Компьютерге мұқтаж оқушыға көмектесу науқаны басталды

7997

Азаматтар өзі оқыған мектебіне көмектесе алады.  

Компьютерге мұқтаж оқушыға көмектесу науқаны басталды

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев жаңа оқу жылында балалар қашықтан білім алатынан еске сала отырып, компьютерге мұқтаж оқушыларға көмек қолын созғысы келетін компаниялар мен азаматтарды "OQY'SHYNY QOLDA!" акциясына қатысуға шақырды.

Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, халықтан жиналған қаржыға алынған компьютерлерді бірінші кезекте ата-анасынан айырылған және ерекше қажеттілігі бар балалар алады.

"Білім және ғылым министрлігі "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы және "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігімен бірге "Мектепке жол" қоғамдық қозғалысы аясында "OQY'SHYNY QOLDA!" республикалық қайырымдылық акциясын басталды. Науқан қолдауға аса мұқтаж білім алушыларға меценаттар мен еріктілердің көмегі есебінен уақытша пайдалануға берілетін компьютерлік техника, ноутбуктер мен планшеттер сатып алуға арналған. Компьютерлерді бірінші кезекте ата-анасынан айырылған және ерекше қажеттілігі бар балалар алады. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен көпбалалы жанұяларға және ата-аналары мүгедек балаларға көмек көрсетіледі", – деді комитет төрағасы.

"Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева компьютерге мұқтаж балаларға көмектесу үшін арнайы сайт ашылғанын айтты.

"qoldau.edu.kz сайтын тегін жасап бердік. Ол сайтта Білім және ғылым министрлігі растап берген 20 мыңнан астам баланың тізімі бар. Әр түрлі санаттағы жанұядан шыққан балалармен қатар, ауыл балаларына да көмек көрсетіледі. Баланың тізімге кірген-кірмегенін тексеру үшін, оның ЖСН-нің соңғы үш нөмірін арнайы формаға енгізу керек. Сол кезде қала, аудан, өңір, мектеп көрсетілген кесте ашылады. Кестеде бірінші кезекте тұрған балалардың тізімі жазылған. Олардың барлығын қамтамасыз етіп болғаннан кейін, көмектің екінші кезеңі басталып, басқа балаларға да жәрдемдесеміз", – деп түсіндірді Ләззат Шыңғысбаева.

Науқанға тек кәсіпкерлер ғана емес, жеке тұлғалар да қатыса алады.

"Компьютерлік техника сататын ірі компаниялар бізге жеңілдік беріп, серіктесіміз болса дейміз. Логистикалық компаниялар жүкті жер-жерлерге жеткізуге көмектесе алады. Сонымен қатар, жекелеген азаматтар да балаларға қол ұшын созғысы келсе, сайтта еш қиындықсыз қаражат аударуға мүмкіндік бар. Ал нақты өзі оқыған мектебіне көмектесуді қалайтындар, осы сайт арқылы мектебін таңдауына болады. Бұрын қолданған компьютерін, басқа да гаджетін бергісі келетін компаниялар мен азаматтар 1432 нөміріндегі call-орталыққа хабарласуына болады. Науқанға еріктілердің де көмегі қажет. Сондай-ақ, осы акция жайлы басқаларға айтсаңыз да мұқтаж балаларға көмектесесіз", – деді қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу