Кооператив құрылса, жабайы сауда жойылады

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
3149

Өткен жылы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кооперативтері 800 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды.

Кооператив құрылса, жабайы сауда жойылады

Елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Мұның аясында ішкі нарықты отандық өніммен толықтырып, қайта өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесін арттыру көзделген. Бұдан былай мал шаруашылығындағы жем-шөп базасын нығайту мақсатында егіс алқабын әртараптандыру жұмысына басымдық берілмек. Бұл туралы Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген вице-премьер, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов айтты.

Ауыл шаруашылығы шикізатқа емес, өңдеу ісіне негізделуі тиіс. Сонда ғана агросала экономиканың күретамырына айналады. Ол үшін шағын қожалықтар бірігуі қажет. Мұны "кооператив құру" дейді. Қазір бұған Үкімет тарапынан зор қолдау көрсетіліп, қыруар қаржы бағытталуда.  Кооперативтерді демеу үшін мемлекет қазынасынан 50 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса біріккен қожалықтар қажетті техниканы 50% жеңілдікпен ала алады. Мұнымен қоса жем-шөпке субсидия беру де қарастырылған. Сондықтан бүгінгі күнде шаруалар қанша жүйрік болса да, жалғыз шауып бәйге алмайды. Қайта бірігіп, ортақ мүддемен қарекет қылса нәтижелі болмақ.

Сарапшылардың дерегінше, 5 жылдың ішінде республика бойынша 500 мың ұсақ шаруашылық кооперативтерге бірігеді. Бұл бағытта Ақмола облысында сүт, ет өнімдерінің жүктемесін арттыратын 58 кооператив құру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда соның тек 14-і ғана  жүзеге асқан. Бұл көрсеткіш аздық ететіндігін айтқан вице-премьер ауыл-аймақтағы шаруаларға түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігіне тоқталды.

"Ауыл тұрғындары кооперацияның тиімді тұстарын түсінбей жатқан сыңайлы. Бұл ретте село әкімдері насихат жұмыстарын дұрыс жүргізбей отыр. Бірігудің арқасында ғана шаруа қожалықтары өз өнімін ірі сауда орындарына, тіпті шетел нарығына шығара алады. Қарапайым шаруаның жағдайын түзейтін жобаның аграрлы аймақта бірден қолдау таппағаны қынжылтады", – деді министр Асқар Мырзахметов.

Айта кетейік, кооперативтерге тапсырылған 1 литр сүт үшін мемлекет тарапынан 10 теңге субсидия берілмек. Әрбір мүйізді ірі қара үшін 20 мың, ұсақ малдарға 1500 теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Міне кооперативтің осындай игілігін ауылдағы ағайынға жеткізіп, түсіндіру үшін селолық округтің әкімдері дайындық курсынан өтеді.

Өңірде 77 мың жеке қосалқы шаруашылығы бар адамдар тіркелген. Облыстағы ет өндірісінің 60 % және сүт өндірісінің 80 % солардың үлесінде. Алайда сүт өнімі өңдеуші кәсіпорындарға жетпейді

"Бұл оларды бір жерге шоғырландырып, орталықтандырмаудан туындап  отыр. Егер елді-мекендерде кооперациялар құрылса, жергілікті халық өзінің өнімін сонда өткізіп, тұрақты жалақысын алып тұрады. Арнайы есепшоты болады. Бұл өте тиімді. Әрі сапалы шикізат көзі. Басты мақсат – халықтың жауапкершілігін арттыру. Саннан сапаға көшіру",– деді ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Кооперацияға енген адам өз өнімін өткізіп қана қоймай, қажетті тұқым қорымен, жемазықпен, жайылыммен қамтылады. Жаңа технологияларды игереді. Ауыл тұрғыны мен кооперация арасында келісімшарт жасалады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Мұрат Балпанның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 16 мың жеке қосалқы шаруашылығы бар 185 өндірістік кооператив жұмыс істеген.

"Олар көбінесе асыл тұқымды мал өсіруге бағытталды. Аталған шаруашылықтар мемлекеттен 800 млн теңгенің субсидиясын алды. 2016 жылы пилоттық режимде сүт қабылдайтын 3 стационарлық пункт құрылды. Оның біреуі Аршалы ауданындағы "Натурпродукт Капитал" ЖШС, екеуі Астрахан ауданындағы "Максимовка сүт зауыты" ЖШС. Қазір ауыл шаруашылығы басқармасы сүт өндіру бағытында кооперативтер құруды жоспарлап отыр. Олар Атбасар, Зеренді, Бурабай, Ерейментау және Еңбекшілдер аудандарында болады", – дейді Мұрат Балпан.

Кооперативке мүше болу, болмау ауыл адамдарының өз еркі. Бұл тиімді шарадан әзірге бас тартып жатқандар жоқ. Егер кооперативтер өз жұмысын жүйелендірсе, базарлардағы жабайы сауда нүктелері өзінен өзі жойылады.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру мақсатында салықтық жеңілдіктер қолдану, жеңілдетілген  несие мен ұзақмерзімді несиені пайдалану, көмекқаржы беру, шығындарды өтеу, лизингке техника алу, мүлікті кепілге салу үдерісін жеңілдету тәрізді процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі.

"Мысал ретінде осыдан үш-төрт жыл бұрын Есіл ауданындағы Красивое селосында құрылған екі кооперативті алуға болады. Онда елуден астам отбасы біріккен. Осы мақсатта аталған елді мекенге алғашында Сандықтау ауданындағы Балкашин асыл тұқымды зауытынан қазақтың ақбас сиырының 5 бас бұқасы әкелінді. Кейін тағы бірнешеуі жеткізілді. Елбасы жолдауы аясында қолға алынған мұндағы жобаның мақсаты – ауылдық жерлердегі мал тұқымын асылдандыру және ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіре отырып, мемлекет тарапынан бөлінетін жеңілдіктерге қол жеткізу болып табылады. Бүгінгі таңда аталған елді мекендегі кооператив мемлекет тарапынан қолдауға қол жеткізіп, пайдаға кенеліп отыр", – дейді Мұрат Балпан.

Жалпы 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыста  құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтері 800 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдауға ие болды. Биыл өңірде 38 сүт қабылдау бекеттері іске қосылады. Онда ауыл тұрғындары сүттерін өткізіп қана қоймай, мал шаруашылығын дамытуға 6 % жеңілдетілген несие де ала алады. Осы мақсатта бюджеттен 2,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Ірі өндірістік кооперативтерге біріктіріп арнаулы кәсіптерін тұрақты табыс көзіне айналдыру арқылы жұмыссыздық мәселесі шешіледі. Соның арқасында ауыл шаруашылығында өнім көлемін ұлғайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады деп күтілуде. 

Әсем Ұланқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу