Конспирология: COVID үшін кім кінәлі?

6297

Англия тұрғындарының айтарлықтай бөлігі коронавирусты мұсылмандар, еврейлер, қытайлар әдейі таратты деген қаскүнемдік теорияларына сенетін болып шықты. 

Конспирология: COVID үшін кім кінәлі?

Қазір планета үлкен дағдарыстың бел ортасында. Денсаулық сақтау саласы да,  экономика да, психология да дағдарыста. Респираторлық ауруға шалдықтыратын коронавирус пандемиясын тоқтату жолындағы күрес жер шарында миллиондаған адамның өміріне төңкеріс әкелді. Оның салдары әркім үшін әртүрлі. Ал, бұның бәрінің нақты себебі не, ертеңіміз қалай болады? Осынау сауалдарға жауап іздеген адамдардың арасында түрі конспирологиялық теорияларға сенетіндер көбейіп келеді.  

Жақында Оксфорд университетінің психологтары Англияда ауқымды социологиялық зерттеу жүргізді. Оның нәтижесіне сүйенсек, мұндағы тұрғындардың жартысына жуығы COVID-19 жайындағы қаскүнемдік теорияларына сенетіндерін айтып, 20 пайызға таяуы қауіпті вирустың тарауына еврейлер мен мұсылмандар кінәлі деп жауап берген. 

Сауалнамаға 2500-ден астам адам қатысып, солардың 50 пайыздайы "коронавирус - Қытайдың Батысты жою үшін ойлап тапқан биологиялық қаруы" деген идеяны белгілі бір дәрежеде қолдайтындарын айтқан. Респонденттердің бестен бір бөлігі болса, COVID-19-ды еврейлер экономиканы күйретіп, қаржылық пайда көру үшін ойлап тапты деген пікірде.

Сауалнамаға тартылғандардың 20 пайыздайы "Мұсылмандар бұл вирусты Батыстың құндылықтарына шабуыл ретінде таратып отыр" деген оймен ішінара келісетін болып шықты.

Зерттеуде көрсетілген өзге бір дерекке қарағанда, Англияда ересек тұрғындардың шамамен 59 пайызы жергілікті үкімет вирус туралы халықты шатастыратын ақпарат таратты деп есептейді. Тағы 62 пайызы "ковидті" адамдар өз қолымен жасады дегенге сенеді екен.

Ғалымдардың айтуынша, COVID-19 туралы қаскүнемдік теориясына иланатындардың көпшілігі - карантин мен әлеуметтік алшақтық ежелерін сақтауға құлықсыз жандар және де олар осындай жауапсыздығымен "аурудың тарауына ықпал етіп" отыр.

"Қаскүнемдік теориясына илану сенімсіздіктің өзге формаларымен де байланысты. Бұндай ілімдерге әуестік карантин принциптерін орындауға құлықсыздықпен, келешекте диагностикалық тест пен вакцинациядан өтпеу ниетімен де астасып жатыр. Сонымен қатар, қаскүнемдік теориясы параноямен, вакцинацияны қастандық деп көрсететін жалпы сеніммен, климаттың өзгеруін де астыртын саясат деп қабылдайтын менталитетпен, мекемелер мен мамандықтарға сенбеумен де байланысты", - дейді британдық университет ғалымдары.

Сенгіш канадалықтар, Гейтс және "Совет азаматтары"

Мамырдың 5-8-і күндері Оттавадағы Карлтон журналистика мектебі де сауалнамаға 2 мыңдай адам тартып, жергілікті тұрғындардың коронавирусқа қатысты конспирологиялық теориялар туралы ойларын анықтауға тырысты. Сұрақ-жауапқа қатысқан канадалықтардың 50 пайызға жуығы мұндай теорияларға сенетіндерін айтқан. Және де олардың 26 пайызы COVID-19 инфекциясы қытайлық зертханада биологиялық қару ретінде жасалды десе, 11 пайызы жұмбақ ауруды сондай қауіпті емес деп атап, оның 5G желісінің денсаулыққа зиянын жасыру үшін таратылғанына күмән келтірмеген.

Yahoo News және YouGov  жүргізген зерттеу нәтижесіне жүгінсек, Құрама Штаттарда республикалық партия жақтастарының 40 пайызы Билл Гейтс COVID-19-ға қарсы вакцинаны болашақта жер шарында миллиардтаған адамға микрочип салып, олардың қозғалысын бақылау үшін қолданбақ деген пікірде.

Солтүстік Осетияда "Совет азаматтары" деген қозғалыс 1991 жылы Кеңес одағының халқы "СССР" мемлекетін сақтап қалуға дауыс берді және сол ел әлі бар деп есептейді. Және де бұл ұйым Ресей Федерациясын АҚШ-тың Делавар штатында тіркелген жекеменшік оффшорлық компания деп атап, оның КСРО территориясын басып алғанын алға тартып отыр.

"Совет азаматтарының" қаскүнемдік теориясына қарағанда, коронавирус – фейк, оны Билл Гейт, Джордж Сорос тәрізді алып тұлғалар әлемді бақылауға алу үшін АҚШ-тың биологиялық қаруы ретінде жасап, дүниеге таратып отыр.

Теориия қай уақытта қаскүнемдік теориясына айналады?

Шын мәнінде бұл сауалға жауап беру қиын. Өйткені, қаскүнемдік теориясына қатысты ғалымдар арасында консенсус жоқ. Бірақ, Германияның Йоханнес Гутенберг университетінің әлеуметтік және құқық психологы Роланд Имхофф үшін "қаскүнемдік теориясы – қоғамның есебінен пайдаға кенелгісі келетін бірнеше тұлғаның құпия жоспарымен байланысты оқиға туралы болжам".

Имхоффтың ойынша, кейде қаскүнемдік теориясын қандайда бір оқиғаны ақтап алу үшін қолданатындар бар. Мәселен, 20-ғасырдың басында Ресей патшалығының құпия қызметі еврейлердің әлемдік үстемдікке ұмтылысын баяндайтын "Сионист данышпандарының протоколы" деген мәтін жазса керек. Кейні бұл антисемиттік  құжатты Адольф Гитлер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Холокосты ақтап алу үшін пайдаланған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу