Көмірсіз өмір көңілсіз

4979

Қарағанды облысының тұрғындары көмірге жарымай отыр. 

Көмірсіз өмір көңілсіз

Былтыр ақпан айында көмірдің тоннасын ауласына 7 мың теңгеден түсірген қарағандылық Александр Немчинов биыл бір тонна көмірді 10 мың теңгеден сатып алуға мәжбүр болып отыр.

"Көмірдің үстінде жүрсек те қымбат бағаға ұрынып жатырмыз. Мен ең арзан әрі сапасыз көмір алдым. Сапалы көмірдің бағасы қымбат, оған шамам жетпейді, – деп налыды Александр Немчинов.

Сорақысы сол, кенді өлкеде көмірдің бағасы шарықтап кетуімен қатар тапшы бола бастады. Салдарынан халыққа көмір жеткізетін компаниялардың жұмысы да  тоқтады.

"Кузнец кен орны көмірді шетел асырып жатыр дегенді естіп жүрміз. Ал басқа кен орындары жергілікті тұрғындарға өнімдерін сатпайды. Олар тапшылықты қолдан жасап отыр. Кен орындарының барлығы жекеменшік болғандықтан ойларына келгенін істейді. Бағаны тағы да өсіру үшін тапшылық қолдан жасалып отыр, – дейді көмір тасымалдайтын компанияның автомеханигі Алексей Ефанов.

Қарағандыда ең арзан көмір Кузнец кен орнында  өндіріледі. Қазір осы кен орнының өзі әлдеқандай болып, көмірін сатпай отыр. Ал Шұбаркөлдің сапалы көмірінің құны қол жеткізбей тұр.  

Көмірді "Sat Komir" компаниясы ғана сатып жатыр. Бұлардың бір кемшілігі өнімдерін діттеген жеріне жеткізіп бермейді. Ал көмір тасымалдаушылар бұл қызметті өте қымбат бағаға атқарады.

"Көмірді тасымалдау кезінде жанар-жағармайға шығын шығады. Соны өтеу үшін тасымал құны қымбат болады. Біз көмірдің тоннасын 5 мың теңгеден сатамыз. Ал жеткізу мәселесін тұтынушының өзі шешуі тиіс", – деп түсіндірді "Sat Komir" АҚ Таукен компаниясының коммерциялық директоры Виталий Козаченко.

Дәл қазір Қарағанды тұрғындары сапасыз көмірдің тоннасын 10, сапалы көмірдің тоннасын 18 мың теңгеден сатып алуда. Ал ауылдағы ағайынға тасымал құнын қоса есептегенде көмірдің тоннасы 25-30 мың теңгеге шығып жатыр.  

Айтпақшы Астана көмірді Қарағандыдан алады. Былтыр кеншілер қаласынан көмір жетпей қалғанда бас шаһардың тұрғындары кәдімгідей қиналды. Биыл да солай болатын тәрізді. Өйткені қазірдің өзінде елорда да Шұбаркөл көмірінің  тоннасы 16 мың теңгеден саудаланып жатыр. Ал көмір сататындар былтырдан қалған көмірді өткізіп жүргендерін, Қарағандыдан көмір жетпей жатқанын, баға тағы да өсетінін айтып жүрген көрінеді.  

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу