Конституциялық кеңес жабылуы мүмкін

2118

Қазақстанда Ата заңға арналған жеке, бөлек мемлекеттік орган құрылады. Ел Үкіметі оған қатысты заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Конституциялық кеңес жабылуы мүмкін Фото: tengrinews.kz

Әңгіме Конституциялық сот турасында болып отыр. "Қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде сөз сөйлеп, пікір білдірген кейбір саясаткерлер, қоғам белсенділері 1993 жылғы Ата заңды және сонымен бірге Конституциялық сотты қайтаруды талап еткені мәлім.

Неге? 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы кеңесі (Парламент) әр қазақ құрмет тұтатын тарихи құжатты – еліміздің Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңды қабылдады. Онда Ата заңды қорғайтын жоғарғы орган – Конституциялық сот болып табылатыны ашық айтылды. КС 1992 жылы құрылды. Кейіндері, 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата заңында Конституцияны қорғайтын биліктің жоғарғы органы ретінде Конституциялық сот бекітілді.

Ата заң бәрінен жоғары тұратындықтан, дәл осы орган тіпті Президенттен бастап, барлық билік тармақтарының үстінен билік жүргізе алатын. Яғни, қандай да бір заңға жүйрік азамат Үкімет жазып, Парламент құптап, Мемлекет басшысы қол қойған заңның Конституцияға қайшы екенін КС алаңында дәлелдеп шыға алса, биліктің әлгі тармақтарына КС үкіміне сөзсіз, еш қиғылықсыз бағынуға тура келетін еді. Бұл орган сонысымен биліктегілерге жақпағанға ұқсайды. Содан болса керек, абыз Әбіш Кекілбаев төрағалық еткен Жоғарғы кеңес даулы жолмен таратылған соң қабылданған 1995 жылғы жаңа Конституцияда Конституциялық сотқа орын табылмады. Оның орнына биік лауазымдылар жүгіне алатын Конституциялық кеңес атты ұйым құрылды. Халық Ата заң қағидаттарына қайшы, елге зиян заңдарды жойғызу құқығынан айырылды.

Бірқатар заңгерлер, саясаттанушылар мұның Ата заңның 3-бабындағы "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық" деген ережеге қайшы келетініне назар аудартып жүр. Мұның залалы біраз адамға тиді. Себебі әділдік іздеген бизнесмен немесе қарапайым адам Жоғарғы сотқа дейін жетуі мүмкін, алайда судьялар "заңда солай жазылған" деп, бет қаратпайды. Сонымен әділдік іздеуші тұйыққа тіреледі, бітеу қабырғаға маңдай соғады. Өйткені ол заңның конституциялық нормаларға қайшы екенін дәлелдеп, күшін жойғызайын десе, билік Конституциялық соттың өзін жойып жіберген.

Мысалы, пандемия кезінде меморгандар қаулы шығарып, егер қызметкерлері карантинді бұзса, сол үшін жұмыс берушілерді жазалады. Сондай-ақ қызметкерлері вакцинациядан өтпегені немесе ПТР-тест тапсырмағаны үшін тағы да бизнесмендерге айыппұлдар салды. Кәсіпкерлер мұның Конституцияға қайшы екенін әртүрлі диалог алаңдарында дәлелдеп бақты. Алайда Үкімет міз бақпады. Бұл талап тек эпидемиологиялық ахуал жақсара бастағанда алып тасталды.

Жалпы конституциялық талаптардың өмірде орындалуына қатысты жағдай енді Қ. Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құру реформалары аясында түзелуі мүмкін. Мемлекет басшысы биылғы 16 наурыздағы халыққа жолдауында Конституцияның ең жоғары заңдық күші барын еске салды. Алайда заңдар немесе Үкімет пен әкімдердің шешімі үнемі Ата заңға сәйкес келе бермеуі мүмкін. КС болмаған соң оны дәлелдеу қиын. Бұл жағдай Конституцияны декоративті, декларативті дүниеге айналдырады. Оны кез келген шенеунік бұза алатын.

Осы проблема көтеріле қалса, бұрынғы билік Конституциялық кеңестің (КК) барына сілтейтін. Биылғы жолдауында Қ. Тоқаев ол ұйымның кемшілігін атады: "азаматтар түрлі құқық нормаларына түсініктеме алу үшін Конституциялық кеңеске тікелей жүгіне алмайды". Яғни КК биік лауазымды тұлғаларға арналған "жабық клубқа" айналып кеткендей.

Әділет министрлігінің мәліметінше, бұл топқа Президент, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Премьер-Министр, сондай-ақ жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі қолдаса, Парламент депутаттары кіреді. 1995 жылғы Конституцияда КК-ге өтініш бере алатын осы субъектілердің тізбесі қатаң айқындалған.

Әрине, түрлі сылтаумен Конституциялық сотты құрғысы келмеген бұрынғы билікті қолдаған кейбір атақты заңгерлер "қазақстандықтарға жанама түрде, яғни сот арқылы болса да Конституциялық кеңеске жүгінуге мүмкіндік берілгенін" қайталаумен келді.

Ол қандай мүмкіндік?

Ата заңның 78-бабы судьяларға "Конституциямен баянды етілген адамның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға" тыйым салады. Тиісінше, егер судья сотта талқылау барысында әлдебір заң немесе нормативтік құқықтық акті, мысалы, Үкімет қаулысы, яки әкімнің шешімі "Ата заңда бекітілген адамның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді" деп тапса, ол дереу іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық кеңеске жүгінуге міндетті.

Бірақ мұның бәрі көзбояу екенін биліктегілер енді мойындап отыр. Өйткені мәселенің бәрі судьялардың бұл талапты орындай бермейтініне тірелген.

"Осылайша, бір қарағанда азаматтарға жанама түрде, сот арқылы болса да, Конституциялық кеңеске жүгіну құқығы берілді. Алайда іс жүзінде, практикада мұндай тетік тиімді жұмыс істемеді. Соттар сот процесіне қатысушылардың мұндай өтініштерін қанағаттандырудан жиі бас тартады. Оның үстіне іс жүргізу-процессуалды заңнамада тараптардың мұндай өтініштерін қарау тәртібі әлі күнге дейін нақты реттелмеген! Ендеше азаматтарға жаңадан құрылатын Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығын беру – олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың неғұрлым тиімді құралы болады. Яғни, әр адам КС-ке өзі жүгініп, осы құқығын өз бетінше іске асыра алады", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Айтқандай, бұл жаңа сотқа азаматтар сыртында, Бас прокурор және Адам құқығы жөніндегі уәкіл де жүгіне алатын болады.

Мұндай норма Әділет министрлігі әзірлеген "ҚР Конституциялық Соты туралы" конституциялық заңының жобасында көзделген.

Құжаттың елең еткізерлік жаңалығы бар: онда қазіргі Конституциялық кеңесті жабу ұсынылады. Оның орнына Конституциялық сот құрылмақ.

"Конституциялық бақылаудың қазақстандық моделі келесідей болуға тиіс деген ойдамыз. Біріншіден, "алдын ала конституциялық бақылау" аясында Парламент қабылдаған заңдардың Ата заңға сәйкестігін тексеру үшін оған Мемлекет басшысы қол қойғанға дейін ел Президенті, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Премьер-Министр, жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі қолдаса, Парламент депутаттары жүгіне алады. Екіншіден, "кейінгі конституциялық бақылау" аясында Президенттің, Бас прокурордың, омбудсменнің, соттардың және қарапайым азаматтардың өтініштері бойынша заңдар және өзге құқықтық актілер тексеріледі. Бұл ретте Конституциялық кеңестің енді Конституциялық сотқа трансформациялануы – жаңа органды ұйымдастыру тәртібі мен оның қызметіне қатысты негізгі ережелерді қайта қарауды қарастырады", – деп хабарлады Әділет министрлігі.

Қорыта айтқанда, Елбасы құрған Қазақстанда ширек ғасырдан астам уақыт үстемдік еткен "квазисоттық конституциялық бақылау" моделі (квазисудебный конституционный контроль) алда, Жаңа Қазақстанда "соттық конституциялық бақылау" моделіне өзгертілмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу