Кеншілер шаһарын жылумен қамтитын жалғыз станция – "ПавлодарЭнерго" АҚ-ға қарасты Екібастұз жылу-электр орталығының жылдар бойы қордаланып қалған мәселесі жетіп артылады. Соның салдарынан алдағы жылу маусымына дайындық мардымсыз жүріп жатыр. Бұлай жалғаса берсе, биыл қала тұрғындары қыста "қатып" қалмай ма деген қауіп бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Станция – "хәл үстінде"
Жылу беру маусымының басталуына бір айдан сәл ғана астам уақыт қалды. Ал Екібастұздағы жылу станциясында дайындық жұмыстары тым баяу жүріп жатыр. Бүгінгі күні жоспарланған жұмыстың бар-жоғы 20%-ы орындалды. Тіпті, жұмыстарды атқаратын мердігерлер анықталған жоқ. Себебі қызмет көрсетуші ұйымдар станция жалақыны уақытылы бермейтіндіктен, әріптестік орнатудан бас тартады. Өйтіп-бүйтіп мердігерлер тауып, жөндеу жүргізгенмен, қыс уақытында тек 7 қазандық жұмыс істеуі мүмкін. Ал олардың қуаты екібастұздықтарды жылытуға жетпейді.
Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Арман Әмірғалинов жағдайдың барлығын өз көзімен көріп, станция "хәл үстінде жатыр" деген байламға келді.
"Орталықтағы құралдардың техникалық жағдайы тым төмен. Яғни биыл жылу маусымы былтырғыдан қиын болары анық. Мұның барлығы жөндеуге бөлінетін қаржының аздығы мен толыққанды жаңғырту шараларының болмауынан туындап отыр. Жылу желілерінің жағдайы тіпті нашар. Бүгінде құбырлардың 89%-ы әбден тозған. Осыған дейін желілердің 445 метрі күрделі, 2 891 метрі ағымдағы жөндеуден өтіпті. Бұл – теңізге тамған тамшыдай", – дейді депутат.
Қалалық мәслихаттың тағы бір депутаты Татьяна Шмидт қызметкерлерге жасалған жағдай мен әлеуметтік мүмкіндіктері де көңіл көншітпейтінін бүгіп қалмады.
"Еңбек ұжымымен кездесу маған ауырға соқты. Себебі жұмысшылардың дәрменсіздігін байқадым. Жалақылары төмен, еңбек жағдайы қарастырылмаған, тіпті жеке қорғаныс заттары жоқ. Жұмысшыларға респираторларды жууға тура келеді. Қаупі жоғары цехтарда еңбек ететін адамдарға сүт өнімдері уақытылы берілмейді. Осындай түйткілдер шаш етектен. Алайда "Орталық Азия энергетикалық корпорациясы" мен "ПавлодарЭнерго" компанияларының басшылықтарынан еш қайран жоқ", – деп ашынады депутат.
Тегін беруге ниетті
Жалпы Екібастұз станциясындағы қиындықтар осыдан біраз уақыт бұрын басталған болатын. Инвестицияның жеткілікті көлемде бөлінбеуі салдарынан жөндеу, жабдықтарды жаңарту жұмыстары уақытылы әрі сапалы жүргізілмей, қолда бар қондырғылар тоза берді. Сол тұста қала басшылығы орталықты мемлекет меншігіне қайтаруға ұсыныс жасады. Алайда компания басшылығы "бізде бәрі жақсы" деп қу шөпппен ауыз сүртіп, ұсынысты қабылдамақ түгілі қарастырған да жоқ. Ал биыл шілдеде жылдар бойы жиналып қалған ауыртпалықтың барын бүкпесіз айтты. Бәлкім, ауыр жүк боп тұрған станциядан оңай құтылуды қалады ма, кім білсін?! Әйтеуір, станция басшысы Виктор Вебер жылумен қамтитын кәсіпорынның активі 11 млрд теңгеден 500 млн теңгеге дейін түсіп кеткенін айтты.
Оның сөзінше, компания мемлекетке оны жарты млрд теңге түгілі тегін беруге де дайын. Алайда енді оны жергілікті әкімдік сатып алуға әзір емес. Жекеменшіктегі кәсіпорын қайтадан мемлекет қарамағына өтуі үшін алдымен техникалық аудит жүргізілуге тиіс. Оған қыруар қаражат пен көп уақыт қажет. Содан соң ғана коммуналдық меншікке өтуі мүмкін.
Бірақ Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов қазір бұл мәселе күн тәртібінде жоқ екенін атап өтті.
"ПавлодарЭнерго" АҚ мәліметі бойынша, кәсіпорын екібастұздық жылу-электр орталығын сатылымға шығаруды жоспарлап отырған жоқ. Сәйкесінше, қала әкімдігі алдында оны сатып алу мен техникалық аудит жүргізу мәселесі тұрған жоқ. Биыл жөндеуі жоспарланған үш қазандық пен бір турбинада жұмыстар жүріп жатыр. Жоспардан тыс тағы бір қазандық жөнделетін болды", – дейді Ержан Салханов.
Түк дайындық жоқ
Бұл ретте кеншілер шаһарындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың барлығының дерлік жылу маусымына дайын емес екенін де атап өту керек. Станция осындай қиын жағдайда тұрған тұста жекеменшік және бюджеттік мекемелер қол қусырып қалмауға тиіс. Себебі алдағы уақытта жылу қысымының жоғары болып, параметрдің тиісті көрсеткіш көлемінде сақталуы дайындыққа тікелей байланысты.
"ЕкібастұзжылуЭнерго" ЖШС бас инженері Евгений Банченко жылу желілерін гидравликалық сынақтардан өткізу, оларды жуу мен тазалау маңызды екенін атап өтті.
"Бұрынғыдай тұтынушылардың барлығына бірдей жоғары параметрлердегі жылуды бере алмаймыз. Сондықтан жылу энергиясын пайдаланушылар жауапкершілік танытып, өздеріне тиесілі учаскелердегі жұмыстарды жүйелі жүргізуі тиіс. Сол кезде ғана жылу керек көлемде беріледі", – дейді бас инженер.
Қазіргі таңда қаладағы 694 көпқабатты үйдің бірде-бірінде жылу маусымына дайындық актісі жоқ. Жеке сектордағы 5 652 жер үйдің тек 13-і тиісті жұмыстарды атқарды. Сондай-ақ 23 мектептің төртеуі, 11 денсаулық сақтау мекемесінің біреуі ғана жылу маусымына әзір. Шаһардағы 1 116 заңды тұлғаның небәрі 14-і дайындық шараларын пысықтады.
Қала әкімі Ардақ Қаңтарбаев қазір бұл мәселеге аса бас қатырмайтын болар, себебі орынбасары жемқорлық үшін сотталған соң, ол отставкаға кету жөнінде өтініш жазды.
Таяуда облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовпен кездескен екібастұздықтардың дені жылдар бойы пәтерлерінде бүрсең қағатынын айтып, шағымданған болатын. Станцияны жөндеу, ескірген желілерді жөндеу, дайындық актілерін алу мәселелері жақын күндері шешілмесе, тұрғындардың биыл тіпті тоңатын түрі бар.
Құндыз Қабылденова