Бұл туралы Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасұлов ортком қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы", – деді Абдрасулов.
Оның айтуына қарағанда, Назарбаевтың еңбегі аталған мәртебеге лайық.
Айта кетейік, бізде "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы" Конституциялық заң қолданыста. Заңда Тұңғыш президенттің мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігі тоқтағаннан кейінгі саяси-құқықтық мәртебесі, айрықша құзыреттері мен кепілдіктері айқындалған.
Атап айтқанда, Тұңғыш президент өзінің мәртебесі бойынша халық батыры атағына ие, оған Республика Президенттігіне сайлану құқығын шектеу қолданылмайды. Сонымен қатар заңмен Ұлт көшбасшысына қол сұғылмаушылық бекітілген. Ол Қазақстан Президентінің өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды, оны ұстап алуға, қамауға алуға және күзетпен ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке басын жете тексеруге болмайды.
Назарбаевқа және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, хат-хабарларға, оларға тиесілі құжаттарға да тиіспеушілік қолданылады.
Сондай-ақ заңда экс-президенттің қызметін қамтамасыз ету қарастырылған, ол Президенттің айлық жалақысының 80% мөлшерінде ай сайынғы зейнетақы алуға құқылы.
Тұңғыш Президенттің онымен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіне ол қайтыс болған күнге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қарттық бойынша зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.
Құжатта бірқатар басқа да артықшылықтар бар.
Жасын Қалибек