Әлем кубогында әйелдер 500 м, 1000 м, 1500 м, 3000 м, ерлер 5000 м, масс-старт және командалық спринт бойынша сынға түсті.
Қазақстан әйелдер құрамасының спортшылары Надежда Морозова, Екатерина Айдова және Ольга Тихонова командалық спринтте бесінші болып мәреге жетті.
Үш кезең қорытындысы бойынша олар командалық спринттің жалпы есебінде 126 ұпаймен үшінші орынға ие болды. 168 ұпай жинаған Польша құрамасы жеңіске жетсе, 157 ұпаймен Канада спортшылары екінші орынға ие болды.
Әйелдер арасындағы масс-стартта нидерландтық спортшы Мерайке Хруневауд жеңіске жетіп, осы маусымдағы масс-старт жарыстарының жалпы есебінде мерзімінен бұрын бірінші орынға шықты. Екінші орынды италиялық Франческа Лоллобриджида, үшінші орынды канадалық Ивани Блонден иеленді.
Әйелдер арасындағы командалық спринтте Польша құрамасы – Анджелика Вуйцик, Кайя Зьомек-Ногаль және Каролина Бошек – 1:28.07 нәтижесімен жеңіске жетті. Күміс жүлдені Канада құрамасы, қола жүлдені Нидерланды құрамасы иеленді.
Келесі, 2024/2025 маусымының соңғы алтыншы кезеңі 2025 жылғы 28 ақпан - 2 наурыз аралығында Нидерландының Херенвен қаласында өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық конькиші Евгений Кошкин осы Әлем кубогында 500 метр қашықтықта 34,52 секунд нәтижесімен алтын медаль жеңіп алды. Күмісті канадалық Лоран Дюбрель (34,70 с), қоланы польшалық Марек Каниа (34,76 с) иеленді.