Қонаев қаласында Алматы облысының тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін заманауи Кардиологиялық орталық өз жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба "Интермед Плюс" ЖШС тарапынан Алматы облысы әкімдігінің және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды. Орталықтың ашылу салтанатына Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов қатысты.
Кардиологиялық орталық 50 төсек-орынға арналған және тәулік бойы жоспарлы әрі шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Мұнда интервенциялық кардиология, аритмология және кардиохирургия бөлімшелері жұмыс істейді. Пациенттер диагностикадан бастап жоғары технологиялық операцияларға дейінгі емнің толық кезеңінен бір медициналық ұйымда өте алады.
Орталықты жарақтандыру үшін 100-ден астам заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Олардың қатарында ангиографиялық жүйе, электрофизиологиялық зерттеулер мен радиожиілікті абляция жасауға арналған аппараттар, заманауи кардиохирургиялық операциялық бөлме, компьютерлік томограф, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйелер және зертханалық жабдықтар бар.
Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, жаңа орталықтың ашылуы өңірдегі мамандандырылған медициналық көмекті дамытудағы маңызды қадам.
"Бүгін біз Алматы облысының тұрғындарына жоғары технологиялық кардиологиялық көмекті қолжетімді ететін жаңа орталықты іске қосып отырмыз. Жүрек-қан тамырлары аурулары халық денсаулығына елеулі қауіп төндіретіндіктен, кардиологиялық қызметті дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген және білікті мамандар жұмыс істейтін бұл орталық мыңдаған адамның өмірін сақтап, өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін", – деді Ержан Сүлейменов.
Айта кету керек, жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып, ғимарат құрылысына бюджет қаражаты жұмсалған жоқ. Жаңа орталықтың іске қосылуы Алматы облысында кардиологиялық көмектің қолжетімділігін арттырып, Алматы қаласының медициналық ұйымдарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.