Көп бала туғысы келетін аналарға қатысты "қызықты" жайт анықталды

138

Қазақстан соңғы жылдары демографиялық құлдыраудың салқынын сезіне бастады.  

Көп бала туғысы келетін аналарға қатысты "қызықты" жайт анықталды Фото: gov.kz

Ресми дерек пен құрғақ санның астарында әлеуметтік саясаттың салмағы, төмен тұрмыстың шындығы және наразылығын осылай білдірген қоғамның тұнжыраңқы көңіл-күйі жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Көпбалалы отбасы – ұлттың ұйытқысы ма, әлде кедейлікке апарып тірейтін тығырық соқпағы ма деген сұрақ сарапшылардың күн тәртібіне шықты. Халық үшін бұл қоғамның бағыт-бағдарын айқындайтын күрделі таңдау.

Қазақстанда 2021 жылдан бері демографиялық дағдарыс ушығып келеді. Осының куәландырған Ұлттық статистика бюросының құрғақ сандарының өзі көңілге қаяу түсіреді, қауіп ұялатады.  Оның мәліметінше, елде туылған сәбилер саны 2021 жылғы 445 875 бөбектен 2022 жылы – 403 893-ке, 2023 жылы – 388 428-ге, 2024 жылы – 365 923-ке, 2025 жылы – 335 005 перзентке дейін азайды.

Қазақстан туу коэффициенті бойынша Орталық Азияда соңғы орынға сырғыған. Демография – кешірімсіз ғылым: бүгінгі төмендеу ертеңгі еңбек ресурсы мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.

Тұңғышы – тегіне, екіншісі – ебіне қарай...

Бұрынғының аналары "бір бала – мақтаныш, екі бала – қуаныш, үшіншісі – сүйеніш" деуші еді. Бүгінгі аналар бір баламен-ақ "мақтанышқа" тоқмейілсуге мәжбүр. Тұңғышын құшағына алған әйелдер саны бес жылда 120 мыңнан 80 мыңға азайыпты.

Бір балалы моделдің қалыптасуы – еріккендіктен емес, көбіне мәжбүрлі әлеуметтік стратегияның көрінісі. Өйткені жас отбасылардың көбіне қазіргі қымбат ипотекамен негізінен бір бөлмелі пәтер ғана қолжетімді. Ал, онда бір баладан көп өсіру қиын.

Статистердің дерегінше, Қазақстанда аналардың басым көпшілігі тек 1 бала туады. Олардың сапы да күн сайын азайып барады. Егер 2021 жылы 119 722 ана тұңғышын дүниеге әкелсе, кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш тиісінше, 100 083, 89 200, 84 213 және 79 860 тұңғышты ғана құрады. Қазіргінің қыз-келіншектері перзент сүюге асықпайды.

Екінші баласы бар аналардың саны да келесі динамикада құлдырап келеді:

  • 2021 жылы – 102 433 
  • 2022 жылы – 94 420 
  • 2023 жылы – 90 706 
  • 2024 жылы – 84 144
  • 2025 жылы – небары 75 779 ана.

Үш балалы отбасылар демографиялық тұрақтылықтың алтын өзегі саналады. Демографтар "мемлекет пен ұлтты сақтау үшін кемі үш бала керек" деп дабыл қаққанымен, қазіргі Қазақстанның жас отбасылары үшін бұл – қолжетпес "люкс" санаттағы арманға айналғандай. Үш балалы аналар саны 2021 жылғы 93 440-тан 68 987-ге дейін кеміп кетті.

Енді көп балалы аналарға тоқталсақ.

Ұлттық статбюро мәліметі бойынша Қазақстанда 2021–2025 жылдар аралығында:

  • 4 баласы бар аналар саны: 74 101, 65 385, 63 411, 60 155, 53 548;
  • 5 баласы бар аналар саны: 34 039, 34 557, 36 378, 35 661, 32 024;
  • 6 баласы бар аналар саны: 12 065, 12 677, 13 864, 15 121, 14 076;
  • 7 баласы бар аналар саны: 3 599, 3 788, 4 294, 4 880, 4835;
  • 8 баласы бар аналар саны: 913, 1 001, 1 091, 1 297, 1 418;
  • 9 баласы бар аналар саны: 228, 251, 290, 366, 352;
  • 10 және одан көп баласы бар аналар саны: 95, 116, 110, 129, 128 ананы құрады.

Төртінші баласын дүниеге әкелген аналардың 2021 жылғы 74 мыңнан 2025 жылы 53 мыңға кемуі алаңдатарлық жайт. Көп балалы отбасылардың сиреуі – ұлттың табиғи өсім әлеуеті сарқылып, қоғамның әлеуметтік тұрғыда тежелуінің күшейгенін аңғартқандай.

Әрине, 6–7 және одан көп бала тапқан "алтын құрсақ" батыр аналардың бірер жүз адамға көбейгені көңілге медет. Бірақ бұл жалпы жағдайды жақсарта алмайтын "жалқы қуаныш" қана: аз топтың өсімі жалпы демографиялық теңгерімді сақтауға жеткіліксіз.

Өйткені басым көпшілікті, негізгі массаны құрайтын, шешуші күш болып табылатын 1-ден 5-ке дейін бала тәрбиелеп өсірген көптеген ананың келесі баласын өмірге әкелуден бас тартуы – басты үрдіс. Бұл жерде тағы да таңдау еркіндігінен гөрі тұрмыстық шектеулердің ықпалы басым.

Әлеуметтік саясат: қолдау ма, әлде көзбояушылық па?

Energyprom сарапшыларының пікірінше, қазіргі Қазақстанда көпбалалылық – кедейлікке апарар жол. Мемлекеттік қолдау әлсіреген сайын, әлеуметтік тәуекел күшейе түскен. Атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) қысқаруы – соның көмескі бір көрінісі.

Үкімет АӘК көлемін жыл сайын күрт азайтып келеді. Енді көп балаңыздың болуы баяғыдай, мемлекеттен қуатты қолдау көрсетілетінін кепілдендірмейді. Себебі белгілі – бюджетті тапшылық тоқыратып тұр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің дерегінше, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 59,8 мың отбасындағы 317 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды.

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 40 мың отбасындағы 214,3 мың адамға АӘК тағайындалды. Былтыр бұл мақсаттарға бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылған.

Ал, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша АӘК 31,1 мың отбасындағы небары 167,4 мың адамға ғана тағайындалды. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен бар-жоғы 62,7 млрд теңге бөлініпті.

Осылайша, бұрынғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қоңды жылдарды қоспағанның өзінде, кейінгі 3 жылда ғана АӘК түріндегі қолдау: адам саны бойынша 1,8 есеге қысқартылған. Қаржылай көлемде 3,4 есеге құлдырады.  

Ауыл мен қала: Қазақстандағы кедейлік географиясы

Кедейлік – ауылды жайлап, қаланы жайпап өтетін "індетке" айналып бара жатқандай. Ауылда жоқшылық тартқан жұрттың үлесі қарқынды артып, қала мен дала арасындағы алшақтық созылмалы дертке ұласты.

"2025 жылдың төртінші тоқсанының ресми қорытындысы шықты. Оған сәйкес, Қазақстан халқының 4,8%-ының немесе 172,7 мың отбасындағы миллионға жуық (988,2 мың) адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де (айына жан басына шаққанда бар-жоғы 58,8 мың теңгеден) төмен болды. Бір жыл ішінде мұндай азаматтардың саны 2%-ға артып шыға келді", – деп хабарлады "Энерджипром" Ұлттық статбюроға сілтеме жасап.

Әсіресе, ауылдық жерлердегі жағдай нашарлай түсуде, ал, қала мен ауыл арасындағы тұрмыс деңгейінің алшақтығы тұрақты түрде ұлғайып бара жатыр. Қалаларда кедейлік деңгейі 3,6% деңгейінде өзгеріссіз қалса, ауылдық жерлерде бір жыл ішінде өсім тіркелді: ауылдық тақыр кедейлердің үлесі 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы 6,8%-дан 2025 жылдың дәл сондай кезеңінде 7%-ға дейін артты.

"Ауыл халқы төмен табыс тұйығына қала тұрғындарына қарағанда шамамен екі есе жиі тап болады: бұл табысқа және экономикалық мүмкіндіктерге қол жеткізуде созылмалы теңсіздіктің сақталып отырғанын көрсетеді. Өңірлерде жағдай әркелкі. 2025 жылы елдің 20 өңірінің жартысына жуығында (9-ында) кедейлік деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен де асып түсті. Өңірлер қарқынды түрде кедейленуде. Рейтингтің ең басты антилидері мәртебесінде Түркістан облысы қалды: мұнда табысы төмен халықтың үлесі алапат 8,4%-ға жетті", – дейді "Енерджипром".

Одан кейін күтпеген жерден мұнайлы Маңғыстау облысы тұр: 7,9%. Қара алтын мен көгілдір отынға бай өңір бұрын тіпті бюджеттің доноры болды. Яғни, тапқан табысының көбі республикалық бюджетке алып қойылатын.

Алайда 2022 жылдан кейін Үкімет тып-тыныш қана Маңғыстауға еркіндік берді және енді барлық тапқан-таянғанын облыс өзінде қалдырады. Әйтсе де, бұдан жағдайы жақсарғаны байқалмайды. Бұл – елдегі байлық бөлінісіндегі әділетсіздіктің айғағына ұқсайды.

Агенттік мамандары бұл екі өңірде шамамен әрбір 12-ші тұрғын тіпті күнкөріс минимумына да жете алмайтынына, өте мүскін күйде екеніне назар аудартты.

Ең проблемалы өңірлер қатарына жаңадан құрылған Абай (7,4%) және Жетісу (7%) облыстары да кірді. Ал, жақсырақ жағдай мегаполистер мен индустриялық орталықтарда байқалды: Астана көрсеткіші 2,6%-ды, Қарағанды және Атырау облыстарында – 3,1%-ды құрады.

Халық азық-түлік қоржынының түбін қағуда

Ең қорқыныштысы әрі ерекше алаңдататыны – онсыз да азғантай ғана "азық-түлік себетінің" құнынан төмен табыс табатын халық үлесінің күрт артуы. Табысы тамаққа әрең жететін халықтың үлесі 2025 жылдың төртінші тоқсанында 0,3%-ға дейін күрт өсіп, өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 3 есеге артты!

Айта кетерлігі, бұл өсім, ең алдымен, қалаларда тіркелді, кедей халықтың үлесі 0,1%-дан 0,3%-ға дейін көбейді. Ауылдық жерлерде мұндай халықтың үлесі өзгеріссіз қалып, 0,2%-ды құрады.

Өңірлер арасында кедейлік деңгейі де әркелкі. Өткен жылдың IV тоқсанында ең күрделі жағдай Ұлытау облысында тіркелді: көрсеткіші 3%-ға жетіп, республикалық орташа деңгейден 10 есе жоғары болды!

Жоғары көрсеткіштер сондай-ақ Қарағанды (1,3%) және Ақмола (1%) облыстарында байқалды.

"Халықтың ең әлсіз тобы болып, көпбалалы отбасылар қалуда. Кедейлік шегінен де төмен түсу қаупі отбасындағы адам санына тікелей байланысты. 5 және одан да көп адамнан тұратын отбасылар арасында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 9,1%-ды құрады. Бұл 4 адамнан тұратын отбасыларға (2,6%) қарағанда 3,5 есе көп, ал, 3 адамнан құралған отбасылармен (0,9%) салыстырғанда 10 есе көп! Төтенше мұқтаждық (крайняя нищета) та үлкен отбасылар арасында көбірек таралған: олардың арасында табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен халықтың үлесі 0,4%-ды құраса, шағын отбасыларда бұл көрсеткіш нөлге жуық", – дейді Energyprom сарапшылары.

Осылайша, көпбалалы отбасылар ең жоғары қауіп аймағына тап болды: олардың төмен табысқа байланысты осалдығы бір адамнан тұратын отбасымен салыстырғанда шамамен 75 есе (!) жоғары.

Дәл осындай тенденция жоқшылық көрсеткіші бойынша да байқалады: отбасы мүшелерінің саны артқан сайын, олардың азық-түлік себетінің құнынан төмен табыспен күн көруге мәжбүр болу ықтималдығы өседі.

Бұл – көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған қазіргі шаралардың өз міндетін толық атқара алмай отырғанының тікелей көрсеткіші, деген қорытындыға келді Energyprom.

Бала саны көбейсе, бақ пен құт емес, мұқтаждық еселенетін қоғамда демографиялық өсім туралы айту – бос әуреге айналуы мүмкін.

Егер мемлекет үлкен отбасыны "үлкен тәуекелден" "үлкен мүмкіндікке" айналдыра алмаса, онда демографиялық құлдырау жалғаса береді. Бүгінгі ең көкейтесті сұрақ "көпбалалы болу керек пе?" емес, "көпбалалы болуға жағдай бар ма?" деген сауал. Ал оған берілетін жауап елдің ертеңін айқындайды. Демография – тағдыр емес, саясатпен қалыптасатын шындық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу