Англиялық клуб бұл ойынға негізінен жастар құрамын алып келді. Соған қарамастан лондондық футболшылар алғашқы минуттан елордалық команда қақпасы маңында жиі бой көрсетті.
Небәрі он тоғыз жастағы шабуылшы Марк Гиу қазақстандық команданың қорғаныс шебін біраз әуреге салды. Ойынның 14-минутында оң қанаттан елордалық футболшыларды алдап өтіп, Мұхаммеджан Сейсен қорғаған қақпадан саңылау тауып кетті.
"Челси" командасы бұл голдан кейін де басылған жоқ. Шабуылды үдете түсті. Сондай сәттердің бірінде Марк Гиу 19-минутта тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
Ал, Ренату Вейга 40-минутта "Челсидің" басымдығын арттыра түссе, оған "Астананың" жартылай қорғаушысы Марин Томасов 45-минутта бір голмен жауап қайырды.
Айта кетсек, "Астана" өз алаңында сербиялық "ТСЦ Бачка-Топола" (1:0) командасын жеңсе, португалиялық "Виториямен" (1:1) тең түсті. Сырт алаңда Уэльстің "Нью-Сейнтс" (0:2), кипрлік "Пафос" (0:1) клубтарына есе жіберді.
Қазірге дейін төрт турда "Астананың" еншісінде 4 ұпай бар. Турнир кестесінде 23-орында тұр.
Енді, елордалық клуб 19 желтоқсанда сырт алаңда Кипрдің АПОЭЛ командасымен шеберлік байқасады.