Мемлекеттік сатып алу – жемқорлық жайлаған сала. Бұл жерде триллиондаған теңге айналымда жүр. Демек бас айналдыратын сомалардың сыбайлас жемқорлыққа жол ашатыны түсінікті. Мәселен, жиындардың бірінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Сыбайлас жемқорлық – ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер. Мұнымен мықтап күресетін боламыз. Оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласына ерекше назар аударылмақ", деген болатын.
Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-басшысы Алик Шпекбаевтың жиындардың бірінде "жемқорлыққа қатысты әрбір төртінші қылмыс мемлекеттік сатып алу саласында жасалады" деп айтқаны әлі есімізде. Бұл салада мәселенің көп екенін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин де мойындап отыр. Мемлекеттік сатып алу кезінде негізсіз жоғары талаптар қою, белгілі бір орындаушылардың мүддесін қолдау, сатып алуды қайта болдырмас үшін бәсекелестермен бірігу, тапсырыс берушілер тарапынан бюджет қаражатын үнемдемеу... Саладағы кемшіліктерді осылай жалғастыра беруге болады.
Соның бірі – тікелей шарт жасасу арқылы қызметті я тауарды бір көзден сатып алу. Бірақ "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның өзі осыған жол беріп отыр. С. Жұманғариннің мәліметінше, заңда аталған жолмен сатып алуды жүргізуге жол беретін 52 негіз қарастырылған. Демек бұл тиісті заңды әлі де жетілдіру керектігін көрсетеді.
Осы күні ебін тапқандардың бәрі тендерге қатысады. Онда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Тек мемлекеттік сатып алуды майшелпекке айналдырып, мойнына алған міндеттемесін орындамайтындардың жиі кездесетіні қынжылтады. Өкініштісі, жұмысына жүрдім-бардым қарайтын мұндай жауапсыз орындаушыларды тезге салатын тетіктің өзі солқылдақ болып тұр. Өйткені тендердің талабын толық сақтамағандары үшін қолданылатын жазаның жеңіл екенін жақсы біледі. "Әрі кетсе "Жосықсыз қатысушылар тізіліміне" барып "жайғасармыз" деп жайбасарлық танытатын мұндай орындаушыларды тезге салудың басқа тетігі және жоқ.
Мұны жалпақ тілмен "қара тізім" десе де болады. "Қара тізімге" енгендер 24 ай, яғни 2 жыл бойы мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыса алмайды. Қаржы министрлігінің ресми мәліметінше, 2020 жылы сот шешімімен 1 915 келісімшарттық міндеттемені орындамаған компаниялар "Жосықсыз қатысушылар тізіліміне" енгізілген. Ал осы жылдың қаңтар-шілде аралығында 1 083 келісімшартты орындамаған компаниялар "қара тізімге" алыныпты.
Мемлекеттік сатып алу саласының маманы Айшат Уәлиолланың айтуынша, жауапсыз орындаушыларға тағайындалатын жаза тым жеңіл. Мұны жаза деп те айта алмаймыз. Шектеу дегеніміз дұрыс шығар. Сондықтан ол компанияларға қойылатын талап та, жаза да қатаңдатылуы керек деп есептейді.
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Айтенованың пікірінше, мемлекеттік сатып алу саласында тапсырыс берушіден де тиянақтылық талап етіледі. Заңда орындаушыларды жауапкершілікке тартудың жолдары нақты қарастырылған. Мәселен, оны "жосықсыз орындаушы" деп тануға болады. Сотқа жүгінуге мүмкіндік бар. Кемшіліктерді қалпына келтіргенше, атқарылған жұмыстардың актісіне қол қоймауға болады немесе толықтай есеп айырыспау керек.
"Бұл ретте тапсырыс беруші де жауапкершілік арқалайтынын естен шығармау қажет. Мәселен, тапсырыс беруші орындаушыны "жосықсыз қатысушы" деп тану үшін сотқа уақытында жүгінбесе немесе мүлдем жүгінбесе лауазымды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл тапсырыс берушілердің мұқият болып, орындаушының қызметіне тыңғылықты мониторинг жүргізу қажеттігін, қоғамдық бақылау тетігін пайдалану керектігін көрсетеді", – дейді Ш. Айтенова.
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының маманы Ғалымжан Оразымбеттің айтуынша, компаниялардың келісімшартты бұзуы, оны дұрыс орындамауы, орындаудан бас тартуы – үлкен проблема. Оны жан-жақты зерттеу керек. Бірінші кезекте себебін анықтаған абзал. Орындаушы тарапты біржақты кінәлауға тағы болмайды. Жауапты мемлекеттік органдар мен басқа тараптар бұл проблеманы зерттеп, себебін анықтауы керек. Әзірше бұл бағытта атқарылған жұмыс мардымсыз.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сүйенсек, 2020 жылы барлығы 39 мыңнан астам келісімшарт бұзылған және бұзу туралы шешімді күтіп тұр. Олардың жалпы сомасы 380 млрд теңгеге жуықтайды. Ал 2021 жылдың басынан бері 17 мыңнан астам келісімшарт бұзылған және бұзылу сатысында тұр. Олардың сомасы 104 млрд теңгеден асады. Мемлекеттік сатып алу арқылы жұмсалатын қаржы біздің проблемамызды шешуге, сапалы мемлекеттік қызмет алуымызға бағытталатынын ескерсек, өткен жылы 380 млрд теңгеге, ал биыл 104 млрд теңгеге алуға тиіс қызмет алынбай қалды немесе бізге кешігіп жетті.
Осы орайда назар аударыла бермейтін, бірақ көп жағдайда сатып алуға теріс әсері көп тағы бір мәселе бар. Ол – мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырып, өткізе алатын білікті мамандардың аздығы. Республикалық, облыстық деңгейдегі жағдай жақсы болғанымен, аудан, ауыл көлемінде мамандар жетіспейді. Бұл сатып алу құжаттарын сапалы, дұрыс толтыруға кедергі келтіреді. Мұның кесірі тұтас процеске тиеді. Сатып алуды сапасыз өткізу – қаржыны тиімсіз жұмсау, жемқорлық тәуекелдерін арттыру деген сөз.
Қаржы министрлігінің дерегінше, бүгінде мемлекеттік сатып алуға арналған веб-порталда 24 мың тапсырыс беруші мен 96 мың тапсырыс орындаушы тіркелген. 2020 жылы республика бойынша саланың айналымдағы қаржысы 6,4 трлн теңгені құраған. 5,8 трлн теңгеге электронды келісімшарт жасалыпты. 2021 жылдың қаңтар-шілдесінде веб-порталға 5,3 трлн теңгенің тапсырысы орналастырылған. Бекітілген электронды келісімшарт сомасы – 3,7 трлн теңге.
Ғалия Әділ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!