Көмірлі өлке көмірден қысылмай ма

4913

Павлодарлықтарға 428 мың тонна көмір қажет.

Көмірлі өлке көмірден қысылмай ма

Көмірдің бел ортасында отырса да, көмір тапшылығын павлодарлықтардың да сезініп қалатыны бар. Мәселен былтыр өңір тұрғындары қатты отынның жетіспеушілігінен біраз қиындық көрді. Баға да ырыққа көнбей, аспандап кетті. Аймақтағы ірі көмір кеніштерінде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Әйтеуір әупіремдеп жүріп, бұдан да өтті. Жергілікті билік биыл мұндай жағдай қайталанбайды деп сендіріп отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың сөзінше, былтырғыдай келеңсіздік қайталанбас үшін қазірден бастап қам жасалуда.

"Биыл қара күзден көктемге дейінгі жылыту маусымында павлодарлықтарға 428 мың тонна көмір қажет. Қазір тұрғындар 120 мың тонна көмірді сатып алды. Жұртшылық былтырғыдай әуреге түспес үшін облыс орталығында және аудан-қалаларда сату пунктері ұйымдастырылды. Аймақтың көмір базаларында 18 мың тонна отын сақтаулы тұр", – деді Ержан Иманзайыпов abctv.kz тілшісіне.

Атап өткеніміздей, сату пункттері Павлодар қаласында да жұмыс істеп тұр. Әзірше тұрғындар төрт жерден көмір сатып ала алады. Мұндағы көмір кеніштерден тікелей жеткізілетіндіктен, бағасы әлдеқайда арзан көрінеді.

"Көмірдің түрі мен сұрпына байланысты бір тоннасы 6 800-17 000 теңге аралығында сатылуда. Павлодар қаласында "А-Вест Павлодар", "Элит КЗ", "Северэнергоугольснаб" және "Qaz Coal Trade" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ресми сатушылар болып белгіленген. Олар отынды "Богатырь-Көмір" және "Майкөбен-Вест" кеніштерінен тікелей жеткізеді. Көмір саудалайтын серіктестіктердің тиісті сертификаттары бар. Салық, эмиссия сынды міндетті төлемдерді жасайды. Бұл ресми тіркелген сауда орны болғандықтан, бағаны өзге делдалдар сияқты шарықтатып жібере алмайды", – дейді Ержан Иманзайыпов.

Дегенмен басқарма басшысы көмір бағасының қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармады. 

"Ауа температурасы төмендеп, күн күрт суытқанда сатушылар бағаны арттыруы әбден мүмкін", – деді ол.

Деректерге сүйенсек, қазір облыс аумағында 300-ден астам жеке кәсіпкер көмір тасымалымен айналысады. Бұл ретте облыс басшылығы жүк тиеген көліктердің нормадан аспауын қатаң бақылауды қолға алуды тапсырған болатын. Яғни жергілікті полиция қызметкерлері жұмысты күшейтіп, көмірді тиісті көлемнен артық тиегендерді жауапқа тартуы қажет.

"Былтыр майкөбе көмірінің бір тоннасын 10 мың теңгеге сатып алған едік. Биылғы баға – 13 мың теңге. Көмір сатушылардың айтуынша, олар бір барғанда бұрынғыдай көп көлемде көмір әкеле алмайды. Оған рұқсат жоқ. Сондықтан қазан айынан бастап бір тонна отынның бағасы тағы 1-2 мың  теңгеге өсуі мүмкін екенін ескертті. Жалпы, менің отбасыма бір қысқа 7 тонна көмір қажет. Демек кем дегенде 91 мың теңге дайындап қоюуым керек. Алатын жалақым – 40 мың теңге. Амал жоқ, қорадағы малдың біреуін сатып, көмір аламын", – дейді Ақтоғай ауданының тұрғыны Марат Ықыласов.

Еске сала кетейік, жергілікті билік көмір бағасын реттей алмайды. Оларға мұндай құзырет берілмеген. Тек делдалдарға ұсыныс қана жасай алады. Ал тасымалдаушылар мұны ескере ме, жоқ па ол бөлек мәселе.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу