Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы алғашқы белбеуін жеңіп алды

2541

Алматы қаласында "МТК Қазақстан" промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен бокс кеші өтті.

Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы алғашқы белбеуін жеңіп алды

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (2-0, 2 КО) кәсіпқой рингтегі үшінші кездесуін өткізді. Алматыда өткен бокс кешінің басты оқиғасында бірінші ауыр салмақта WBO Asia Pacific титулы үшін күресте Қоңқабаев ресейлік Сервер Эмурлаевпен (23-1, 9 КО) кездесті.

Жекпе-жек он раундқа жоспарланған болатын. Алайда алтыншы раундта аяқталды. Себебі Эмурлаев одан әрі жұдырықтасуды жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Қоңқабаев қатарынан үшінші жекпе-жегін мерзімінен бұрын жеңіп, өзінің кәсіби мансабындағы алғашқы титулына ие болды.

Естеріңізге сала кетсек, Қамшыбек Қоңқабаев былтыр көктемде кәсіпқой рингке ауысқан болатын. Олимпиада лицензиясын жеңіп алған Қоңқабаев коронавирус пандемиясына байланысты турнирлер тоқтатылғандықтан бабын сақтап қалу үшін кәсіпқойлар арасында өтетін жарыстарға қатысуда.

Қоңқабаевтан бөлек, бокс кешінде жеңіл салмақта өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық боксшы Нұртас Ажбенов (11-0, 4 КО) ресейлік Евгений Смирновты (13-2-3, 3 КО) жеңіп, WBC Asia Continental титулын жеңіп алды.

Сонымен қатар Талғат Шәйкен (3-0, 2 КО) Алматыда "МТК Қазақстан" ұйымдастырған бокс кешіне қатысты. Жастар арасында өткен Олимпиада ойындарының финалисті, 2018-жылы жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатының чемпионы кәсіпқой рингтегі төртінші жекпе-жегін өткізді. Оның қарсыласы ресейлік Евгений Павко(18-3-1, 13 КО). Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек сегіз раундқа есептелген және екі бокшы соңына дейін жұдырықтасты. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті Шәйкенге берді.

Осылайша, Талғат кәсіпқой бокстағы жеңісті сериясын төрт жекпе-жекке дейін ұзартты. Ал Павко спорттық мансабында төртінші мәрте жеңіліс тапты.

Ермұхамнд Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу