"Қайрат" Конференция лигасының төртінші турында "Карабахпен" күш сынасты. Матч Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 1:2 есебімен әзірбайжандық клуб жеңіске жетті.
Ойынның бірінші бөлігінде алаң иелері басымдық танытты. Хосе Канте, Небойша Косович пен Вагнер Лавта гол соғатын керемет мүмкіндіктер болды. Доп бірде қақпа бағанына тисе, кейбір сәттерде қақпашы керемет сейвімен көзге түсті. Ал ойынның 58-минутында Ибраима Важди Покатиловпен жеке-дара шығып, алғашқы голды соқты. Он минуттан кейін Хосе Канте таразы басын теңестіріп еді. Бірақ 72-минутта Абделла Зубир допты Стастың үстінен асыра тастап, командасына жеңіс сыйлады.
Естеріңізде болса, Бакуде өткен алғашқы ойын да дәл осындай есеппен аяқталған еді. Қос матчта да жеңіліс тапқан Құрбан Бердыев шәкірттері топтан шығу мүмкіндігінен айырылды. Ал әзірбайжандық клуб тарихында алғаш рет еурокубоктің плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Матчтан кейін командалардың бас бапкерлері ойынға қатысты пікір білдірді.
"Өте қиын ойын болды. Нысанаға бағытталған дәл екі соққы – екеуі де гол болды. Ойынымыздың сапасына көңіліміз толады. бірақ нәтиже көңілден шықпады. Біз екі қарсы шабуылды жүзеге асыра алмадық. Мен жігіттерге бұл біз бірге жұмыс істеген ең жақсы ойын екенін айттым", – деді "Қайрат" футбол клубының бас бапкері Құрбан Бердыев.
"Бұған дейін де айтқанымдай, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, Бакудегіден жақсырақ ойнауымыз керек еді. Біз тәжірибелі команданы жеңдік. 90 минут бойы күрестік. Команда жеңілсе де, мен біздің жігіттердің ойынына риза болар едім. Бұл біз үшін үлкен жеңіс. Құрбан Бердыевтің ұжымына сәттілік тілеймін!" – деді әзірбайжандық команданың бас бапкері Гурбан Гурбанов.
Айта кетейік, Конференция лигасындағы келесі матчты "Қайрат" 25 қарашада өз алаңында "Базельмен" өткізсе, бұл күні "Карабах" өз алаңында "Омонияны" қабылдайды.
Ермұхамед Мәулен