Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері кездесіп жатыр – Аида Балаева

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері кездесіп жатыр – Аида Балаева Фото: Үкімет

Оның сөзінше, Жаңа Конституция жобасын талқылау барысында арандатушылар негізсіз ақпарат таратумен айналысуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды. Өкінішке қарай, кейбір әлеуметтік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда.

Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда). 

Сондай-ақ, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде, – деді Аида Балаева.

Осы орайда, Премьер-министрдің орынбасары көпшілікті тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды. 

– Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз.

Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, – деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу