол ақшасыз төлем жасауда алматылықтардың алдынан түсер ешкім жоқ. Қолма-қол ақшасыз төлем жасаудың жалпы көлемінің жартысынан астамы, яғни 56,4%-ы еліміздің қаржылық орталығына тиесілі. Былтыр мұндағы қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өскен. Дәлірек айтсақ, 811,9 млрд теңгеге артып, 1,5 трлн теңгені құрапты.  

Бұдан кейінгі орынға Астана жайғасқан. Бас қаладағы қолма-қол ақшасыз төлем бір жыл ішінде 72,8%-ға, яғни 130,7 млрд теңгеге өсіп, 310,1 млрд теңгені құраған.  

Үштікті Оңтүстік Қазақстан облысы түйіндеп тұр. Бұл өңірдің көрсеткіші бір жылда 65,4%-ға (40,6 млрд теңгеге) өскен. Ал жалпы көлемі 102,8 млрд теңгені құрады.

Қарағандының Оңтүстік Қазақстан облысына жетеғабыл орналасқанын (102 млрд теңге) да атап өткен жөн. Ал қолма-қол ақшамен төлем жасау көлемі аз өңірлердің қатарында Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу