Қазақстанның әйелдер теннис құрамасы 2025 жылғы Billie Jean King Cup командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысады. Аталған турнир әлемдегі әйелдер теннисінің ең беделді командалық жарысы.
Финалдық кезең 2025 жылдың 16-21 қыркүйек аралығында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында орналасқан Shenzhen Bay Sports Centre Arena кешенінде өтеді. Бұл арена Қытайдағы ең заманауи спорттық нысандардың бірі саналады және бірнеше жыл қатарынан жарыстың ресми алаңы ретінде белгіленген.
Қазақстан бұл турнирге іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, әлемнің ең үздік 8 құрамасының қатарына енді. Құрама сапында еліміздегі ең үздік теннисшілер өнер көрсетеді: Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина, Зарина Дияс және Жібек Құламбаева. Команданың капитаны – Юрий Щукин.
Қазақстан құрамасы ширек финалда АҚШ құрамасымен кездеседі. АҚШ құрамасынан кортқа әлемдік теннис жұлдыздары – Джессика Пегула, Мэдисон Киз, Эмма Наварро, Хейли Баптист, Тейлор Таунсенд шығады. Команда капитаны Линдси Дэвенпорт.
Матч 18 қыркүйекке жоспарланған. Бұл кездесу – еліміздің әйелдер теннисі тарихындағы ең маңызды матчтардың бірі болмақ.
Финалдық кезеңге 8 құрама қатысады: былтырғы чемпион – Италия, ұйымдастырушы ел ретінде – Қытай, ал қалған 6 жолдама іріктеу кезеңінің жеңімпаздарына берілді. Турнир плей-офф жүйесінде өтеді: ширек финал – жартылай финал – финал.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап турнир қараша айынан қыркүйекке ауыстырылды. Бұл шешім WTA турының күнтізбесіне және Азиядағы жарыстармен сәйкестендіру мақсатында қабылданған.