Ирландиялық файтер Конор Макгрегордың UFC-дегі оралу жекпе-жегіне арналған билеттер небәрі төрт минуттың ішінде толық сатылып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
UFC 329 турнирі 12 шілдеде Лас-Вегаста өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде Макгрегор америкалық Макс Холлоуэймен реванш өткізеді. Бұған дейінгі кездесуде ирландиялық спортшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жеткен болатын.
Соңғы жылдары Макгрегор жарақаттар мен допингке қатысты мәселелерге байланысты октагоннан тыс қалды. Қазіргі уақытта ол антидопинг ережелерін бұзғаны үшін берілген дисквалификация мерзімін өтеп жатыр. Шектеу мерзімі 2026 жылдың наурызында аяқталады.
Айта кетейік, соңғы рет 2021 жылы Дастин Порьеге қарсы жекпе-жек өткізіп, бірінші раундта аяғын сындырып алған еді. Содан бері ол UFC турнирлеріне қатыспаған.