Конституцияны түпкілікті өзгертпей, келешек бұлыңғыр бола бермек – заңгердің талдауы

6115

Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазіргі уақытта қоғам ең көп талқылап жатқан тақырыптың бірі. 

Конституцияны түпкілікті өзгертпей, келешек бұлыңғыр бола бермек – заңгердің талдауы

Бұл мәселенің талқылануы заңды әрі орынды екені даусыз. Алайда көпшілік Тұңғыш президентке қатысты норманы талқылап кетті де, қалған нормалар көптің назарына ілінбей қалды. Қандай нормалар назардан тыс қалды? Нақты қандай ұсыныстар әлі де ескеріліп, қандай бағытта жұмыс жүргізілуі керек? Осы және өзге де сұрақтарды Іnbusiness.kz тілшісі Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры, заңгер Марат Бәшімовтен сұрап көрді.

Марат Бәшімовтың айтуынша, шын мәнінде, Президенттің Конституцияға өзгерістерді енгізу жөніндегі бастамасы өте өзекті. Себебі оны қоғам күтіп отыр.

"Қазіргі Конституцияның кейбір нормалары, қағидаттары емес, дәл нормалары адам құқығы доктринасы мен теңдік және әділдік принциптеріне сай келе ме? Жоқ, әрине! Конституцияның кейбір нормаларының бұрмаланғаны және азаматтардың конституциялық құқығын қорғаудың орнына авторитаризмді, көсемдікті, көлеңкелі экономиканы күшейтетін, демократиядан тыс нормалардың еніп кеткені бүгінгі таңда бәріне түсінікті болды деп ойлаймын. Міне, сондықтан қазіргі президент өзі жариялаған "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес, "әділетті қоғам әрі тиімді мемлекет" құру үшін Конституцияның негізгі әрі түсінікті қағидаттарын енгізіп жатыр", – деп бастады сөзін заңгер.

Сарапшының айтуынша, кейінгі екі жылда коронавирус індеті халықтың таным-түсінігіне қатты әсер еткен. Айтуынша, пандемия басталғалы бері халық жемқорлық пен әділетсіздіктің кез келген фактісін өткір қабылдайтын болған.

"Алайда осынау демократиялық күн тәртібі көпке, оның ішінде кедей күйге түскен халықтың ортасында пайдаға кенелгісі келе берген олигархатқа ұнамай қалды. Қаңтар оқиғалары Конституцияға түпкілікті өзгерістер енгізілмей, келешектің өзі бұлыңғыр болатынын айқындап берді. Ең жоғары мінберден сол үшін "бар мәселе жайлы ашық айтып, оң шешім іздеуіміз керектігі" айтылды", – дейді ол.

Марат Бәшімов ұсынылған конституциялық өзгерістер көп өтпей іс жүзінде айқын көрініс беріп, саяси-құқықтық кеңістікті өзгертетінін, қолдан жасалған кедергілерді жоятынын атап өтті. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Ержан Жиенбаевтың төрағалығымен (министр Қанат Мусин оның орынбасары) құрылған жұмыс тобы аз уақыттың ішінде біршама іс тындырған.

"Құқықтық нормаларды оқып отырып, екіжақты мән-мағына білдірмейтіндей, халыққа түсінікті тілмен жазылғанын байқадым. Сол себепті әр отырыс "ми қозғалтатын" режимде, ғылыми-практикалық бағытта, контитуциялық өзгерістердің негізгі ережелерін жіті талқылау сипатында өтті. Бүкіл мәселе талқыланып, конституциялық-құқықтық норма формасына ие бола бастады. Бұл ретте жұмыс тобы едәуір кәсіби мамандардан құралғанын объективті түрде атап өту керек. Сонымен бірге жұмыс тобы "жолдау аясында" жұмыс атқарғанын атап өту керек", – дейді ол.

Заңгер ең бірінші кезекте Конституцияда кәдімгі адам құқығы доктринасы барын айтады.

"Конституциялық сот секілді құқық қорғайтын жаңа институттар тезірек жұмысын бастауы керек. Оған Адам құқығы жөніндегі уәкіл және Бас прокуратура да жүгіне алуы тиіс. Саяси партияларға қатысы жоқ азаматтарға таңдау құқығы берілуі керек. Бұрынғы жүйеден кетіп, Парламентте саяси бәсеке қызып, партиялар саны көбеюі тиіс. Ал Мәжіліске Жоғарғы аудиторлық палата секілді қаржы органдары, Жоғарғы сот кеңесі секілді құзырлы органдар есеп беруі керек. Осының бәрі айналып келгенде шынайы президенттік-парламенттік басқару формасына біртіндеп көшу дегенді, яғни тиімділігін жоғалтқан "суперпрезиденттік" жүйеден кететінімізді білдіреді. Ол жүйе азаматтық қоғамды біріктіре алмайды", – деп түсіндірді заңгер.

Заңгердің сөзіне қарағанда Президенттің саяси бейтараптығы, партияның мемлекет ісіне араласпауы да ірі кезеңнің басталғанын білдіргенін айтады. Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев "партиялық құрылымдарды мемлекеттік аппаратпен қатар өсірудің қажеті жоқтығын, саясаттағы монополия әртүрлі әлеуметтік сырқаттарға апарып соғатынын, яғни келешектегі көшбасшыларға саяси институттарды өзіне бағындырып алуына жол бермеу керектігін" мәлімдеген.

"Елбасы туралы нормаларды конституциялық сипаттан тыс деп танып, неге алып тастамайды деп көпшілік жиі сұрақ қояды. Заңгерлердің жауабы мынадай: Конституцияның жоғарыда аталған принциптері, теңдік пен әділеттілік ешбір адамның құқығына басымдық бермейді. Барлығы тең. Біздің бәріміз осы елдің азаматтарымыз және тең конституциялық құқықтарға иеміз. Сондықтан жұмыс тобы 46-баптың 4-бөлігін алып тастады, ал 91-бапта "Елбасы" және мәртебе ұғымдарын жоққа шығаратын өзгерістер болды. Барлық экс-президенттер үшін кепілдіктер кез-келген демократиялық, өркениетті елдегідей бірдей болуы және ешқандай иммунитет бермеуі керек. Ал кейбір саясаттанушылар ойлап тапқан – Елбасы түсінігі біздің негізгі заңымыздың рухына да, қағидаларына да сәйкес келмейді. Нәтижесінде, жұмыс тобы мұны жоққа шығарды. Сондықтан шынымды айтсам, қоғам бұл өзгерістерді де күтіп отыр", – деп түйді сарапшы.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу