22-23 сәуір аралығында түнгі сағат 3 шамасында "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-да дүмпу орын алып, конвертерлік цехтағы бірінші конвертердің төбесі опырылып түсті.
Бейресми дерек бойынша, 1- конвертерге салқындату жүйесінен су кеткен.
Мән-жайды анықтау үшін біз "Арселор Миттал Теміртау" АҚ бас директорының кеңесшісі Алексей Агуреевке хабарластық. Ол ақпаратты растады.
"Опырылып түскен төбені жөндеу жұмысы қашан басталатыны белгісіз.Бұл сұраққа арнайы құрылған комиссия мүшелері ғана жауап бере алады.Оқыс оқиғаға конвертерге салқындату жүйесінен жүздеген литр судың кетуі себеп болған", – деп мәлімдеді Алексей Агуреев.
Дүмпудің салдарынан 42 метр биіктіктегі 50 шаршы метрді құрайтын төбе опырылып түскен.Төтенше жағдайдан зардап шеккендер жоқ.
Айта кетерлігі "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының басшылығы апат жайында Қарағанды облысының өндірістік қауіпсіздік департаментіне сондай-ақ Теміртау қаласындағы төтенше жағдайлар басқармасына хабар бермеген.
Департамент мамандары төтенше жағдай орын алған жерге 12 сағаттан соң келген. Департамент басшылығы бұған қатысты алдағы уақытта мәлімдеме жасамақшы.
Арайлым Еркебаева