Конституция әлде "Ханституция"?

2886

Алдын-ала қорытынды бойынша, Қырғызстан азаматтарының көпшілігі президенттің билігін күшейтуге дауыс берді.   

Конституция әлде "Ханституция"?

Қырғызстанда сәуірдің 11-інде өткен референдумда сайлаушылар Президентке көбірек өкілеттік беруді қолдап, халықтың популистік мемлекет басшысы Садыр Жапаровқа деген сенімін растады.  Бірақ плебицитке азаматтардың қатысу деңгейі төмендеу болды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бюллетеньдердің 75 пайызы саналып болғаннан кейін, Орталық сайлау комиссиясы алдын – ала мәліметтерді жариялады. Оған жүгінсек, сайлаушылардың көпшілігі – 79 пайызы реформаны қолдаған.  Дегенмен, жалпы қатысу жексенбі күнгі референдумды жарамды ету үшін қажет 30 пайыздық шектен сәл ғана жоғары болды.

Садыр Жапаров пен оның жақтастары күшейтілген президенттік билік 2005, 2010 және 2020 жылдардағы зорлық-зомбылықтар мен көтерілістерден кейін, елді тұрақтандырады деп үміттеніп отыр.

"Бұл Конституцияны ақсақалдармен, ғалымдармен және заңгерлермен бірге жасадық. Барлығы халықпен бірге талқыланды. Егер жұрт мұны қолдаса, ертең біз жаңа Конституция ережелері бойынша өмір сүре бастаймыз", –деді Садыр Жапаров дауыс референдум күні сөйлеген сөзінде.

АҚШ-та орналасқан Халықаралық республикалық институттың тапсырысы бойынша жүргізілген және осы айда жарияланған сауалнама нәтижелері Жапаровтың елдегі ең сенімді саясаткер екенін көрсетіп берді.

Социологиялық зерттеуге жүгінсек, былтыр тамызда - Сооронбай Жээнбеков билігі тұсында қырғызстандықтардың 41 пайызы мемлекеттің ұстанған бағыты дұрыс деген пікір білдірсе, биыл ақпан-наурызда мұндай көзқарастағы тұрғындардың қатары 70 пайызға дейін көбейген.

Жапаров бұл реформаны былтыр қазанда өткен парламенттік сайлауда Жээнбеков жақтастарының сөзсіз жеңіске жеткені туралы хабар тарап, одан соң басталған наразылық акциялары нәтижесінде билікке келгеннен кейін ұсынды.

Садыр Жапаров – бұрынғы парламент депутаты әрі жоғары лауазымды шенеунік. Ол облыс губернаторын ұрлауға қатысқаны үшін түрмеде отырып, күздегі дүрбелең кезінде қамаудан босатылды.

1991 жылы Кеңес одағынан тәуелсіздік алғаннан кейін, Қырғызстан көршілерінен  ерекшеленіп, Парламентке де, Президентке де маңызды өкілеттіктерге ие болуға мүмкіндік беретін саяси жүйені қабылдады. Бірақ бұл жүйе оның лидерлерін элиталардан көбірек қолдау іздеуге мәжбүр етті.

"Билікті иемдену"

Бұл конституциялық реформа Қырғыз Республикасының саяси жүйесін Қазақстан мен Өзбекстан сияқты посткеңестік көршілерінің саяси жүйесіне жақындатады және де осының арқасында Садыр Жапаровқа өз саясатын жүргізу жеңілдей түспек.

Бішкек тұрғыны - 65 жастағы зейнеткер Адис Асанов AFP агенттігіне берген сұхбатында айтқандай,  ол "мандаттарды сатып алып, өздерінің сыбайлас жемқорлық мүдделеріне ғана қызмет еткен парламент депутаттарынан көңілі қалғасын" жаңа конституцияға дауыс берген.

"Жапаров Үкіметі халық игілігіне жұмыс істеуге уәде берді. Өз басым оған  сенемін", – дейді Асанов.

Бақыт есімді 32 жастағы кәсіпкер болса, референдум қорытындысына мүлде разы емес.

"Мен қарсы дауыс бердім. Өйткені бұл – билікті басып алу, меншіктеу. Басшылық бір адамның қолына шоғырланбауы керек",– дейді ол  Reuters агенттігіне берген сұхбатында

61 жастағы Анар Насырова Жапаровқа сенбегендіктен, "қарсы" дауыс берген. "Оның сыбайлас жемқорлықпен күресуге берген уәделері не болды? Біз тек қарапайым рейдтерді ғана көріп жүрміз. Бұл президенттің реформаға тісі де батпайды, миы да жетпейді",– дейді Насырова  AFP тілшісімен болған әңгімеде.

Жергілікті сыншылар болса, жаңа Конституция жобасын асығыс дайындалған "Ханституция" деп атап, өткен ғасырларда Орталық Азия елдерін билеп-төстеген қуатты патриархтарды еске түсірді.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы да, Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы да қырғыздың реформаланған Негізгі заңы халыққа ұсынылғанға дейін "Парламентте мазмұнды әрі  инклюзивті қоғамдық кеңестер мен пікірталастардан өтпеді" деп сын айтып отыр.

Наурызда жарияланған бірлескен пікірлерінде екі орган "Президенттің шамадан тыс рөлі мен құзыреті" туралы алаңдаушылықтарын білдірген.

Парламент кішірейеді

Жаңа тәртіпке сәйкес, мемлекет басшысы атқарушы биліктің басшысы болуға және барлық дерлік судьялар мен құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындау жөніндегі өкілеттіктерді өз мойнына алуға тиіс. Тағы бір бөлімде ел мен билік арасында арағайындық рөлін атқаратын халықтық Құрылтай құру ұсынылды. Дегенмен, кейбір скептиктердің ойынша, бұл орган билікке "халықтық" деген рең беру үшін ғана жасақталуы мүмкін. Ал, Парламент кішірейеді. Үстіміздегі жылдың соңында өтетін сайлауда оған 120 емес, 90 депутат таңдалуы керек.

Парламенттің маңыздылығына нұқсан келтіретін тағы бір өзгеріс сол -  өзгерген Конституцияға сәйкес, президент референдумды өз бастамасы бойынша шақыра алады. Ал, бұрынғы келісімге сәйкес, қандайда бір мәселе бойынша плебицит өткізу үшін парламент мүшелерінің жартысының қолдауы немесе 300 000 адамның қолы қажет болатын.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу