Көмір тапшылығы жылда қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады – Әлихан Смайылов

1728

Энергия көзі болып саналатын кейбір жылу электр орталықтарында көмір қоры нормаға сәйкес келмейді. Атап айтсақ, бұлар Семей, Жезқазған, Риддер, Шахтинск және Петропавлда. Ал тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы бойынша Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары кестеден кешігіп келеді. 

Көмір тапшылығы жылда қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады – Әлихан Смайылов

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Үкімет басшысының мәліметіне қарағанда, Қостанай, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары әлеуметтік сала объектілері мен  тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады. Дегенмен тұрғын үйлердің дайындығын кестеден кешіктіру фактілері де бар. Мысалы, Павлодар облысында 66,5%, Солтүстік Қазақстанда 75%,.

"Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс. Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмірге деген ұзын-сонар кезек, бағаның күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Жылыту маусымына дейін аз ғана уақыт қалды. Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі", – дейді Смайылов.  

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев разрездерде көмір толық мөлшерде бар, көмірді өндіру жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, разрездердегі көмірдің бағасы өткенжылғы деңгейде қалуда деп сендіреді.   

Ол жылу маусымын "сәтті" жүргізу үшін: 
- Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындарға көмір жеткізуге "Қазақтеміртранс" акционерлік қоғамына вагондар паркін ұлғайту;
- Делдалдарды айналып өтуге мүмкіндік беретін биржа арқылы көмірді сату үлесін 50%-ға дейін арттыру;
- Көрші мемлекеттерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен әкетуді шектеу бойынша қосымша шаралар қабылдап жатқанын айтады. 

Жиында айтылғандай, бес станцияда көмірдің нормативтік қоры сәйкес келмейді. Олар: 
- Семей ЖЭО-1-5 тәулік, норма 10 тәулік;
- Риддер ЖЭО-да 10 тәулік, норма 20 тәулік;
- Шахтинск ЖЭО-да 2 тәулік, норма 10 тәулік;
- Жезқазған ЖЭО-да 12 тәулік, норма 20 тәулік;
- Петропавл ЖЭО-да 10 тәулік норма бойынша 20 тәулік.

"Жол картасына сәйкес Петропавл 2-ші жылу электр орталығын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жалғасуда, бүгінгі таңда негізгі жабдықты (қазандықтарды) күрделі жөндеу 85%-ға орындалды, қазандық цехының бас корпусын қалпына келтіру бойынша жұмыстар, сондай-ақ қазандарды қалған екі түтін құбырына қосу арқылы газ құбырларын реконструкциялау жүргізілуде", – деп сендіреді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Сонымен бірге Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдері сақталмаған. 

Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында күрделі жөндеулер 2023 жылға ауыстырылды.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу