Ескі үйлердің иелері құрылыс компанияларының қанын қарайтты

7510

"Енді жаңа үйлер қоршауында ескі "күркесі" көзге шыққан сүйелдей болып тұр".

Ескі үйлердің иелері құрылыс компанияларының қанын қарайтты Фото: KP.KZ

Ірі қалаларда, әсіресе, Алматы, Астана мен Шымкентте қаланы дамытудың бас жоспарын бизнеске айналдырып, байыған адамдар жетерлік.

Схема қарапайым. Олар алдымен, әкімдіктердегі туыс-туған, жора-жолдастары арқылы инсайдерлік ақпарат алғызып, немесе әкімдік дамыту жоспарының жоба-макетін жариялағанда, соны фото-видеоға түсіріп, қандай ауданда ескі үйлер күресінге жіберілетінін біліп алады.

Содан соң ол аудандағы бейхабар баспана иелерімен тездетіп саудаласып, үйлерін мейлінше арзанға алады. Соңыра бас жоспарды жүзеге асыруға серіктес ретінде тартылған құрылыс компанияларына сол үйлерді бірнеше есе қымбатқа өткізеді.  

Сонымен қатар, ескі-құсқы үйлердің қожайындары да өз ауданының дамыту жоспары туралы біле сала, жылжымайтын мүлкінің бағасын көтере қояды. Салдарынан, еліміздің ірі қалаларында тұрғын үй құрылысының дамуына көнерген баспананы сатып алудағы проблемалар кедергі болып тұр.

Мысалға, Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы ұзақ жылға созылып кеткен. Тұрғын үй кешенінің екі кезегі ғана аяқталыпты. Салушы оны жалғастырайын десе, сүрілуге тиіс бірнеше үйдің тұрғыны ақылға сыймайтын құн сұрап, одан азға келіспей қойған.

"Осының алдында компания екі қабатты коттеджді иесінен сатып алып, күресінге жіберді. Бірақ оның қожайыны мәміленің мән-жайын, мүлкі үшін 150 миллион теңге өтемақы алғанын көршілеріне айтып қойыпты. Осыны ести сала, бұрын 35–45 миллионға келісіп отырған олар дереу айнып қалды. Жыл өткен сайын талабы мен тәбетін шектеу орнына, өршіп барады. Іргетасы жерге сіңіп, құлағалы тұрған жеркепе үйде бес отбасы тіркелген екен. Енді соның әрқайсысына бір-бір пәтерден беруді және 100 миллион теңге өтемақы төлеуді талап етуде", – дейді құрылыс компаниясының атын атамауды сұраған жұмысшысы.

Ол ескі үй тұрғындарының негізсіз талап қойғанымен шектелмей, шатақ шығарып, құрылыс салушымен ашық шайқасқа бой ұрғанын айтып, тиісті видеороликті көрсетті. Онда әлдебір адамның экскаваторшыға тап беріп, оның тұрғын үй кешенінің аумағында, яғни, өзіне қатысы жоқ жерде қазаншұңқыр-котлован қазуына кедергі жасауға тырысып жатқаны бейнеленген.

Ұқсас жағдайлар елорданың өзге аудандарында, тіпті бүкіл Қазақстанда көп. Құрылыс компанияларының заңгерлері ақылға қонымсыз өтемақы талап ететін үй иелерін өз баспанасын сатуға сот арқылы да мәжбүрлей алмайтынын, шарасыз екенін айтады. Заң бойынша мүлік иесі мүлкіне қандай ақы сұраймын десе де ерікті.

Осыны пайдаланып, пысық жандар сүрілетін бір үйге бірнеше отбасыны тіркетіп, өзара үлес бөлісіп алады. Содан жер қозғалса жайрап қалғалы тұрған ескі бір үйді сатып алу үшін компанияға бірнеше отбасымен қатар келісімге келуге тиісті болады. Біреуі келісімін бермесе, өзгесінің келісімі жарамсыз.

Ал, олардың әрқайсысы өзіне жеке көп бөлмелі жаңа пәтер талап етеді. Оны жөндеу үшін ақшалай өтемақыны қоса сұрайды. Құрылыс компаниясы мамандарының айтуынша, олардың бәрінің сұрағанын берсе, бұл шығындар жаңа ТК-дағы шаршы метр бағасына қосылып, шектен тыс қымбаттатады: әр пәтерге миллиондай қосымша ақы қосылуы мүмкін. Салдарынан, тұрғын үй кешенінің немесе әлеуметтік нысанның құрылысы тоқырайды.

Ескі үйлерді сүру үрдісінен байитындар осы және басқа схемаларды жолға қойып алған.

Қоғам қайраткері, Қостанайдың құрметті азаматы Аркадий Денисов қаланың Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы мен құрылыс салу жобасына арналған қоғамдық тыңдауға қатысқаннан алған әсерін бөлісті. Тараптар бірінші жолы ортақ келісімге келе алмағандықтан, тыңдау қайталай өткізілген екен. Осы кезеңде бірнеше отбасы өзара ымыраласып, топ құрып, мықты заңгерлерді жалдап үлгеріпті.

"Сүру мәселесі шамамен 400 отбасыны орнынан қозғайды. Залда жүз адам да болған жоқ. Өйткені көбісі келісімке келген. Көрініс келесідей: бір топ адам жеке үйлерінен, соғып алған сарайларынан айрылғысы келмейді. Қостанайды біртіндеп "үлкен деревняға" емес, әсем қалаға айналдыру туралы әкімдіктің жоспарына олардың түкіргені бар. Олар қала ортасындағы еңселі коттедждерінің сүрілгенін қаламайды, "қалсын, қалдыр!" дейді. Мұндай жағдайда ауқатты көршілерінің биік дуалдарының ортасында қысылған, қисайған апатты үйлер мен гараждар да қалатынын тыңдағысы келмейді. Сол көршілерінің пікірімен есептескен, аяушылық білдірген бірі жоқ", – деді қоғам белсендісі.    

Оның айтуынша, әкімдіктер жүргізетін қаланы реновациялау бағдарламалары – көптеген тұрғындар үшін лашықтан шығып, барлық коммуналдық қызметтері, өркениет игіліктері бар заманауи тұрғын үй кешендеріне көшудің, өзін нағыз қалалық сезіне бастаудың жалғыз мүмкіндігі.

"Біз қашан осылай өзімшіл болып алдық? Кешіріңіз, бірақ мұндай адамдарға Отан деген түсінік жат болса, таңғалмаймын. Олар туған жерін, тұрған қаласын қорғауға бейіл емес. Егер әлдеқалай әскери қимылдар бола қалса, бұларға үміт арту қиын, соғыс жоқ жаққа тайып тұруы мүмкін. Мен биліктің барлық тірлігін қолдай бермеймін. Алайда келмеске кеткір кеңестің архитектуралық архаикасынан арылып, заманауи қала салу, түзу көше тұрғызу жоспарын қос қолдап қолдаймын. Қоғамдық тыңдауда әкімдік қызметкерлері иесі келісім бермеген үйлерге тиіспеуге, қалдыруға уәде етті. Мысалы, "Жаңа қала" шағынауданында екі ескі үй сүрілмей қалды. Бірінің қожайыны құрылыс компаниясынан жалғыз лашығы үшін үш жаңа пәтер сұрапты! Енді жаңа үйлер қоршауында ескі "күркесі" көзге шыққан сүйелдей болып тұр", – деді Денисов.

Осындай проблемадан әбден ығыр болған елордалық құрылыс компаниялары Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке жүгінді. Олар әкімнің бизнеспен жыл сайынғы кездесуіне қатысты. Orda.kz тілшісі кәсіпкерлер арасынан құрылыс салушылар көп сұрақ қойғанын айтады.

Астана қаласының құрылысшылары одағының директоры Вячеслав Лазарев 26 жыл ішінде елорданың тіпті қала орталығындағы көнерген тұрғын үй қорынан құтыла алмағанына назар аудартты.

"Былтыр жыл соңында қаланы реновациялау және жаңғырту бағдарламасы жаңадан қабылданды. "Атамекен" палатасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, құрылысшылар одағы аталған бағдарлама бойынша ұсыныс-ескертпелерін берді. Мұндағы басты проблемалар құрылыс компанияларының, ескірген, апатты баспана иелерінің және жергілікті атқарушы органның өзара іс-қимылына қатысты болып келеді. Астананы жаңғырту бағдарламасы бекітілгені сол екен, ескі-құсқы баспананы сату бағалары күрт шарықтап кетті. Құрылыс компаниялары көбіне үйдің иелерімен өз бетінше келісімге келе алмайды", – деді Лазарев.

Ол жеке үйлердің, саяжайлардың және гараждардың қожайындары өз мүлкіне адам сенбес жоғары баға белгілейтініне шағымданды. Салушылар өзге де шығындары көп болғандықтан, әрі болашақ пәтерлерін сатып алушылардың қаржылық мүмкіндігіне қарайлап, сонша өтемақы төлей алмайды.  

Елорда басшысы Жеңіс Қасымбек қазіргі кезде Астанада апатты жағдайдағы баспаналардың шамамен 14 мың қожайыны барын айтты. Бағдарлама бойынша 2028–2029 жылдарға дейін әкімдік пен құрылыс компаниялары сүру және жаңа баспана беру проблемасын толық шешуге тиіс.

Ескі үй иелеріне 2024 жылы 700 пәтер берілді. Бұл алдыңғы жылдардың көрсеткішінен үш еседей көп. Дегенмен, үйін күресінге жіберу шартына келіскендердің қатары аздау екені байқалады.

"Келесі жылдан бастап, қосымша 1 мыңын алу жоспарлануда. Тұтастай алғанда, бүгінде тіркеуге алынған апатты баспананы 2028 жылға қарай күресінге жіберіп үлгеруге тиіспіз. Алайда бұл – біз тексеріп, анықтай алған баспана ғана. Шынында Астанада ескі үйлердің саны әлдеқайда көп. Оның үстіне тұрғын үй сыртында, гараждар, саяжайлар сияқты көнерген нысандар да жетерлік. Олар тіпті қаланың қақ ортасында тұр. Мысалы, Бауыржан Момышұлы көшесінде, Мыңжылдық аллеясында, "Хан Шатыр" жақта және басқасында бар. Оларды да сүру керек. Бірақ бекітілген, инвестициясы салынған жобалар көбіне сол бойы басталмайды. Өйткені бірнеше меншік иесі шығып, тіпті нарықтық құнынан бірнеше есе көп өтемақы талап етеді", – деді елорда әкімі.

Ол қазіргі уақытта әкімдік ескірген баспананы сатып алудың жаңа схемасын пысықтап жатқанын жеткізді. Оның мәні мынада екен: әкімдіктің өзі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация немесе басқа коммуналдық кәсіпорын арқылы үйлерді жер учаскесімен бірге сатып алады. Бұл жағдайда сатып алу бағасын тәуелсіз бағалаушы белгілейді. Содан соң қала әкімдігі өз иелігіне көшкен жер телімдерін құрылыс компаниялары арасында бөліске салады.

"Ары қарай ол жер учаскелерін аукцион арқылы сатуға, немесе ашық тендер арқылы салушыларға өткізуге болады. Дұрыс нұсқасы осы. Бір гәп бар: қолданыстағы заңнама мұны жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Заң бойынша егер қала жер телімін мемлекеттің мұқтаждығы үшін деп сатып алса, онда содан кейін оны тек мемлекеттің қажеттілігі үшін ғана пайдалана алады. Мысалы, мемлекеттік мектеп, мемлекеттік балабақша, жол және басқасын сала алады. Ол телімді құрылыс компанияларға қайта сатуға құқығымыз, құзырымыз жоқ. Алайда құрылыс салушыларды дағдартқан әлгі мәселені шешу үшін осы ұсынысты өте дұрыс санаймыз", – деді Қасымбек.

Қалаларды қарқынды дамытып, абаттандыруға ықпал ете алатын Астана әкімдігінің бұл бастамасы іске асуы және өзге өңірлерге таралуы үшін Парламент заңнаманы өзгертуі, толықтыруы керек.

Сондықтан елорда басшылығы тиісті заңдарға түзету енгізу ұсынысын ілгерілетуге ниетті. Жеңіс Қасымбек бұл проблеманы батыл әрі бүкіл Қазақстан бойынша шешу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, сонда басқа игіліктері сыртында бұл бастама пәтер құнын арзандатуға да септесетін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу