Коммерцияланған технологияға инновациялық грант тағайындалады

3659

2020 жылы индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы басталады.

Коммерцияланған технологияға инновациялық грант тағайындалады

Экономиканың басым секторларындағы еңбек өнімділігі мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін атқарушы билік пен өндірістік кәсіпорындар және бизнес-қауымдастығы бірлесіп әрекет етеді.  

"QazIndustry" "Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әлішер Әбдіқадыровтың мәлімдеуінше, акционерлік қоғам 2020 жылдан бастап жүзеге асырылатын индустрияландырудың үшінші бесжылдығының тұжырымдамасын әзірлеуде. Аталмыш құжат цифрлық дәуірде әрекет етудің темірқазығына айналуға тиіс.

"Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын негізге алатын тұжырымдама жүйе құраушы кәсіпорындарға индустрия 4.0 технологиясын енгізуді көздейді. Бесжылдық аясында өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Нәтижесінде еңбек өнімділігі - 1,7, экспорт көлемі - 2,3, негізгі капиталға инвестиция тарту - 2, жұмыс істейтін кәсіпорындардың саны - 1,6 есе өседі", – деді  Әлішер Әбдіқадыров.

Басқарма төрағасының сөзінше, "QazIndustry өңдеу өнеркәсібі саласына "бір терезе" қағидасы бойынша мемлекеттік қолдаудың барлық түрін ұсынады.

"Біз өндірістік кәсіпорындарға барлық кезеңде, оның ішінде технологиялық шешім қабылдау, сертификаттау, цифрлық технологияларды қолданысқа енгізу кезінде көмек көрсетуге әзірміз. Мақсатқа жету үшін технологияны коммерцияландыруға инновациялық грант түрінде қайтарымсыз қаржы тағайындаймыз, еңбек өнімділігін арттыруға үлес қосқан және экспорт көлемін көбейткен кәсіпорындардың жекелеген шығындарын жабамыз. Мемлекеттік қолдау арқылы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әкімшілік кедергілерге тосқауыл қоямыз, экспорт нарығына жол ашып, өндірілетін тауар номенклатурасын ұлғайтамыз", – деп түйді сөзін Әлішер Әбдіқадыров.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу