Кондитер нарығы "кермек татымақ"

2385

Қазақстан бизнесі ресейлік тараптың КО-да қант нарығын реттеу мәлімдемесіне қарсылық танытты.

Кондитер нарығы "кермек татымақ"

Өткен аптада Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО)  қант нарығында қызу талас туындады. Қант бағасын реттеу туралы мәселе Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңесте де талқыланып, бұл жағдайға Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев араласты. Ол Ресейде қант бағасы күрт түсіп бара жатқандықтан, ЕАЭО аумағына қантты импорттаудың қазіргі ережесі өзгеруі мүмкін екенін айтты. 2017 жылдың 1 тамызындағы есеп бойынша қант бағасы тура 44%-ға дейін төмендеп, 2014 жылғы деңгейге жеткен. Дмитрий Медведев бұл көп мөлшерде қант өндіретін ресейлік өндірушілерді толғандырып отырғанын атап кетті. Сол себепті қазір қант әкелуге қолданылып жүрген тарифтік жеңілдікке бірлескен сараптама жасалып жатыр.

Осыған байланысты Алматыда  Қазақстан кондитерлері қауымдастығы мен алкогольдік емес сусындар қауымдастығы  өкілдерінің  қатысуымен шұғыл баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Олар қант нарығын осылайша реттеуге мүлдем қарсылық танытып, бұлай болатын болса, кәмпит пен лимонад бағасын өсіретіндіктерін айтты. Сонымен қатар олар егер танымал сусындар мен кондитерлік өнімдердің бағасы қымбаттайын болса, онда оны көп адамның қалтасы көтермей қалатынын тілге тиек етті.

Қазақстан кондитерлері қауымдастығы басшысы Әлихан Талғатбектің айтуынша, баға екі түрлі жағдайда өсуі мүмкін. Егер өндірушілер қантты Кедендік одаққа (КО) кірмейтін елдерден әкелетін болса, онда оның бағасына 30%-дан 40%-ға дейінгі мөлшерде кедендік баж салығы қосылып, дайын өнім бағасы да шамамен дәл осылай өседі. Егер қантты тек Кедендік одақ елдерінен сатып алатын болсақ, онда ресейлік-белорусьтық баға белгілеу олигополиясына тәуелді боламыз.

Қауымдастықтардың келтірген мәліметіне сүйенер болсақ, Қазақстанның кондитерлік өнім саласына бір жылда 90 мың тонна қант керек екен, оның 80 мың тоннасы КО елдерінен жеткізіледі, ал тек 10 мың тоннасы КО кірмейтін елдерден әкелінеді. Егер бұл бастама қабылданатын болса, онда одаққа мүше емес елдерден қант әкелу мүмкін болмайды. Яғни олардың айтуынша, нарықта бәсекелестік мүлдем жоғалады.

Салалық  қауымдастықтар одақ аясында қанттың нақты бағасын анықтайтын, мысалы, Лондонның шикізат биржасы сияқты институттар  құруды ұсынып отыр. Онда сұраныс пен ұсыныстың есебінен баға балансы қалыптасатын болады. Сонымен қатар олар КО-ға мүше елдер ішкі нарықты тиісті сапада жеткілікті мөлшерде қантпен қамтамасыз ететініне көз жеткізу үшін  бірнеше жыл бойы мониторинг жасау керек деп отыр.

Әлихан Талғатбек осы жылы Ресейде қант қызылшасы мол өнім бергенін, алайда климаттың тұрақсыздығынан алдағы жылдары құрғақшылық пен үскірік болған жағдайда, ал бұл өндіру көлемінің төмендеуіне, соған сәйкес бағаның да өсуіне әкелуі мүмкін екенін сөз етті.

"Қымбат баға қосымша салмақ болмақ. Шығынға батып, нарықтағы үлестен айырылып қаламыз. Өзіміз қант өндірмейтіндіктен, бізге бағаны көтеретіні анық", – деді ол.  

Өсімдік және жануардан алынатын шикізатты терең өңдеу саласының сарапшысы Нұрлан Дәутқановтың пікірінше, кондитерлік өнімдер бағасының өсуіне көптеген себеп бар және бұл жерде әңгіме тек қантқа ғана байланысты емес.

ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша,  2016 жылы елге әкелінген сүт пен кілегей 78 мың тоннадан асқан, оның ішіндегі өндірістік кондитерлікте көптеп қолданылатын құрғақ сүттің үлесі 43,89 мың тонна болған. Осы көлемнің нақ үштен бірі ЕАЭО-ға мүше емес елдерден әкелінген.

Мысалы, дәл осы статистика бойынша, жергілікті өндірушілер тек 2017 жылдың қаңтар-шілде аралығында нарықтың құрғақ сүтке деген сұранысын тек 14,5%-ға ғана қанағаттандыра алған.

Пальма майы туралы сан түрлі әңгіме болса да, ол отандық кондитерлердің маңызды ингредиенті болып табылады. Статистикалық мәлімет бойынша, 2016 жылы Ресейден Қазақстанға әкелінген пальма майы 58%-ға артқан. Пальма майын Ресейге Нидерланд, Малайзия және Индонезиядан әкеледі.

Өткен жылдың басында Лондон және Нью-Йорк сауда биржасындағы кондитерлік шикізат бағасы екі есе өскен. Какао-атбас бұршақтарының тоннасы 2300 доллар, пальма майының бір тоннасы 3300 доллар, ал құрғақ сүттің бағасы 17,4 доллар, қанттың бір футы 0,22 долларға дейін шарықтап кеткен.

Нұрлан Дәутқанов кондитерлік өнімдер бағасы  нақты  15-25%-ға өседі деп отыр, өйткені шикізат бағасы  сауда нарығында ғана өсіп қана қоймай, ел ішіндегі доллардың өсуінен де қымбаттаған. Алайда Қазақстан кондитерлері қауымдастығы басшысы Әлихан Талғатбектің айтуынша, ұлттық валюта девальвацияға ұшырағаннан бері еліміздегі дүкендерінде тұрған кәмпиттің бағасы тек 10% ғана көтерілген. Бір уақыттарда отандық кондитерлер үшін тиімді уақыт болды. 2016 жылдың қазанынан бастап шикізат бағасы төмендеп, өндірушілерге шығындарын жабуға мүмкіндік туды.

Алматы қаласындағы "Kazakh Invest ұлттық компаниясы" АҚ өкілдігінің басшысы Арсен Насырханов  abctv.kz-пен болған әңгімеде: "Менің білуімше, қазақстандық кондитерлер нарықты өз іштерінде өңірлерге бөліп алған. Тіпті экспорттық нарықтар да бөлінеді. Бағаның өсуі нарықтың жартысын жоғалту деген сөз, яғни оның орнына басқа компаниялар, атап айтқанда ресейлік және украиналық компаниялар келуі мүмкін", – деп түсіндірді ол.  

Өсімдік және жануардан алынатын шикізатты терең өңдеу саласының сарапшысы Нұрлан Дәутқанов егер бұрын елде дайын импорттық өнім 75-80% болған болса, ал қазір 50% екенін айтып кетті. Сонымен қатар статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан 34894,3 тонна кондитерлік өнім экспорттаған (оның ішінде Ресейге – 22532,4 тонна), ал былтырғы жылдың осындай кезеңінде 22136,3 тонна (оның ішінде Ресейге – 13011,6 тонна) экспорттаған.

"Қымбаттауға себеп бар, – деп нақтылады кондитерлер қауымдастығының басшысы Әлихан Талғатбек. – Бірақ та бұған қоса біз ресейлік қант өндірушілерге тәуелді болуымыз мүмкін. Ал олар өздерінің баға саясатын ұсынатыны анық".  

Дегенмен баспасөз конференциясы тек кондитерлік өнім бағасының қымбаттайтынын хабарлауға себеп болды деген пікір туындап жатты.

"Алда Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Бір айдан кейін кондитерлік өнімдер мен сусындардың саудасы қызады. Сондықтан өндірушілер бағаның қымбаттайтынын халыққа құлағдар етпекші болған" , – деп болжам жасады Нұрлан Дәутқанов.    

Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері болса шоколад пен кәмпит бағасының қымбаттауына әзірге негіз жоқ деп есептейді.

"Жыл соңына дейін кондитерлік өнім бағасы қымбаттайды деген қауіп жоқ. Бізде құрғақ сүт өндіріледі, ЖЖМ жеткілікті. Ал какао-атбас бұршағы жайлы айтар болсақ, бізде мұның бағасын ұстап тұруға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Мысалы, өндірушілердің импорттық шикізатты сатып алуына берілген қарыз субсидияланады, мемлекет несие мөлшерлемесінің 7%-ын қайтарады", – деді Алматы қаласы ауылшаруашылық және  ветеринария басқарамасының басшысы Айдын Керімбек.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу